17 СТУДЕНТ ЕСЕНОВ ШӘКІРТАҚЫСЫНЫҢ ИЕГЕРІ АТАНДЫ

Академик Ш. Есенов атын. ғылыми білім беру қорының тоғызыншы шәкіртақы байқауы өз мәресіне жетті. Қор қызметкерлері мен қайырымдылық ұйымның Қамқоршылар кеңесінің мүшелері 500-ге жуық ізденушінің ішінен 17 жеңімпазды таңдап, бекітті. Олардың әрқайсысы 2022 жылдың қаңтарына дейін ай сайын 27 000 теңге көлеміндегі Есенов шәкіртақысын алатын болады. Бұл осы жылға жоспарланған Қордың жалғыз байқауы және ол ерекше пандемия жағдайында өтті. Кім жеңімпаз атанды және іріктеу процесі қалай өтті?

Осыған байланысты шәкіртақы бағдарламасының үйлестірушісі Айгерім Султанға бірнеше сұрақ қойдық.

Жеңімпаздарды таңдау қаншалықты оңай болды? Биылғы жеңімпаздар өткен жылдардағы шәкіртақы иегерлерінен қалай ерекшеленеді?
Осындай байқауларды өткізудегі өте қиын кезеңдерге қарамастан, Қордың құрылтайшысы Ғалымжан Есенов шәкіртақы байқауын өткізуге шешім қабылдады. Биылғы жылы бір шәкіртақыға 29 студент үміткер болды, бұл рекордтық көрсеткіш. Мысалы, бір жыл бұрын әр шәкіртақы үшін 22 адам бақ сынаған болатын. Яғни, өтінімдер саны айтарлықтай өсті. Биылғы жылы жеңімпаздар арасында ұлдар мен қыздардың саны бірдей, дегенмен соңғыларынан өтінімдер көбірек болды. Жеңіске үміткерлер ауқымды портфолио ұсынды. 17 жеңімпаздың 15-і кем дегенде үш тілді меңгерген. Мұның өзі көп нәрсені айтады.

Есенов шәкіртақысы 2021 иегерлерінің қатарында еліміздің қай қалалары мен мамандықтарының өкілдері бар?
Шәкіртақы иегерлерінің басым бөлігі – 12 – Алматы және астаналық жоғары оқу орындарында оқиды. Тізімде Қарағандыдан үш бала, сонымен қатар, Шымкент пен Өскеменнің өкілдері де бар. Олар Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, Қарағанды техникалық университетінің, ҚазҰМУ, Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясының, Еуразия ұлттық университетінің, Satbayev University, ҚазҰУ, Қарағанды медициналық университетінің, Nazarbayev University және Алматы технологиялық университетінің студенттері. Байқау жеңімпаздары медицина және мұнай инженериясы, логистика және азық-түлік қауіпсіздігі, наноматериалдар мен нанотехнологиялар мен машина жасау, фармацевтикалық өндіріс технологиясы мен машина жасау, сәулет пен геология, математика мен Аэроғарыштық техника сияқты мамандықтар бойынша білім алуда.

Неліктен биылғы жылы Есенов шәкіртақысын бір жыл емес, тек 8 ай көлемінде беру туралы шешім қабылданды?
Пандемияға, білім беру нысанындағы өзгерістерге байланысты шәкіртақыны төлеуге осы жылдың соңына дейін ғана шарт жасауға шешім қабылданды. Мүмкіндік болса, Қор шартты келесі жылдың 30 сәуіріне дейін ұзартады (яғни 2022).

Финалда өткен ең қызықты диалогтардың, сұхбаттардың мысалдарын келтірсеңіз. Қандай да бір трендтерді атап өте аласыз ба?
Мысалы, өтінім берушілердің бірі, біз не сұрасақ та, әрқашан өзінің зерттеу тақырыбына оралып отырды. Кез келген жауабында ол міндетті түрде зерттеудің өзі немесе зерттеу бойынша жұмыс істейтін тобы туралы айтты. Сонымен қатар, ол мұны қызықты, жалықтырмайтындай және органикалық түрде жасады. Біз үшін ол ғылымға деген құштарлықтың бір үлгісі болды,  басқа қатысушыларды онымен еріксіз салыстырып отырдық.

