Әйгерім Сағандықова

Мамандығы: деректер туралы ғылым (Data Science). Тағылымдама: Healthiest, АҚШ.

Әйгерім Семей қаласының тумасы, ол 28 жаста, SDU түлегі. Қазіргі таңда грузиндік International Black Sea University оқу орнында Data Science саласында доктор дәрежесін алуда және қазақстандық банктердің бірінде талдаушылар командасының көшбасшысы болып жұмыс істеуді жалғастырып жатыр. Ол Shakhmardan Yessenov Foundation конкурсын жеңіп, Кремний алқабына тағылымдамадан өтуге барды. Бұған қоса Әйгерім Телеграмда өз арнасын жүргізеді және оны тауға шығып немесе жүгіру барысында медитациямен айналысып жүрген жерінен жиі көруге болады. Ол шынымен де қызықты адамдармен кездесуге кез келген мүмкіндікті қалт жібермейді.

Сіз бала кезіңізде немен айналысуды ұнаттыңыз? Және Сіз үшін ІТ саласы қызықты екенін алғаш рет қашан түсіндіңіз?
Мен әрдайым логикалық есептерді ұнаттым. Физика-математика сыныбында білім алдым, 7-ші сыныптан бастап бағдарламалауды оқыдым. Қарапайым бағдарламалардан бастадық, әрі қарай. Бағдарламалаудың объектілік-бағдарланған тілдері болды. Сөйтіп, 10-шы сыныпта мен бағдарламаларды жазғым келетінін, ІТ-өнімдерін жасағым келетінін нақты білдім. Докторантурада мен бұдан да қолданбалы бағдарламалау бар Data Science-те жұмысқа беріліп кеттім. Біз бағдарламаларды жазбаймыз, бірақ деректерді талдап, болжамдарды құрастырамыз.

Қордың грантқа арналған конкурсына қатысу кезеңінде Сіз үшін негізгі сын-тегеурін қандай болды?
Стартаптармен сұхбаттасу. Бұл қиын, бірақ қызықты да болды. Әрбір стартапта өз міндеттері бар, және де өзімді барлық жақтан көрсету аса қажет болды. Мен осындай көптеген сұхбаттасулардан өткен соң, нарықта не болып жатқанын тамаша ұғынатынымды түсіндім: қандай салалар бүгінде жақсырақ дамып жатыр, адамдардыа не нәрсе қызықтырады және қазіргі таңда қандай дағдылар ең көп сұранысқа ие.

Сіздің жарты жылдық тағылымдамаңыз жайлы айтып берсеңіз.
Тағылымдамамды кеңсесі Сан-Францискода орналасқан Healthiest стартапында өттім. Стартаптың негізгі идеясы адамдарға салауатты өмір салтын ұстануға көмектесу болып табылады. Осының бәрі пайдаланушыларға Amazon.com-да пайдалы және экологиялық таза тауарларға ұсынымдар беретін веб-браузерлерге арналған плагин түрінде іске асырылды. Плагин мүлдем тегін. Оның бизнес моделі (B2B) салауатты өнімдердің брендтерін жарнамалау мен ілгері жылжытуға негізделген. Осының есебінен жоба табыс әкеледі. Стартапта қосалқы табыс көзі де бар – бұл оның ұсынымдары арқылы Amazon-да сатып алынған тауарлардың құнынан пайыз алу. Мен жеке өзім Healthiest-те Ruby-ге арналған өнімді жөнге келтірумен, ұсынымдарды беретін алгоритмді жақсартумен айналыстым және басшылар үшін аналитиканы құрастырдым. Мен үшін Алқаптағы өмірдің өзі бірегей тәжірибе болды. Мен қызықты іс-шараларға: митаптарға, воркшоптарға, конференцияларға қатыстым. Әлі күнге дейін маған шабыт беретін көптеген адамдармен таныстым.

Алқапта өткен сол жарты жылда қандай жетістіктерге қол жеткіздіңіз?
Менің кәсіби және тұлғалық өсуім үшін ең жақсы кез болды. Стартаптың өзі әлі де дамудың бастапқы сатысында және штатты әзірше кеңейте алмайды, бірақ сол жердегі жұмыс істеу мәдениеті өте жоғары деңгейде. Қызметкерлер арасындағы қарым-қатынастар, жастарды тәрбиелеу және олардың жобалармен қалай жұмыс жасағаны – осының бәрін мен өз жұмысымда пайдаланып жүрмін. Толыққанды даму үшін сенің өз білімдеріңмен бөлісу керектігін түсіндім. Мен осымен бірте-бірте айналысып жатырмын, конференцияларда сөз сөйлеймін, митаптарды ұйымдастырамын, мақалаларды жазамын, деректер туралы ғылым саласындағы маман болып жүрген қыздарды қолдаймын. Біз осы саладағы басқа қыздармен бірлесіп, өзіміздің #WomenInDataScienceKZ қоғамдастығын құрдық. Ол шағын қоғамдастық болса да, біздің жоспарларымыз өте үлкен. Барлық жаңалықтарды өзімнің телеграм-арнамда жариялаймын.

Сіз алдағы бір-екі жылда немен айналысқыңыз келеді?
Мүмкіншіліктерді кеңейтуге уақыт келді. Жақын араға қойған жоспарларым — FAANG (Facebook, Amazon, Apple, Netflix, Google) компанияларының біреуінде жұмысқа орналасу.

10.04.20, Жетістік тарихы

Көру саны: 99