Қосымша білімге грантты қалай алуға болады?

Нұрсұлтан Атымтай // Наркес Мақаримова // Yessenov Launch Pad

Yessenov Launch Pad (YLP) бағдарламасы жүзеге асырылып келе жатқан 4 жыл ішінде 34 қазақстандыққа мансап жолында маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді. Бағдарлама Shakhmardan Yessenov Foundation қорының құрылтайшысы, кәсіпкер әрі меценат Ғалымжан Есеновтың бастамасымен құрылған. Жыл сайын қор қазақстандық студенттер мен жас мамандарға түрлі курстардан өтіп, кәсіби (hard skills) және тұлғалық (soft skills) дағдыларын дамыту үшін 10 грант бөледі. Бағдарламаның жаңа байқауына өтінім қабылдау жүріп жатқан дәл осы кезеңде сіздерді өткен жылдардағы жеңімпаздар – Нұрсұлтан және Наркеспен таныстырғымыз келеді. Олар грант мүмкіндігін қалай пайдаланды?

Нұрсұлтан Атымтай, 22 жаста, Қызылорданың тумасы. Назарбаев Университетін «Компьютерлік ғылымдар» мамандығы бойынша тәмамдаған, бүгінде магистратурада білім алып жүр. 2024 жылы бакалавриаттың үшінші курсында оқып жүрген кезінде Yessenov Launch Pad (YLP) бағдарламасының жеңімпазы атанды.

Мамандық таңдау
Мені технологияларды зерттеп қана қоймай, олардың көмегімен түрлі шешімдер жасау мүмкіндігі қызықтырды. Әсіресе Data Science саласына ерекше қызығушылық таныттым, өйткені бұл бағыт математика, бағдарламалау және зерттеу жұмыстарын тоғыстырады, ал оның нәтижелерін іс жүзінде кез келген салада қолдануға болады. Уақыт өте келе бұл қызығушылығым кәсіби бағытқа ұласты.

Грант не үшін қажет болды?
Маған заманауи ЖИ жүйелерін әзірлеу дағдылары мен ағылшын тілін тереңірек меңгеру жетіспеді. Жасанды интеллектіні тек теория жүзінде оқып қана қоймай, өз бетімше жұмыс істейтін ЖИ-қосымшаларын әзірлеуді, зерттеу жүргізуді және оның нәтижелерін халықаралық аудиторияға ұсынуды үйренгім келді. Бұл жолды өз күшіммен жүріп өту оңай емес еді, өйткені кәсіби курстардан өту мен халықаралық емтихандарды тапсыру қомақты қаржыны талап етеді. Yessenov Launch Pad бағдарламасындағы жеңісім осы олқылықтардың орнын толтырып, қажетті білім мен дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді.

Yessenov Launch Pad бағдарламасының байқауы
Байқау туралы университеттің ақпараттық таратылымы арқылы білдім. Маған оқу бағытын өз қалауым бойынша таңдау мүмкіндігі ерекше ұнады. Байқауға қатысу барысында нақты қандай мақсатқа қол жеткізгім келетінін және таңдаған оқуымның сол мақсатты жүзеге асыру үшін неліктен маңызды екенін айқын тұжырымдай алдым. Іріктеу кезінде жетістіктерімді көрсетіп қана қою жеткіліксіз еді. Ең бастысы бағдарлама ұсынған мүмкіндіктерді ҚАЛАЙ нақты нәтижеге айналдыратынымды түсіндіру болды.

Неліктен мен жеңіске жеттім
Алдыма қойған нақты мақсатым және грант мүмкіндігін қалай пайдаланатыным туралы айқын жоспарым болды. Бірнеше курстан өтіп қана қоймай, алған білімімді нақты зерттеулер мен жобаларда қолдануды көздедім. Yessenov Foundation сараптамалық комиссиясы менің көп еңбектенуге және берілген мүмкіндіктерді нақты нәтижеге айналдыруға дайын екенімді байқады. Меңгерген білімім зерттеу жұмыстарын жүргізуге, ЖИ өнімдерін әзірлеуге, халықаралық тағылымдамадан өтуге және хакатондарға қатысуға септігін тигізді.

