Әлия Жадыранова

Мамандығы: физика. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.

Ғылыми қызметкер, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті зерттеушісі Әлия Жадыранова космология саласында еңбек етіп келеді. Бұл бағытта оған теориялық физикадағы терең академиялық дайындығы да, сондай-ақ Yessenov Data Lab (YDL) бағдарламасы аясында алған білімі де үлкен демеу болды. Семейден шыққан ғылым докторы бүгінде Астанада қызмет атқарады. Ол деректерді талдау бойынша жазғы мектепте оқыған тәжірибесімен бөлісіп, бұл бағдарламаның кәсіби көкжиегін кеңейтуге қалай ықпал еткенін әңгімелейді. Shakhmardan Yessenov Foundation (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов) Yessenov Data Lab жобасын 2018 жылдан бері жыл сайын өткізіп келеді. Жақын күндері бағдарламаға өтінім қабылдау кезеңі басталады. Бәлкім, бұл – сіздің де өмір жолыңызға жаңа бағыт беретін сәт шығар.

Неге физика?
Мектептегі ұстазым маған есептерді жаттанды тәсілмен емес, шарттары мен заңдылықтарын терең талдау арқылы шешу әдетін қалыптастырды. Алдымен қарапайым тапсырмаларға осы әдісті қолданып көрдім, кейін біртіндеп күрделірек есептерге деген қызығушылығым ояна бастады. Сол кезде физиканың бұл әлемнің қалай құрылғанын және қалай жұмыс істейтінін түсіндіретін ерекше тіл екенін ұқтым. Сондықтан да таңдауымды физикаға бұрдым. Дәл осы ғылым адам бойында логикалық ойлау жүйесін қалыптастырып, деректермен сауатты жұмыс істеуге үйретеді, әрі математиканы терең меңгеруге ынталандырады.

Неліктен YDL жазғы мектебіне өтінім бердім?
Деректерді талдау дағдыларымды шыңдап, оларды өз ғылыми зерттеулерімде тиімді қолдануды мақсат еттім. Атап айтқанда, деректерді дайындау үдерісін меңгеріп, модельдеу тәсілдерін игеруді, нәтижелердің сапасын бағалауды және оларды дұрыс интерпретациялауды үйренгім келді. Бағдарламадан кейін осы тәжірибелердің барлығын өзім жетекшілік ететін ғылыми топтың жұмысына енгізіп, команда мүшелерін деректермен жүйелі әрі сауатты жұмыс істеуге үйретуді жоспарладым. Өтінім беруіме түрткі болған тағы бір маңызды себеп мықты менторлармен қарқынды форматта жұмыс істеп, командалық еңбектің құнды тәжірибесін жинақтау еді.

Yessenov Foundation жазғы мектебіне арналған байқау
Yessenov Data Lab грантына үміткерлер арасында бәсекелестік өте жоғары болды. Қор сарапшыларының іріктеу барысында тек біліміміз бен мотивациямызға ғана емес, оқу және жұмыс үдерісін қаншалықты жүйелі ұйымдастыра алатынымызға да мән беруі мен үшін тосын әрі маңызды тәжірибе болды. Конкурс онлайн форматта өткендіктен, жұмыс кеңістігін алдын ала дайындап, техникалық құралдардың мінсіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету қажет еді. Сондықтан уақытымды қатаң жоспарлап, әр кезеңге мұқият әзірлендім. Математика мен логика бойынша тестте күрделі сұрақтарды өткізіп алмау, оларға соңында қайта оралу тактикасын сақтау маңызды болды. Жалпы талаптар өте қатаң еді: тест тек белгіленген уақыт аралығында ғана қолжетімді, сілтеме жеке-дара берілді, екі құрылғыдан кіруге рұқсат етілмеді, ал интернет үзіліп қалған жағдайда да уақыт санағы тоқтатылмайтын. Үшінші, финалдық кезеңде шешуші фактор – ойлау барысын және шешім қабылдау логикасын жылдам әрі түсінікті жеткізе білу, сондай-ақ командамен тиімді жұмыс істеу қабілеті болды. Нәтижесінде бұл конкурс мен үшін құрылымдық ойлауды, тайм-менеджментті және қатаң талаптарға сай жұмыс істеуге дайындықты шыңдайтын өзіндік бір кәсіби тренингке айналды.

Неліктен мен жеңіске жеттім?
Меніңше, ең алдымен мақсатымның айқын әрі нақты тұжырымдалуының арқасында. Өзім шешіп жүрген ғылыми міндеттердің нақты контекстін көрсетіп, іріктеу комиссиясына YDL бағдарламасынан қандай дағдылар қажет екенін және оларды не үшін меңгергім келетінін дәл түсіндірдім. Сонымен қатар, математика мен бағдарламалау бойынша берік дайындығым бар екенін растадым, қарқынды режимде жұмыс істеуге және нәтижеге қол жеткізбейінше табандылық танытуға дайын екенімді көрсете алдым. Қатысушыларға берер кеңесім: эссені барынша қолданбалы сипатта жазыңыз. Деректермен жұмыс істеген нақты жобаларыңызды, қол жеткізген нәтижелеріңізді көрсетіңіз. Ойыңызды құрылымды әрі ықшам жеткізіңіз, жалпылама сөздер мен «мотивациялық көпірме мәтіннен» аулақ болыңыз. Құжаттар топтамасын және барлық формалды талаптарды алдын ала мұқият тексеріңіз: файл форматтары, мерзімдер және басқа да техникалық шарттар назардан тыс қалмасын.

