Жібек Бекенжанқызы
Мамандығы: химия, фармакология, токсикология, биология. Тағылымдама: Мичиган университеті, АҚШ
Алматылық және де Nazarbayev University түлегі Жібек Бекенжанқызының жасы 27-де. Бірнеше жыл бұрын ол Yessenov Foundation грантын жеңіп алып, әлемдегі үздік зертханалардың бірінде тағылымдамадан өтіп, үлкен тәжірибе жинады. Жас қазақстандық ғалым онда не оқыды және бүгінде немен айналысып жүр? Сұрақтарымызбен оның өзіне жүгіндік.
Дәстүр бойынша алғашқы сұрақ мамандық таңдауға қатысты. Оны қалай және неге таңдадыңыз?Nazarbayev University (Фармакология және токсикология мамандығы) магистратурасында оқып жүргенімде метформиннің сүт безіндегі қатерлі ісік жасушаларына әсерін зерттедім. Әсіресе фармакодинамика мен фармакокинетиканы (дәрі-дәрмек пен ағзаның өзара әрекеттесуі), сондай-ақ олардың қатерлі ісікке әсерін зерттеу өте қызықты болды. Ісік жасушаларымен жұмыс істеу тәжірибеммен ми қатерлі ісігінің ең агрессивті түрлерінің бірі болып есептелетін, ол үшін қазіргі уақытта тиімді емдеу әдістері әлі әзірленбеген глиобластоманы терең зерттей бастадым. Ал осы саладағы зерттеулер саны шектеулі. Осылайша мен ми қатерлі ісігінің биологиясында да мамандана бастадым.
Байқау сіз үшін қалай өтті?
Байқау төрт кезеңнен тұрды: құжаттарды тапсыру, жеке сұхбат, топтық сұхбат және жалпы ой-өріске қатысты тест. Жеке өзіме топтық сұхбат ең қызықты болды, онда көшбасшылық қабілеттерді, тапқырлықты және грант үміткерлеріне деген құрметті көрсету қажет болды. Бұл командалық жұмыста өз-өзіңді көрсетудің тамаша мүмкіндігі болды. Болашақ қатысушыларға, ең алдымен, неге қол жеткізгіңіз келетінін анық түсінуге және келешекке деген нақты мақсаттар мен жоспарлар құруға кеңес беремін. Мұны айта отырып, сіз неге таңдауға лайық екеніңізді байқауда көрсетесіз.
Тағылымдамада немен айналыстыңыз?
Тағылымдама тура 90 күнге созылды. Бірінші айда профессор екеуміз зертхананы нөлден бастап салдық. Келесі екі айда мен дәрі-дәрмектердің макрофаг пен глиобластоманың өзара әрекеттесуіне қалай әсер ететінін зерттедім. Біз макрофагтарда 884 дәрі-дәрмекті сынап көрдік және түрлі ақуыздардың концентрациясын өлшедік. Нәтижесінде макрофагтар арқылы глиобластомаға қандай препараттардың әсер ете алатынын білдік. Әртүрлі құралдармен, соның ішінде ағындық цитометриямен және жоғары ажыратымдылықтағы микроскоптармен жұмыс істедім. Бұл жасушалық өзара әрекеттесулерді нақты өлшеуге және егжей-тегжейлі талдау жасауға көмектесті.
Болашақ қазақстандық-тағылымгерлермен қандай лайфхактарды бөлісе аласыз?
Тез тіл табысатын болыңыз және жаңа жерде көбірек танысуға тырысыңыз. Үйден алыс жүргенде, әсіресе қиын сәттерде қолдаудың болуы маңызды. Сонымен бірге мансаптық өсуіңізге қызығушылық танытатын және өз білімін бөлісуге дайын тәлімгер-профессорды тапқан жөн. Тиімді нетворкингке ұмтылып, ашық болыңыз және түрлі ғылыми конференцияларға қатысу мүмкіндігін жіберіп алмаңыз.
Жібек, Сіз үшін америкалық тағылымдаманың негізгі нәтижелері қандай?
Зертхананы нөлден құру – мен тікелей қатысқан нәрсе. Бұл – керемет тәжірибе. Біз жабдықтарды сатып алдық, жеткізушілермен келіссөздер жүргіздік, жабдықтардың оңтайлы орналастыруын ескере отырып, логистикамен және кеңістікті жоспарлаумен айналыстық. Бас миындағы қатерлі ісік жасушаларының 3D модельдерімен жұмыс істеу тәжірибесі де елеулі орын алды. Олар ерекше тәсілді қажет етеді, ал олармен жұмыс істеу әдісі біршама күрделі. Мен, сондай-ақ бірнеше ғылыми конференцияға қатысып, басқа зертханалармен жұмыс істеп көрдім. Бұл – үлкен әрі өте құнды тәжірибе. Біз, қазақстандықтар, халықаралық аренада бәсекеге қабілетті екенімізге және білім деңгейіміз американдықтармен сәтті бәсекелесуге мүмкіндік беретініне көз жеткіздім. Тағылымдама аяқталған соң мен өз профессорымнан нейрохирургия бөліміне жұмысқа шақыру алдым.
Бос уақытыңызда немен айналыстыңыз?
Мичиган штаты – өте әдемі және жасыл, сондықтан мен демалыс күндерімді саябақтарда серуендеп, Анн-Арбор қаласын зерттеуге тырыстым. Баскетбол командалары Detroit Pistons және Detroit Tigers матчтын көру үшін Детройтқа барып қайттым. Американдық футболды түсінуге үйреткен көптеген жаңа достарды таптым. Жаңа Орлеанға барып, ондағы жанды джаздан ләззат алдым.
Қазір немен шұғылданып жүрсіз және жоспарларыңыз қандай?
Yessenov Foundation тағылымдамасынан кейін келіп түскен профессордың шақыруын қабылдадым және Мичиган университетінің нейрохирургия бөлімінде ғылыми қызметкер болып жұмыс істеймін. Бұрынғыдай дәрі-дәрмектердің макрофагтар мен глиобластомаға әсерін зерттеймін. Болашақта дәрі-дәрмектердің мидың қатерлі ісік жасушаларымен өзара әрекеттесуін зерттеуді жалғастыру үшін медициналық химияның докторантурасына түсуді жоспарлап отырмын.
23.12.24, Жетістік тарихы
Көру саны: 3