Грантты қалай жеңіп алуға болады
Байқауға өтінім бергенде, өзіңізге нақты қандай дағды қажет екенін, оны не үшін меңгергіңіз келетінін және сол дағдыға ие болғаннан кейін қандай нәтижеге қол жеткізе алатыныңызды анық көрсетіңіз. Өтінімде дамуға деген ұмтылыс туралы жалпылама сөздермен шектелмей, нақты даму жолыңызды сипаттаңыз: қазір қай деңгейдесіз, сізге қандай білім немесе дағды жетіспейді және қандай мақсатқа қол жеткізгіңіз келеді. Сондай-ақ, бұған дейінгі тәжірибеңіз бен мотивацияңызды шынайы әрі түсінікті жеткізу маңызды.

Yessenov Foundation гранты аясында қандай білім алдым
Outpeer ұсынған AI Engineering кәсіби курсынан өттім, сондай-ақ IELTS емтиханына дайындық курсында оқып, емтиханды сәтті тапсырдым. AI Engineering курсында алты ай білім алдым: дәрістерге қатысып, тест тапсырмаларын орындадым және төрт жобаны қорғадым. Бағдарламаны үздік аяқтап, 50 студенттің арасынан үздік жетілікке ендім. Курс заманауи ЖИ модельдерінің математикалық негіздерін, генеративті жасанды интеллектіні және ЖИ-агенттер негізіндегі қосымшаларды әзірлеуді тереңірек түсінуге көмектесті. Сонымен қатар, екі ай бойы IELTS Smart School-да дайындалып, сабақтар мен Speaking Club кездесулеріне тұрақты қатыстым. IELTS емтиханынан 7,5 балл алып, C1 деңгейін растадым. Бұл курстар маған бірден тәжірибеде қолдана бастаған маңызды дағдыларды меңгеруге мүмкіндік берді.

Қазір немен айналысып жүрмін
Жасанды интеллект саласында кәсіби тұрғыда дамуымды жалғастырып келемін. Қазір Назарбаев Университетінде Data Science мамандығы бойынша магистратурада білім алып, білім беру технологиялары саласында ЖИ-инженер болып жұмыс істеймін. ЖИ-сервистерді әзірлеумен айналысамын және үлкен тілдік модельдермен жұмыс істеймін.

Ағылшын тілінде ғылыми мақалалар мен техникалық құжаттамаларды оқимын, зерттеу жұмыстарын жазамын және халықаралық кәсіби қауымдастық өкілдерімен еркін қарым-қатынас жасаймын. Кезінде тек идея болған білім мен дағдылар бүгінде Yessenov Launch Pad бағдарламасының арқасында күнделікті кәсіби қызметімнің ажырамас бөлігіне айналды

Жоспарлар
Ең алдымен магистратураны аяқтауым керек. Алдағы бірнеше жылда ЖИ-инженер ретінде кәсіби деңгейімді айтарлықтай арттырып, жасанды интеллект саласындағы зерттеулерімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Мақсатым – ауқымды әрі маңызды жобалармен жұмыс істеу, зерттеу нәтижелерін жариялау және біртіндеп халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті технологиялар әзірлей алатын деңгейге жету. Болашақта докторантурада білім алу мүмкіндігін де қарастырып жүрмін.

Бос уақытым
Домбыра тартқанды және қазақтың күйлерін тыңдағанды ұнатамын. Жұмысымда логика мен алгоритмдер көп болғандықтан, музыка мен үшін ойымды сергітіп, бір сәт басқа арнаға ауысудың жақсы тәсіліне айналды. Бірнеше сағат бойы бағдарламалаумен айналысқаннан кейін кейде өзің де компьютер секілді ойлай бастағандай күй кешесің. Ал домбыра адамдық болмысыңа қайта оралтып, жан дүниеңді сергітеді. Тағы бір әуестігім – жүгіру. Ол күш-қуатымды қалпына келтіріп, бойыма жаңа серпін береді.

Наркес Мақаримова 2023 жылы YLP бағдарламасы аясында Есенов қорының грантын жеңіп алды. Ол 27 жаста, Орал қаласының тумасы. Фармакология және токсикология мамандығы бойынша магистратураны тәмамдаған.

Қосымша білім маған не үшін қажет болды
Деректерді талдау бағытын таңдадым, өйткені бұған дейінгі тәжірибем негізінен ғылыми зерттеулермен байланысты болды. Зерттеу барысында деректерді жинағаныммен, оларды өзім талдамайтынмын. Уақыт өте келе деректерді талдау дағдыларын меңгерсем, әлдеқайда жоғары нәтижелерге қол жеткізе алатынымды түсіндім. Өз бетімше білім алуға тырыстым, алайда жүйелілік пен кері байланыс қатты жетіспеді. Бағдарламалау тәжірибем де жоқтың қасы еді, сондықтан зерттеу барысында алынған деректерді өңдеу көп уақытымды алатын.