YDL маған не үйретті?
Yessenov Data Lab бағдарламасы маған деректермен жүйелі әрі кәсіби деңгейде жұмыс істеуді үйретті: модельдер құру, гипотезаларды тексеру, валидация жүргізу, метрикаларды есептеу және нәтижелерді сауатты интерпретациялау дағдыларын меңгердім. 2025 жылғы мектеп форматы — екі апта онлайн және екі апта Алматыда, AlmaU базасында офлайн оқу — жоғары қарқын орнатып, темпке ілесуге және қатаң тәртіпке бейімделуге үйретті. Осы уақыт ішінде біз қолданбалы бағыттарды жан-жақты талдадық: чат-боттар мен ірі тілдік модельдер (LLM), компьютерлік көру және нейрожелілер. Әсіресе командалық жоба есте қалды — рөлдерді бөлу, дедлайндарды сақтау, шешімдерді қорғау және ойлау барысын түсіндіре білу қажеттігі үлкен мектеп болды. Себебі бір нәтижеге қол жеткізу жеткіліксіз, ең маңыздысы  сол нәтижеге қалай келгеніңді дәлелдей алу. Оқу сапасын қамтамасыз еткен сарапшылардың дәрістері мен консультациялары айрықша рөл атқарды: Куаныш Абешев, Тимур Бакибаев, Владислав Ющенко және Никита Саксена. Олар бізге тек білім беріп қана қойған жоқ, деректер аналитикасындағы міндеттермен жұмыс істеудің тұтас методологиясын ұсынды.

YDL-де алған білімімді қалай қолданамын?
Машиналық оқыту әдістерін пайдалана отырып, ғаламның қалай кеңейіп жатқанын түсінуге тырысамын. Зерттеулерім нақты бақылау космологиялық деректерге негізделеді. Әртүрлі бақылау жиынтықтарын біртұтас модельдік бағалауға біріктіріп, оларды кешенді түрде талдаймын. Сонымен қатар әр дерек түрінің үлесін жеке саралап, нәтижелердің таңдалған ішкі жиынтықтарға және бастапқы болжамдарға қаншалықты тәуелді екенін тексеремін. Бұл тәсіл космологиялық модельдердің параметрлеріне интерпретацияланатын, ғылыми тұрғыдан негізделген шектеулер алуға мүмкіндік береді. YDL-де меңгерген дағдыларым нәтижелерді тек есептеп қана қоймай, оларды сауатты түрде графиктер арқылы ұсынуға, қысқа әрі нұсқа ғылыми қорытындылар жасауға жол ашты. Егер Yessenov Foundation ұйымдастырған 4 апталық қарқынды жазғы мектептен өтпегенімде, мұндай жүйелі әрі әдіснамалық деңгейге көтерілуім екіталай болар еді.

Қазір және алдағы жоспарлар
Қазіргі таңда мен ғылыми қызметкер ретінде еңбек етіп, машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып космология саласында ғылыми мақалалар жазумен айналысамын. Сонымен қатар зерттеулердің ауқымын кеңейтіп, қаржыландыру көлемін арттыру мақсатында ғылыми жобалар мен гранттық өтінімдерді әзірлеу және рәсімдеу жұмыстарын қатар жүргізіп келемін. Жұмыс тобымызбен бірге American Corner алаңында өтетін ғылыми іс-шараларға ерікті ретінде қатысамыз. Бұл — ғылымды дәріптеп, жас зерттеушілермен тәжірибе алмасудың маңызды мүмкіндігі. Алдағы бірнеше жылда жаңа жобаларға қосылып, сәйкесінше, жариялануы тиіс ғылыми мақалалар санын арттыруды жоспарлап отырмын. Сонымен бірге жұмыс тобы мүшелерін деректерді талдау мен модельдеудің заманауи әдістеріне жүйелі түрде үйрететін тұрақты оқыту үдерісін қалыптастыру да негізгі мақсаттарымның бірі.

Жұмыстан тыс…?
Бос уақытымды отбасыммен бірге өткізгенді ұнатамын. Жиі шағын сапарларға шығып тұрамыз: Бурабай өңіріне, Медеу мұз айдынына, Шымбұлақ тау курортына барамыз. Ал демалыс кезінде алысырақ бағыттарды жоспарлаймыз, мысалы, Қатон-Қарағай өңіріне саяхаттауды ұнатамыз. Маған «бір күн — табиғат аясында» форматы ерекше жақын: асықпай серуендеу, қысқа маршруттармен жүру, тынысты кеңейтіп, уақытты байыппен өткізу. Балалармен бірге қала сыртына жиі шығамыз, жаз мезгілінде велосипедтерімізді алып, саябақтар мен дала жолдарымен сырғанаймыз, жолай пикникке аялдаймыз. Жүзуге де тұрақты түрде уақыт бөлемін. Мен үшін бассейн әрі қалпына келудің, әрі ішкі тәртіп пен төзімділікті сақтаудың тиімді жолы.

23.03.26, Жетістік тарихы

Көру саны: 1