Андрей Ким

Мамандығы: компьютерлік ғылымдар. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.

Андрей Ким — Yessenov Data Lab деректер талдаушыларына арналған ең алғашқы жазғы интенсивті бағдарламасының түлегі — бүгінгі таңда Data Science саласының жетекші мамандарының бірі. Оның қоржынында Shakhmardan Yessenov Foundation ұйымдастырған бұл мектептегі 8 апталық оқу ғана емес, сонымен қатар ірі технологиялық компанияларда жұмыс істеген тәжірибесі де бар. YDL-де алған білім оның мансабы мен кәсіби дамуына қалай әсер етті?

Мен компьютерлік ғылымдар саласына қалай келдім
Қызығушылығым мектеп кезінен басталды: дәл сол уақытта бағдарламалаумен алғаш рет танысып, оның түрлі мәселелерді шешудегі қаншалықты қуатты құрал екенін түсіндім. Уақыт өте келе деректермен жұмыс істеу және олардың ішінен заңдылықтарды табу ерекше қызықты бола бастады. Бұл мені Suleyman Demirel University-ға жетеледі, онда аналитикалық және техникалық пәндерді тереңірек меңгердім. Осы бағытты саналы түрде таңдадым, өйткені ол логиканы, креативтілікті және практикалық құндылықты ұштастырады.

YDL немен есте қалды
Мен үшін Yessenov Data Lab бағдарламасындағы ең жарқын сәт сол жерде танысқан адамдар болды. Қазір олардың барлығы дерлік әлемдік деңгейдегі ғалымдар, өз саласының мойындалған сарапшылары немесе табысты кәсіпкерлер. Сондай-ақ нақты кейс бойынша командамен жұмыс істеу ерекше есте қалды: қысқа уақыт ішінде тапсырмаға терең бойлап, мәселенің шешімін ұсыну қажет болды. Мұның бәрі жоғары бәсекелестікпен қатар жүрді, бірақ сонымен бірге қатысушылар мен ұйымдастырушылар тарапынан ашықтық пен қолдау да сезілді. Әсіресе Shakhmardan Yessenov Foundation қорының рөлі ерекше болды. Әртүрлі командалардың шешімге әрқалай келетінін бақылау қызықты еді, әрқайсысының өз тәсілі бар. Сонымен қатар сарапшылардан алынған кері байланыс та өте құнды болды: ол өз әдістеріме жаңаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді.

YDL байқауындағы жеңіс және лайфхактар
Менің ойымша, бұл байқауда ең алдымен тесттерден жоғары ұпай жинағанымның арқасында жеңіске жеттім, бірақ, бәлкім, сәттілік те болған шығар. Болашақ қатысушыларға айтар кеңесім: тесттер мен сұхбаттар кезінде тек дұрыс шешім табуға ғана емес, сол шешімге қалай келгеніңізді түсіндіруге де мән беріңіздер. Бұл да өте маңызды. Сонымен қатар команда мүшелерін тыңдай білу және жаңа мәліметтерге тез бейімделу де аса қажет дағды. Осындай кеңесті мен Yessenov Data Lab бағдарламасының болашақ қатысушыларына берер едім.

Жазғы мектептен не алдым
Бұл бағдарлама маған нақты бизнес-мәселелермен жұмыс істеудің құнды тәжірибесін және аналитиканың тәжірибеде қалай қолданылатынын түсінуді берді. Ақпаратты жылдам құрылымдауды және негізгі метрикаларды бөліп көрсетуді үйрендім. Ең есте қалғаны қысқа уақыт ішінде талдаудан бастап дайын шешімге дейінгі жолды жүріп өтуді талап ететін қарқынды форматтағы жұмыс болды. Арада жылдар өтсе де – мен Yessenov Data Lab бағдарламасын 8 жыл бұрын аяқтадым – дәл осы тәжірибе қазіргі белгісіздік жағдайында да тиімді жұмыс істеуіме көмектесіп келеді.

Мансабым қалай қалыптасты
YDL-ге қатысқанға дейін университетте оқып, деректерді талдау мен бағдарламалау саласындағы дағдыларымды біртіндеп дамытып жүрдім. Деректер талдаушыларына арналған жазғы мектеп маған жүйелі ойлау қабілетін, деректермен және машиналық оқыту модельдерімен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастырды. Мұның барлығы Yessenov Data Lab бағдарламасын аяқтағаннан кейін бірден өз жемісін бере бастады. Менің мансабым Chocofamily Holding компаниясында басталды. Онда пайдаланушылардың деректерін талдап, өнімдік метрикаларды жақсартуға атсалыстым.

Кейін Beeline Kazakhstan компаниясында жұмыс істедім – бұл жерде аналитикалық модельдер әзірлеп, бизнес-процестерді оңтайландыруға қатыстым. Одан кейін Ryadom компаниясына ауыстым. Бұл – азық-түлікті ультра жедел жеткізумен айналысатын сервис, мұнда деректерді талдау және логистиканы оңтайландырумен айналыстым. Кейін Yandex компаниясында өнімдік аналитик қызметін атқардым: пайдаланушылардың мінез-құлқын талдау, A/B-тесттер жүргізу және деректерге негізделген өнімдік шешімдер қабылдау менің негізгі міндеттерім болды. Қазіргі уақытта inDrive.Азық-түлік бөлімінде аналитика командасын басқарамын.

Талдаумен айналыспағанда немен шұғылданамын😊
Бос уақытымда белсенді және тыныш демалысты алмастырып отырамын. Мысалы, үстел теннисін ойнағанды ұнатамын – бұл жұмыстан кейін ойды сергітіп, қайта күш жинауға көмектеседі. Сондай-ақ кәсіби деңгейімді сақтау үшін аналитика мен жасанды интеллект туралы кейстерді талдап, мақалалар оқимын. Ал таза демалысқа келсек, жаңа жерлерді, қалаларды ашқанды жақсы көремін, әсіресе дәмді тағамдарымен ерекшеленетін жерлерді. Сонымен қатар аниме көргенді де ұнатамын.

Алдағы жоспарлар
Алдағы бір-екі жыл ішінде маркетингтік аналитикаға тереңірек үңіліп, жасанды интеллектті енгізу саласындағы сараптамамды дамытуды жоспарлап отырмын.

24.05.26, Жетістік тарихы

Көру саны: 1