Алуа Ескендір

Мамандығы: денсаулық сақтау. Тағылымдама: Калифорния университеті, Лос-Анджелес, АҚШ.

28 жастағы ЮНИСЕФ қызметкері Алуа Көкшетаудың тумасы. Кәсіби тұрғыдан ол психикалық денсаулық тақырыбына қызығушылық танытады, ал бос уақытында сурет салады, кітап оқиды, жүзумен және пилатеспен айналысады. Бір кездері жас қыз қоғамның жекелеген мүшелерінің денсаулығын емес, жалпы адамдардың әл-ауқатын қарастыруға мүдделі екенін түсінді. 2022 жылдың басында ол ғылыми тағылымдамалар байқауында жеңіске жетіп, жазда бүгінгі таңда Қазақстандағы денсаулық сақтаудың маңызды мәселелерінің бірін зерттеу үшін Америка Құрама Штаттарына барды.

Қор грантына арналған байқау сіз үшін қалай өтті?
Ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы бірегей, ол біздің елімізде ғылымды дамытуда үлкен үлес қосып жатыр. Үміткерлерді іріктеу процесі таң қалдырды, өйткені мен бұрын қатысқан барлық жарыстардан айтарлықтай ерекше өтті. Әсіресе логика мен шығармашылыққа арналған тапсырмалар қызықты болды. Ең бастысы: байқауға қатысушылар – өте талантты жастар, олардан тіпті қысқа уақыт ішінде көп нәрсені үйрендім десем де болады.

Байқауда жіберілген қателіктеріңіз болды ма?
Менің ойымша, байқауларда «қате» деген ұғым жоқ. Тіпті «қатенің» өзі кейде дұрыс жауап болуы мүмкін. Менің кеңесім: қателіктер жіберуден және шынайы болудан қорықпаңыз. Біреу үшін қате – бұл сіз үшін тапсырманың шешімі.

Тағылымдаманы қайда өттіңіз?
Калифорния Лос-Анджелес университетінің (UCLA) Джонатан және Карин Филдинг атын. денсаулық сақтау мектебінде. Шақыртуды мектеп профессоры Дэниел Айзенбергтен алдым. Әлеуметтік ғылымдар профессоры Марк Капланмен де  тікелей жұмыс істедім. Айзенберг жасөспірімдер мен жастардың психикалық денсаулығын, ал Каплан суицид мәселесін зерттеумен айналысады. Тағылымдама басталғанға дейін алдын-ала жұмыс жоспарын жасап алдық. Соның арқасында жақсы дайындалып, қажетті деректерді жинап, мәселелерді зерттеп, ұшып келгеннен кейін бірден жұмысқа кірісе алдым. Екі профессор да ашық болды, маған үнемі көмектесіп, кеңес беріп отырды.

Нені зерттедіңіздер?
Қазақстандағы суицид мәселесін. ДДҰ-ның 2019 жылғы деректеріне сәйкес, Қазақстан өз-өзіне қол жұмсау деңгейі бойынша әлемде 17-орында, бұл көрсеткіш әсіресе ерлер арасында өте жоғары. Бізде алкогольді тұтыну бойынша өте жоғары көрсеткіш бар. Ол әлем бойынша орташа деңгейден жоғары. Суицид пен алкогольді тұтыну арасында байланыс бар, біз осы мәселені зерттедік.

Неліктен суицид?
Диссертациям біздің еліміздегі суицид мәселесіне арналды. Ал, тағылымдама маған зерттеуімді жалғастыруға мүмкіндік берді. Мәселенің ауырлығына қарамастан, ол бізде аз зерттелген және де халықаралық деңгейдегі сарапшылардан білім алу өте пайдалы.

Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз?
Бір жарым айдың ішінде (ЮНИСЕФ-тегі жұмысымдағы жобалардың белсенділігіне байланысты мен бүкіл тағылымдамаға 3 айлық демалыс ала алмадым) біз деректерді талдауды аяқтадық және қызықты нәтижелерге қол жеткіздік. Зерттеу нәтижесі беделді халықаралық Journal of Affective Disorders журналында жарияланды. Тағылымдамада АҚШ-тағы осы суицидтерді есепке алу жүйесімен таныстым. Профессор Айсенберг мені Америкада көптеген жылдар бойы жүргізіліп келе жатқан студенттердің психикалық денсаулығының ұлттық зерттеуі – Healthy Minds Study-мен таныстырды. Болашақта осы зерттеу деректерімен жұмыс істеуді жоспарлап отырмын, бұл менің кәсіби дағдыларымды дамытуға көмектеседі. Тағылымдама менің Әлеуметтік және мінез-құлық ғылымдары туралы білімімді кеңейтті, болашаққа мақсаттар мен жұмысымның фокусын анықтауға көмектесті. Тағылымдама барысында, сонымен қатар, басымдықтарды белгілеуді, уақытты жақсы жоспарлауды және психикалық денсаулығымды бірінші орынға қоюды үйрендім.

Бағдарламаның болашақ қатысушыларына қандай кеңес бере аласыз?
Жеңімпаздарға байқау нәтижелері жарияланғаннан кейін бірден профессорларға хат жіберуге кеңес берер еді. Өйткені, университетпен келісім-шарт жасау, виза алу процесі көп уақытты алады. Сондай-ақ хатта мүмкіндігінше нақты болу маңызды. Егер сіздің негізгі қызығушылығыңыз бен қалаған нәтижелеріңіз нақты белгіленбесе, қанша хат жібергеніңіз маңызды емес, өйткені профессорларға олардың зерттеулері мен қызығушылықтары сіздікімен қалай байланысты екенін анықтау қиын болады. Профессорға хат жазған кезде сізді оның жұмысында не қызықтырғанын көрсетуді ұмытпаңыз. Бұл шақырту алуға кепілдік бермейді, алайда профессорға сіздің оның жұмысынан хабардар екеніңізді және де оған пайдалы болатыныңызды білуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, алдын-ала жұмыс жоспарын құрып, үй тапсырмасын орындауды ұсынамын. Бұл тағылымдаманың тиімділігін арттырады және жұмысқа тезірек кірісуге мүмкіндік береді.

Лос-Анджелесте бос уақытыңызды қалай өткіздіңіз?
Психикалық денсаулықты зерттеумен айналысатын басқада студенттермен танысып, олармен тәжірибе алмаса алдым. Көптеген мұражайларды, аттракциондар мен саябақтарды араладым. Лос-Анджелестің қазіргі заманғы өнер мұражайы ерекше есімде қалды. Онда өнердің қазіргі заманғы проблемаларды қалай бейнелейтінін көріп қана қоймай, сонымен қатар миллиондаған адамдар күнделікті кездесетін шындыққа енуге болады.

 

16.01.23, Жетістік тарихы, Жаңалықтар

Көру саны: 167