Аманжол Құрмашев

Маманыдығы: химиялық/биомедициналық инженерия. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.

2020 жылы Аманжол Оңтүстік Кореядағы Ульсан ұлттық ғылым және технология институтында магистратурада білім алып жатқан болатын. Сол кезде ол өтінім беріп, бірнеше кезеңнен тұратын байқаудан өтіп, Yessenov Data Lab жазғы мектебінің грантын жеңіп алды. 2021 жылы жас зерттеуші ETH-ге қосылды. Деректерді талдау дағдыларын үйрететін бұл төрт апталық интенсивтен кейін 28 жастағы қазақстандықтың өмірінде не өзгерді?

Талғардың тумасы боласыз. Балалық шағыңыздың ең жарқын естеліктер қандай?
Отбасымызда төрт бала: екі үлкен әпкем және егіз әпкем бар. Айтпақшы, егіз әпкем де Yessenov Foundation-ның бір бағдарламасы бойынша грант жеңіп алған болатын (Айдана Құрмашева, АҚШ-тағы IT-тағылымдама). Балалық шағымыз белсенді әрі мазмұнды өтті: оқуымызбен қатар, әпкем екеуміз домбыра тартуды үйреніп, ұлттық билермен айналыстық. Жиі ұстаздарымыз бен топ мүшелерімен бірге республикалық және халықаралық байқауларға қатысатынбыз.

Неліктен инженерияны таңдадыңыз?
Маған әрқашан биология мен инженерияның үйлесімі ұнайтын. Өз еңбегімнің нәтижесін көру мүмкіндігі мені шабыттандыратын — мысалы, ауруларды диагностикалау мен дәрілерді скринингтеуге арналған өзім жасаған құрылғылар. Мұндай құрылғылар адамдардың өмір сапасын айтарлықтай жақсарта алады.

Аманжол, сізге Yessenov Data Lab (YDL) бағдарламасындағы оқу не үшін қажет болды?
Ол кезде магистрлік диссертациям үшін деректерді талдау жұмысымен айналысып жүрдім. Болашақта биомедициналық салада ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастыратынымды түсіндім. Сол себепті де маған деректерді талдауды автоматтандыру, Python тілінде бағдарламалау және статистикамен жұмыс істеу дағдылары өте қажет болды.

Қалай жеңіске жеттіңіз деп ойлайсыз?
Бірнеше жыл өтіп кетті… Алайда ойлап қарасам, жеңіске жетудің басты кілті — мақсаттарымның айқындығы мен бұл дағдылардың маған не үшін қажет екенін нақты түсінуім болды деп есептеймін. Өз үмітіңізді нақты тұжырымдап, алған біліміңізді бірден қолдана алатын жобаның болуы өте маңызды. Осы арқылы сіз YDL бағдарламасының іріктеуінен өте аласыз. Сонымен қатар, өтінім бермес бұрын бағдарламаға толықтай көңіл бөле алатыныңызға көз жеткізу де өте маңызды.

Жазғы мектептегі оқу қалай өтті, не үйрендіңіз, қандай дағдыларды меңгердіңіз?
Оқу қарқынды түрде өтті және пандемияға байланысты онлайн форматта ұйымдастырылды. Дәрістер тыңдап, сарапшылардың жетекшілігімен тапсырмалар орындадық, жобалар бойынша топпен көп жұмыс жасадық. Мен үшін ең құндысы — Python тілінде деректерді алдын ала өңдеу мен тазалау дағдыларын меңгеру, сондай-ақ машиналық оқыту алгоритмдерін нәтижелерді талдау және түсіндіру үшін қолдану болды.

Қазір немен айналысып жүрсіз және алдағы жоспарларыңыз қандай?
2021 жылдың сәуірінде Швейцарияның Базель қаласына көшіп, Цюрихтегі ETH Zurich университетінде докторантурада оқи бастадым. YDL мектебінің арқасында бейімделу процесі тез әрі жеңіл өтті. Онда алған дағдыларымды қазіргі ғылыми жұмысымда белсенді түрде қолданып жүрмін. Антимикробтық резистенттілікті зерттеуге арналған жаңа модельдер әзірлеп жатырмын — адам органоидтары мен микрофлюидтік технологияларды қолдану арқылы. Жақын арада осы бағыттағы зерттеулерімді жалғастырып, бұл технологияларды клиникалық практикаға енгізу бойынша жұмыс жүргізуді жоспарлап отырмын.

Мамандығыңыздан бөлек, тағы неге қызығушылық танытасыз, Аманжол?
Саяхаттауды өте жақсы көремін, спортпен шұғылданамын және хайкингке әуеспін. Оңтүстік Кореяда оқып жүрген кезімде жұмыс пен жеке өмір арасындағы балансым жұмыстың пайдасына қатты ауысып кеткен еді. Сол себепті қазір сол кезеңді өтеуге тырысып жүрмін — көбірек демалып, бос уақытымды тиімді әрі көңілді өткізуге ұмтыламын.

20.05.25, Жетістік тарихы

Көру саны: 119