ЕСЕНОВ ШӘКІРТАҚЫСЫНЫҢ ЖАҢА ИЕГЕРЛЕРІ: +20!
Алматыда Shakhmardan Yessenov Foundation шәкіртақы бағдарламасының байқауы өз мәресіне жетті. Қайырымдылық қордың құрылтайшысы Ғалымжан Есенов Қазақстанның ең үздік 20 студентінен тұратын тізімді бекітті. Олар — көрнекті қазақ геологы, ғалым және мемлекет қайраткері Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақының жаңа иегерлері. Алдағы бір жыл бойы барлық шәкіртақы иегерлері ай сайын 70 мың теңге көлемінде қаржылай қолдауға ие болады. Енді сіздерді осы ғылыми білім беру қоры жеңімпаздарының жаңа мүшелерімен таныстыратын уақыт келді.
Бағдарлама менеджері Айгерім Султан бізге былай деп баяндады:
– 489 өтінім келіп түсті. Бірінші кезеңде оларды бағалап, екінші кезеңге 50 қатысушыны өткіздік. Бұл кезеңде кәсіби психологтар топтық және жеке сұхбаттар арқылы үміткерлердің тұлғалық, көшбасшылық және кәсіби қасиеттерін бағалады. Біз үшін тек жалпы белсенділік пен академиялық үлгерім ғана емес, сонымен қатар заманауи әлем талаптарын түсінуі, психологиялық жетілуі, құндылықтар жүйесі мен үміткерлердің уәждемесі де маңызды. 7 сәуір күні қордың Сараптамалық комиссиясымен бірге қорытындыларды, үміткерлер ұсынған құжаттарды және психологтардың бағалау нәтижелерін талдай отырып, 20 жеңімпаздан тұратын тізімді бекіттік. Биыл сарапшы ретінде біз өткен жылдардағы жеңімпаздарымызды — «Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар» және Yessenov Launch Pad бағдарламаларының қатысушыларын шақырдық.
Биыл ең көп жеңімпазды Қарағанды медицина университеті, Л. Н. Гумилёв ат. Еуразия ұлттық университеті және Nazarbayev University ұсынды — әрқайсысынан Ш. Есенов шәкіртақысының 3 иегері бар. Жаңа грант иегерлері білім алып жатқан оқу орындарының қатарында тағы 10 республикалық жоғары оқу орны бар. Жеңімпаздардың басым бөлігін бакалавриаттың 2–3 курс студенттері құрайды, барлығы 13 адам. Қалған шәкіртақы иегерлері соңғы курстарда оқиды. 20 жеңімпаздың ішінде ең көбі медицина саласының студенттері (8 адам). Дәстүр бойынша тізімде химия, инженерия, компьютерлік және биологиялық ғылымдар, сондай-ақ ядролық физика бағытында білім алып жүрген студенттер де бар.
Жеңімпаздар тізімі қордың ресми сайтында және әлеуметтік желілердегі: Instagram, Facebook, Telegram және LinkedIn парақшаларында жарияланды. Ал біз сіздерге биылғы шәкіртақы бағдарламасының тек бес жеңімпазы туралы ғана қысқаша таныстырып өтеміз.
Олардың қатарында Дәуіт Нұрланов (20 жаста, Ақтөбе) бар. Ол қор бағдарламаларында бірнеше рет жеңіске жеткен сирек студенттердің бірі. 2025 жылдың мамыр айында Yessenov Data Lab бағдарламасы аясында деректер талдаушыларына арналған жазғы интенсивке грант ұтып алса, сол жылдың желтоқсанында ғылыми тағылымдамалар бағдарламасының жеңімпазы атанды.
– Алдағы 2 жылда зерттеу және кәсіби тағылымдамалардан өтіп, Nazarbayev University-де «Компьютерлік ғылымдар» мамандығы бойынша бакалавриатты аяқтауды жоспарлап отырмын. Шәкіртақы қаражатына түрлі курстардан өтіп, жұмысқа қажетті жабдықтарымды жаңартқым келеді, – деп жоспарымен бөлісті Дәуіт.
