Қымбат Оқас
Мамандығы: медицина. «Өрлеу» бағдарламасының жеңімпазы.
Shakhmardan Yessenov Foundation «Өрлеу» бағдарламасына өтінімдер қабылдауын бастады. Сіздерді өткен жылдардағы бағдарлама жеңімпаздарымен таныстырамыз. Қымбат Оқас – Алматы облысының тумасы, Асфендияров ат. ҚазҰМУ-да медицинаны оқып жатқан 19 жасар студент. Ол бағдарлама байқауына қатысып, қордан екі рет бакалавриат грантын жеңіп алған. Қазір ол екінші курсты аяқтап, оған үшінші рет қатыспақшы. Қазақстандық студент өзінің байқауға қатысқаны және ЖОО-да оқуының қалай өтіп жатқаны туралы әңгімелеп береді.
Қымбат, неге медицинаны таңдадыңыз?
Медицина – менің бала арманым. Осы мамандықты игеріп алып, арманымды жүзеге асырамын және жақындарыма көмектесе аламын. Ал адамдарды емдеу – бұл кәсіби міндетім ғана емес, сондай-ақ бұл адами парыз деп санаймын.
Неліктен бұл үшін сізге жоғары білім қажет, денсаулық сақтау жүйесінде жұмыс істеу үшін колледжді де бітірген жеткілікті емес пе?
Барлығы қарапайым: мен жоғары білімді және білікті маман болуға талпынамын. Бұл деңгейге тек жоғары медициналық білімді алу арқылы қол жеткізуге болады.
«Өрлеу» бағдарламасы жайлы біліп, байқауға қалай қатыстыңыз?
Байқау туралы соңғы сәтте білдім. Сол күні мен мемлекеттік гранттарды бөлу нәтижелерін асыға күтіп, ҚазҰМУ сайтын үнемі қарап отырдым. Онда Есенов қорының «Өрлеу» байқауы туралы ақпаратты көріп қалдым. Құжаттарды қабылдаудың соңғы күнінде Ережені оқып, жарты сағат ішінде тиісті дүниенің бәрін жинап, өтінім бердім. Ол қабылданған соң, байқаудың бірнеше кезеңінен өтіп, жарты айдан кейін жеңімпаз атанғанымды білдім.
Yessenov Foundation грантының екі дүркін иегері ретінде биылғы «Өрлеу» байқауының қатысушыларына қандай кеңес берер едіңіз?
Менің ойымша, ең бастысы – өзіңе сенімді болу. Сенімділік мақсаттарыңызға жетудегі маңызды құрал болуы керек. Абай атамыз айтқандай, «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, ақылың мен еңбегің екі жақтап».
ҚазҰМУ-да оқу қалай өтіп жатыр?
2 жыл ішінде медицинада жетістікке жету үшін қызығушылықтан бөлек бірқатар маңызды қасиеттер қажет екенін түсіндім. Мысалы, төзімділік, шынайылық және медицинаға деген үлкен махаббат. Тіпті түнде сабақ оқыған кезде сіз 50-70 беттік тақырыптарды жай ғана оқымайсыз, сонымен бірге оларды түсініп, терминдерді меңгересіз және оларды жұмыста шебер қолдана аласыз. Мен, сондай-ақ клиникалық ойлауды дамыту/қалыптастыру курстарын өтіп жатырмын. Ол курстарда науқастың симптомдары негізінде диагноз қоюды үйренеміз, диагностика мәселелерінде шығармашылық тәсілдемені де оқимыз, түрлі аурулар мен дәрі-дәрмектердің ағзаға әсерін талдаймыз. Тіпті қазірдің өзінде университетте оқу барысында алған білімімді іс жүзінде қолданып келемін.
Алдағы 2-3 жылға қандай жоспарларыңыз бар?
Жоспарларым көп. Мысалы, шетелге оқуға барғым келеді. Маған әлі 7 жыл оқу керек болғандықтан және мамандықты игеру үшін білімді әртүрлі елде алған дұрыс.
Тұратын үй-жай мәселесін қалай шештіңіз?
Жалпы, қор «Өрлеу» жеңімпаздарына тұратын үй-жай мәселесінде қаржылай көмек көрсетеді, бірақ өз басым әпкемнің үйінде тұрып жатырмын.
Қымбат, грант аясында шәкіртақы да төленеді. Оны неге жұмсайтыныңызды сұрасам бола ма?
Шәкіртақының 70%-ы жеке және отбасылық шығындарға, ал қалған 30%-ы қазір оқып жатқан курс пен жолыма кетеді.
Медицинадан басқа неге қызығасыз?
Оқудан тыс өз қызығушылықтарыма уақыт табу қиын – уақыт жоқ. Алайда қолым босағанда Агата Кристидің детектив романдарын оқимын. Айдың басында «Мылқау куәгер» туындысын оқи бастадым. Бірақ қазір сессия уақыты жақындап келе жатқандықтан, дайындық қызу, әзірше барлық қызығушылықтарымды шетке ысырып қойдым.
Сіз қай жерден боласыз? Отбасыңыз туралы айтып берсеңіз.
Мен Алматы облысындағы Шелек ауылында туып өстім. Отбасымыз – бұл анам және бес қыз. Әкем 3 жыл бұрын жұмысындағы оқыс жағдайдан қайтыс болды. Анам хореограф болып жұмыс істейді. Әпкем «Алматы» телеарнасында журналист, ал менен кейінгі екі сіңлім 5-ші және 10-шы сыныпты бітірді. Отбасымыздың ең кенжесі мектепалды даярлық курсын өтіп жүр. Сіңлілерімнің біреуі тіс дәрігері болғысы келеді және келесі жылғы ҰБТ-ға дайындық үстінде.
17.06.24, Жетістік тарихы
Көру саны: 225