ЕСЕНОВ ШӘКІРТАҚЫСЫ: 500-ДЕН АСТАМ ӨТІНІМ

Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры белгілі қазақ академигінің атындағы шәкіртақыға өтінімдер қабылдауды аяқтады. Биыл оған еліміздің 506 студенті үміттенуде. Біз байқау қатысушысының портретін сипаттап, байқау кезеңдері туралы айтып беруін қордың бағдарламалар менеджері Айгерім Султаннан сұрадық.

Айгерім, соңғы жылдары шәкіртақы бағдарламасына қанша өтінім келіп түсті? Бағдарлама тарихындағы ең көп өтінім – 675 – оны біз 2022 жылы алдық. Соңғы үш жылда байқауға тұрақты түрде шамамен 500 жас қазақстандық қатысып келеді.

Өтінім бергендер кімдер?
Биыл қатысушылар арасында қыздар саны жігіттерден сәл ғана көп: 298 қыз, 208 жігіт. Байқауға қатысушылардың басым бөлігі – 2-3 курс студенттері (450-ден астам өтінім). Өтінім саны бойынша көшбасшы университет – С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті (ҚазҰМУ), бұл оқу орнынан 50 студент өтінім жіберді. Сондай-ақ, көптеген өтінімдер түскен оқу орындары қатарында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Satbayev University, Назарбаев Университеті, ҚБТУ, Қарағанды медициналық университеті және Л. Гумилев атындағы ЕҰУ бар. Қатысушылардың географиясы да кең: Солтүстік Қазақстан облысындағы шағын ауылдан бастап Түркістан облысындағы елді мекендерге дейін. Шетелде туған, бірақ Қазақстан азаматтығы бар әрі еліміздің жоғары оқу орындарында оқитын 20 қазақстандық та өтінім берді. Байқауға елдің барлық аймақтарынан және ірі қалаларынан студенттер қатысып жатыр. Өтінім саны бойынша дәстүрлі түрде Алматы көш бастап тұр – бұл қаладан 80-нен астам үміткер бар.

Астана екінші орында ма?
Жоқ, таңқаларлық жайт, бірақ Астана тіпті үздік бестікке де кірмеді. Екінші орында – Шымкент, бұл қаладан 41 өтінім келіп түсті.

Айгерім, байқауға қандай мамандық өкілдері қатысып жатыр?
Байқауға қатысатын мамандықтардың бестігіне медицина, фармацевтика, IT, геология және физика кіреді.

Қанша шәкіртақы тағайындайсыздар?
Жоспар бойынша – 20 шәкіртақы. Алайда, егер үздік үміткерлер саны аз болса, қордың бағдарлама Ережесіне сәйкес, жеңімпаздар санын қысқартуға құқығы бар. Жыл бойы әр жеңімпаз өзінің негізгі шәкіртақысынан бөлек, ай сайын 70 000 теңге қосымша алады.

Есенов шәкіртақысының иегерлері бұл қаржыны қандай мақсаттарға жұмсайды?
Шәкіртақыға есеп беру міндеттелмегенімен, олармен арадағы әңгімелерден әртүрлі мақсаттары бар екенін білеміз. Кейбірі бұл қаражатты баспана жалдауға, кейбірі кәсіби конференцияларға қатысуға немесе білім беру курстарынан өтуге жұмсайды. Біреулері кітап сатып алса, енді біреулері саяхаттауға пайдаланады. Шәкіртақыны қалай жұмсау – әр жеңімпаздың өз еркінде.

Шәкіртақы байқауының келесі кезеңдері қалай өтеді?
Байқау екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде (қор сарапшылары мен қызметкерлерінің өтінімдерді бағалауы) нәтижелер 20 наурызда жарияланады. Екінші кезең – онлайн сұхбат түрінде 7 сәуірге дейін өтеді. Осы күннен кейін жеңімпаздар анықталады. Байқау кезеңдері мен күндері туралы барлық ақпарат қордың сайтында, бағдарламаның Ережесінде көрсетілген.

12.03.25, Жаңалықтар

Көру саны: 11

Другие новости