Қыздардың бірі оқуы, ғылыммен айналысуы және қоғамдық қызметі туралы айтты. Ол өз кезегінде елдің денсаулық сақтау министрлігінің жұмыс тобының құрамына кіретін университеттің жобаларды басқару комитетінің хатшысы ретінде еріктілер жұмысын атқарады. Ал, ол қазіргі таңда тек бакалавриаттың 3 курс студенті. Қалай үлгереді деген сұраққа бізге өзінің күнделігін көрсетті, онда сұхбат күні шағын шрифтпен минуттармен жазылған. Трендтердің ішінен мынаны атап өткім келеді: финалға қатысушылардың жартысынан көбі өз мамандығынан басқа бағдарламалау мен Data Science-ті меңгеруде.

Көптеген үміткерлер ғылыми қоғамдастық үшін пандемияның оң нәтиже бергенін атап өтті: бұрын атақты ғалымдармен конференцияға қатысу үшін айтарлықтай қаржы қажет болатын, ал қазір мұндай деңгейдегі конференциялар онлайн форматта өтіп жатыр, оларға номиналды ақы төлеп немесе тегін қатысуға болады, ал ең қызықтыларына бірнеше рет оралып, оларды жазбаларда көруге болады. Барлық жеңімпаздар ұйқыларын қандырғылары келетіндерін, өйткені жүктемелері өте көп, бәріде қызықты, ал уақыттың жеткіліксіз екенін мойындады.

Финалда шәкіртақы үшін 30 студент бақ сынады. Осы жылғы сайыста жеңіске жетпегендерге қандай кеңестер бере аласыз?
Егер бірінші тур кезінде конкурсанттарды олардың үлгеріміне, ғылыми жұмыстары мен эсселеріне назар аудара отырып, құжаттар бойынша іріктеген болсақ, ал финалда олардың жеке және іскерлік қасиеттерін тексердік. Біз қойған сұрақтар бос қызығушылықтан емес, олардың мақсаттарын, байқауға қатысу себептерін, тұлғаның жетілу дәрежесін, коммуникативті қасиеттерін, ғылымға және оның мамандығына деген құштарлығын анықтау мақсатында болды.

Сондықтан, мұндай байқау кезінде шынайы болу, шаблонды жауаптар бермеу, мәні бойынша, егжей-тегжейлі сөйлеу, сұрақтарға толық жауап беру және өзіңді ашып көрсету маңызды. «Өзіңіздің ең үлкен жетістігіңіз не деп ойлайсыз және неге»  деген сұраққа, уақытты бәріне жеткілікті етіп бөлу және өзіме ұнайтын нәрсені жасау мүмкіндігі деп жауап берген үміткер болды. Немесе міне тағы бір мысал. «Сізге не ұнайды, және осы күні қандай максималды нәтижеге қол жеткіздіңіз» деген сұраққа, «көп нәрсе» деген жауап болды. Мұндай жауаптан біз үміткер туралы ештеңе біле алмайтындықтан, мұндай жауаптардың авторлары, өкінішке орай, осындай байқаулардың жеңімпазы бола алмайды. Міне осындай ұсыныстар.

Пандемия жағдайында Қор онлайн байқаулар өткізуден қандай сабақ алды?
Байқау мұқият алдын-ала дайындалған жоспарға сәйкес өтті. Іріктеу барысында түзетулер  немесе өзгертулер енгізудің қажеттілігі туындамады. Байқау жеңімпаздарын онлайн форматта іріктеуде мол тәжірибеміз бар: АҚШ-тың IT-стартаптарында тағылымдамадан өту бағдарламасында 4 жыл, Yessenov Data Lab бағдарламасында 3 жыл. Пандемияға дейін екінші турды топтық пікірталас форматында өткізетінбіз. Ал, пандемияға байланысты оны онлайн форматта өткіздік. Аталмыш формат бізге әр қатысушымен 30 минуттық жеке сұхбат жүргізуге мүмкіндік берді. Және үміткер таңдаған тілде, мұны топпен офлайн режимінде іске асыру қиын. Нәтижесінде әрбір қатысушы туралы толық ақпарат ала алдық. Бұл форматтың кемшіліктері де бар, мысалы, үміткерді қоғамда көре алмадық, яғни оның басқа адамдармен қарым-қатынасын бағалай алмадық. Сонымен қатар, онлайн режимінде көшбасшылық және топтық жұмыс сияқты қасиеттерді бағалау да қиынырақ. Алайда, ең бастысы: Есенов шәкіртақысына үміткерлер арасында жоғары деңгейде толыққанды байқау өткізе алдық, және оның жаңа иегерлері осыны растайды деп ойлаймын.

5.04.21, Жаңалықтар

Көру саны: 204

Другие новости