Айдана Сегізбаева

Мамандығы: Қоғамдық денсаулық сақтау. Тағылымдама: Британдық Колумбия Университеті, Канада.

Елордалық жоғары оқу орындарының бірінің бірінші курс студенті Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының байқауында қалай жеңіске жетті? Әлемдегі ең үздік зертханалардың біріндегі тағылымдамасы қалай өтті? 24 жастағы Айдана Сегізбаеваға осы және де зерттеу жұмысының қиындықтары туралы бірнеше сұрақ қойдық.

Денсаулық сақтауға деген қызығушылығыңыз қайдан пайда болады?
Мектеп қабырғасынан. Маған биология пәні өте қатты ұнады, әсіресе ДНҚ тақырыбы мен ұрықтың дамуы қызықтырды. Адамның даму процесінің қалай мінсіз жұмыс істейтініне таң қалдым. Биология мамандығы бойынша бакалавриатты бітіргеннен кейін адамдардың бұл дүниеге қалай келгенін ғана емес, ұрықтың бүкіл даму процесін түсіну маңызды екенін түсіндім.

Қордың байқауы туралы қалай білдіңіз, ол сіз үшін қалай өтті және неге дәл сіз жеңімпаз болып таңдалдыңыз деп ойлайсыз?
Қор байқауы туралы осы бағдарламада жеңіске жетіп, тағылымдамадан сәтті өткен достарым мен таныстарым арқылы білдім. Олардың айтуынша, Қор олардың кәсіби дамуына ғана емес, жеке өсуіне де ықпал етті. Мен үшін бүкіл іріктеу процесі қызықты және танымды өтті деп айта аламын, өйткені формат жаңа, ерекше болды. Топтық сұхбат кезінде бізге дұрыс жауабы жоқ логикалық тапсырмалар берілді. Өзіңді және өз дағдыларыңды көрсету керек болды. Логикалық есептерді шығарғанды ​​ұнататындықтан, процесс маған шын жүректен ұнағаны есімде. Менің ойымша, жеңімпаз ретінде тек зерттеу тәжірибем мен мотивациялық хатым үшін таңдалған жоқпын. Оның тағы бір себебі сұхбат кезінде сабырлы болғаным, шынайы, сенімді жауап бергенім деп ойлаймын.

Тағылымдама кезінде немен айналыстыңыз?
Жыныстық денсаулық зертханасында тағылымдамадан өттім. Ол Ванкувер ауруханасында орналасқан. Менің тәлімгерім доктор Лори Бротто болды, әйелдердегі жыныстық және репродуктивті бұзылулар бойынша жұмысымен танымал канадалық психолог және профессор. Netflix тіпті оны деректі фильм түсіру үшін сарапшы ретінде тартқан. Зерттеуімнің мәні этникалық топтағы әйелдердің жыныстық денсаулығына қаншалықты көңіл бөлетінін түсіну болды. Сонымен қатар, олардың тәжірибесін осы бағытта анықтауға тырыстым. Ауруханада нақты пациенттермен жұмыс істегеннен кейін отызға жуық сұхбат жүргіздім, әйелдер денсаулығының аспектілері бойынша 200-ден астам сауалнаманы толтырдым. Сондай-ақ, денсаулық сақтау жүйесі жыныстық денсаулығында проблемалары бар адамдарға қаншалықты көмектесуге дайын екендігі талқыланды. Денсаулық сақтау мамандары ретінде пациенттердің өмір сүру сапасын жақсарту үшін қажетті ресурстармен қамтамасыз ететін саясат пен ережелерді қалай өзгертуге болатынын түсіндік. Зерттеу қорытындысы бойынша “Тhe Journal of Sexual Medicine” сияқты ғылыми журналдарда жариялау үшін ғылыми жұмыс дайындап, зерттеу нәтижелерін халықаралық конференцияларда ұсынуды жоспарлап отырмыз.

Неліктен бұл зерттеу тақырыбы Қазақстан үшін маңызды?
Әйелдер арасындағы жыныстық денсаулық мәселесі бізде өте өзекті. 2018 жылы Қазақстанда 15-19 жас аралығындағы 4000-нан астам жастардың қатысуымен зерттеу жүргізілді. Жыныстық қатынастың басталуының орташа жасы 16,5 жасты құрайтыны анықталды, мысалы, жасөспірімдердің тек 9%-ы АҚТҚ/ЖҚТБ туралы біледі. Сауалнамаға қатысқандардың үштен екісі қалаусыз жүктіліктің алдын-алу туралы білмейді. Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметі бойынша, ерлі-зайыптылар арасында болған 18 бен 75 жас аралығындағы әйелдердің 16,5 пайызы кем дегенде бір рет серіктесі тарапынан физикалық және/немесе жыныстық зорлық-зомбылық көрген. Сондықтан да, иә, тақырып біз үшін өте өзекті және менің зерттеулерім жыныстық денсаулық туралы білімді жақсартуға көмектеседі және жыныстық бұзылуларды емдеу процесін жақсартуға әкеледі деп үміттенемін.

Канадада тағылымдамадан өту кезінде қандай қиындықтар болды?
Маған науқастармен тікелей жұмыс істеуге және ауруханада зерттеу жүргізуге тура келгендіктен, Британдық Колумбия университетінің этика комитетінен рұқсат алуым керек болды. Канадалық визамды күтіп жүргенімде (бұл да баяу процесс), профессормен бірге қажетті құжаттарды дайындай бастадым. Бұған 2 айдан астам уақыт кетті. Қиындыққа қарамастан науқастарға қол жеткізе алдым. Тағылымдама кезіндегі жағымды қиындықтардың бірі профессорларға, әріптестеріме және ғылыми ассистентке өз ойымды кәсіби, еркін және әдемі жеткізуді үйрену мүмкіндігі болды.

Қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіз?
Негізгі нәтиже – кейінгі зерттеулерде қолдануға болатын мәліметтерді жинау. Жоғарыда айтқанымдай, ғылыми мақала шығаруды жоспарлап отырмыз, қазір осы бойынша қызу жұмыс істеп жатырмыз. Доктор Бротто менің зерттеуімді жоғары бағалады және де оның зертханасындағы лауазымдардың біріне менің кандидатурамды талқыладық. Осындай көрнекті зерттеушімен берік кәсіби қарым-қатынас орната алғаныма өте қуаныштымын.

Тағылымдама Сізге қалай көмектесті?
Ол маған денсаулық сақтау, акушерлік және гинекология саласында зерттеулер жүргізуді үйретті. Сондай-ақ аға зерттеушілермен және профессорлармен бірлесіп жұмыс істеудің және ғылыми көмекшімді басқарудың тамаша тәжірибесін алдым. Енді мен статистикалық және зерттеу бағдарламалық жасақтамасын сауатты қолдана аламын. Жетекшім апта сайын кездесуге және оқу барысын талқылауға уақыт бөледі, ал оның жұмыс этикасы, ұйымдастырушылық және уақытты басқару дағдылары мен қазір жұмысымда қолданамын.

Біздің байқаудың болашақ жеңімпаздарына қандай кеңес берер едіңіз?
Таңдауға асықпаңыз! Зертхананы, жетекшіні, зерттеу тақырыбын, университетті, қаланы және тіпті елді мұқият таңдаңыз. Алдыңғы жеңімпаздармен байланысыңыз, олардың ұсыныстарын сұраңыз.

15.05.23, Жетістік тарихы

Көру саны: 244