Оның құрдасы Әнел Әбенова Павлодардың тумасы. Оның алдағы жоспарлары қатарында магистратураға түсу және ғылыми жарияланымдар бар:
– Л. Н. Гумилёв ат. Еуразия ұлттық университетінің «Биологиялық ғылымдар» мамандығы бойынша үшінші курсында оқимын. Жүргізуші куәлігін алып, IELTS-тен кемінде 7 балл жинағым келеді. Ұтып алған Есенов шәкіртақысы осы мақсаттарға жұмсалады деп ойлаймын.
Оңтүстік Қазақстан медицина академиясының студенті Сардорбек Рустамжанов қатарынан екінші жыл Шахмардан Есенов шәкіртақысының иегері атанып отыр. Ол 21 жаста, Шымкент қаласының тумасы.
– Биыл бакалавриатты аяқтаймын, әрі қарай интернатурада оқуымды жалғастырамын. Алдағы бірнеше жылға арналған даму бағытымды да таңдадым – бұл хирургия. Хирургия – өз алдына шығыны көп сала, сондықтан шәкіртақының бір бөлігін құрал-жабдықтар мен тігу материалдарын алуға жұмсаймын. Мүмкіндік болса, Есенов қорының қаржылай қолдауын ғылыми конференцияларға қатысуға және IELTS-ке дайындалуға пайдаланғым келеді, – деп бөлісті Сардорбек.
Қарағандылық Дильназ Акамбаева небәрі 18 жаста, бірақ ол қазірдің өзінде Астанадағы Л. Н. Гумилёв ат. Еуразия ұлттық университетінің екінші курс студенті.
– Алдағы екі жылда өз мамандығым, ядролық физика бойынша білімімді белсенді түрде тереңдетемін. Ғылым докторы дәрежесін алуды көздеп отырмын. Сонымен қатар, біздің «Нобель» атты ғылыми студенттік клубтың жұмысына белсенді қатысамын. Yessenov Foundation жобаларына да өз үлесімді қосуға дайынмын. Әрине, кітап оқуды, спортпен айналысуды және жаңа достар табуды жалғастырамын, бір сөзбен айтқанда жарқын әрі мазмұнды өмір сүремін! – деп Дильназ сенімді түрде өз ойларымен бөлісті.
Дарынды қазақстандық қыз шәкіртақыны қаржылық қауіпсіздік қорын қалыптастыруға жұмсауды жоспарлап отыр. Қарапайым тілмен айтқанда, оқу кезінде еш қиындық көрмеу үшін қаражатты жинақтайтын болады.
Келесі таныстырғымыз келген жеңімпаз – Эйб Эйбов. Ол 21 жаста, Қызылорда облысының шалғай ауылдарының біріненен, облыс орталығынан 140 км қашықтықта орналасқан елді мекеннен шыққан. Қазір ол Akhmet Yasawi University-де медицина факультетінде білім алып жүр.
– Ғылым саласында дамығым келеді, университетте KazMSA желісі бойынша тағы бір алмасу бағдарламасын ұйымдастырғым келеді. Өз мамандығымды нақты анықтап, сол бағытта дамуды жоспарлап отырмын: халықаралық тағылымдамалардан өтіп, форумдар мен конференцияларға қатысу. Қазір тіл үйреніп жүрмін, спортзалға барамын, тәжірибе жинау үшін жұмыс істеймін. Жазда Түркияда екі апталық тағылымдамадан өту жоспарланып отыр, шәкіртақыны соған жұмсағым келеді. Жақында Өзбекстанда өтетін олимпиада бар, мүмкін өз қаражатымызбен барамыз. Оториноларингология секциясына қатысамын. Ал келесі жылы KazMSA халықаралық алмасу бағдарламаларының байқауында жеңіске жеткім келеді. Бірақ ол үшін тіл деңгейін көтеру керек, – деп өз жоспарларымен бөлісті Эйб.
Шахмардан Есенов атындағы атаулы шәкіртақы Қазақстанда 2013 жылдан бері жыл сайын табысталып келеді. Осы жылдар ішінде оның иегері болып 216 дарынды жас қазақстандық атанды.
10.04.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 14