Yessenov Launch Pad байқауы
Yessenov Foundation туралы ғылыми тағылымдама байқауында жеңіске жеткен танысымнан білдім. Кейін өзім де қордың стипендиаты атанып, оның бағдарламаларын тұрақты түрде қадағалай бастадым. Осылайша қосымша білім алуға грант беретін Yessenov Launch Pad бағдарламасы туралы естідім. Қордың басқа байқауларына қатысудан жинаған тәжірибем топтық сұхбаттар кезінде өзімді жақсы қырымнан көрсетуге көмектесті. Маған қордың әр байқауда қатысушылардың қабілеті мен әлеуетін жан-жақты ашуға мүмкіндік беретін жаңа әрі қызықты тапсырмалар ұсынатыны ұнайды.

Неліктен мені таңдады
Бұл ретте маған осы білімнің НЕ ҮШІН қажет екенін нақты түсінуім маңызды рөл атқарды. Менің айқын кәсіби мақсаттарым болды және бағдарлама сол мақсаттарға жетуге мүмкіндік беретінін түсіндім. Бәлкім, мотивациям мен алған білімімді алдағы уақытта қалай қолданатынымды нақты білуім шешуші рөл атқарған болар.

Байқауда қалай жеңіске жетуге болады
Ең алдымен өзіңізге нақты қандай мақсатқа қол жеткізгіңіз келетінін және оған жету үшін қандай дағдылар мен мүмкіндіктер жетіспейтінін анықтап алыңыз. Алдыңызда үлкен мақсат тұрса, оған бастайтын қадамдар мен қажетті құралдарды айқындау әлдеқайда оңай болады. Байқаулар мен гранттар – сол мақсатқа жетуге көмектесетін құралдардың бірі ғана. «Мінсіз қатысушы» бейнесіне сай болуға тырыспаңыз. Өзіңіз болып, шынайы мотивацияңызды көрсете біліңіз. Назарыңызды тек байқауда жеңіске жетуге емес, сол жеңістің арқасында қандай нәтижеге қол жеткізгіңіз келетініне көбірек аударыңыз.

Қандай дағдыларды меңгердім
Yessenov Foundation грантын жеңіп алғаннан кейін тоғыз ай ішінде бұл бағытты нөлден бастап жүйелі түрде меңгеріп, кәсіби тұрғыда көптеген жаңа мүмкіндіктерге жол аштым. Яндекс Практикумның «Деректерді талдау» курсынан өттім. Әр модульден кейін бір дұрыс жауабы бар шағын тапсырмалар және нақты жұмыс барысындағы міндеттерге барынша жақын ауқымды жобалар берілетін. Мұндай жобаларда жалғыз ғана дұрыс шешім болмайтын. Бір тапсырманы әр қатысушының өзінше шешіп, түрлі тәсіл қолданғанын бақылау өте қызықты болды. Бізде тапсырмаларды бірге талқылап, тәжірибе алмасатын ортақ платформа болды. Нәтижесінде деректерді талдауды және Python көмегімен үлкен көлемдегі ақпаратпен жұмыс істеуді үйрендім.

Қазір қайдамын
Оқуымды аяқтағаннан кейін Швейцариядағы Женева университеті мен EPFL-дің химиялық биология бағыты бойынша бірлескен зерттеу магистратурасына түсіп, оны сәтті тәмамдадым. Есенов қорының гранты аясында меңгерген Python-мен жұмыс істеу, деректерді өңдеу және визуализациялау дағдылары зерттеу жұмысымда ерекше қажет болды. Қазір отбасыммен бірге Швейцарияда тұрамын. Өмірімнің маңызды кезеңдерінің бірі – ана атанып, сәби тәрбиелеп отырмын. Сонымен қатар, кәсіби қызметке қайта оралуға дайындалып жүрмін. Болашақта фармацевтика индустриясында жұмыс істегім келеді. Жақында неміс тілін үйрене бастадым. Оны әрі қарай жалғастырып, жоғары деңгейде меңгеруді жоспарлап отырмын.

Жанға жайлы ермек
Йога және пилатеспен айналысамын, әсіресе таза ауада жаттығу жасағанды ұнатамын. Отбасыммен саяхаттағанды және табиғатты суретке түсіргенді ерекше жақсы көремін. Ағаштар, гүлдер мен құстарды фотоға түсіру сүйікті ісім.

1.09.26, Жетістік тарихы

Көру саны: 2