YLP 2025: БАЙҚАУ БАСТАЛДЫ
Shakhmardan Yessenov Foundation Yessenov Launch Pad бағдарламасына өтінім қабылдауды аяқтады. Бағдарлама қордың негізін қалаушы, кәсіпкер әрі меценат Ғалымжан Есеновтың бастамасымен құрылған. Бұл жолы қосымша білім алуға арналған 10 грант үшін 94 жас қазақстандық бақ сынайды. Қазіргі уақытта өтінімдер сарапшылардың бағалауынан өтіп жатыр. Келесі кезеңге өткен қатысушылармен қор қызметкерлері және де жаттықтырушы-психолог сұхбат жүргізеді. Ал жеңімпаздардың есімдері 10 қарашада белгілі болады.
– Yessenov Launch Pad бағдарламасы өзінің кәсіби және жеке даму дағдыларын (soft skills) жетілдіруге ұмтылған студенттерге, магистранттарға, докторанттарға және жас зерттеушілерге арналған. Бұл олардың жұмыс барысында да, өмірде де жоғары деңгейде шешім қабылдауға көмектесетін білім мен дағдылар. Өтінімдердің жыл сайын артуы қазақстандық жастардың hard skills пен soft skills – кәсіби және тұлғалық даму дағдыларын меңгеруге деген қызығушылығының артқанын көрсетеді. Мысалы, 2022 жылы бар болғаны 39 өтінім қабылдасақ, келесі жылы олардың саны 63-ке жетті. 2024 жылы – 76, ал биыл грантқа үміткерлер саны 94-ке дейін өсті», – деді Yessenov Foundation бағдарламаларының менеджері Айгерім Султан.
Қатысушылар ауқымы
Байқауға 58 қыз және 36 жігіт қатысуда. Олар елдің түкпір-түкпіріндегі 42 жоғары оқу орны мен ұйымның өкілдері. Бұл дерек бағдарлама географиясының кеңдігін және оның түрлі өңірлерден шыққан студенттер мен жас мамандар үшін тартымды екенін көрсетеді.
ЖОО-лар
Ең көп өтінім Nazarbayev University студенттерінен келіп түсті – барлығы 15 қатысушы. Сондай-ақ, айтарлықтай белсенділік танытқан Қарағанды медицина университеті (7 өтінім) мен Л. Н. Гумилёв атындағы Еуразия ұлттық университеті (6 қатысушы). Одан кейінгі орында – Satbayev University (5 өтінім) және Астана медицина университеті (4 өтінім). Елдің өзге 37 жоғары оқу орны мен ұйымы байқауға бір, екі немесе үш үміткерден ұсыныплып отыр.
Білім деңгейі
Қатысушылардың академиялық құрамы кең ауқымды қамтиды. Ең ірі топты зерттеу зертханалары мен университет орталықтарында жұмыс істейтін 23 ғылыми қызметкер құрайды. Бакалавриат студенттері арасында ең белсендісі – үшінші және төртінші курс студенттері, олардан барлығы 32 өтінім түскен. Сонымен қатар, YLP 2025 бағдарламасына 8 докторант, 7 интерн және 13 магистрант қатысуда. Қатысушылар құрамын бакалавриаттың бесінші курсындағы 5 медицина студенті түйіндейді.
Мамандану бағыттары
Қатысушылардың мамандық салалары да алуан түрлі. Байқауға қатысушылар арасында ең танымал бағыттар – жалпы медицина, компьютерлік ғылымдар, IT және ақпараттық технологиялар, сондай-ақ неврология мен хирургияны қамтитын тар бейінді медициналық мамандықтар. Yessenov Foundation грантына үміткерлердің арасында Data Science және деректер аналитикасы, математика мен биоғылымдар саласы, соның ішінде биомедициналық инженерия, биология және биотехнология бойынша білім алып жүрген қатысушылар бар. Бұған қоса, өтінім бергендердің арасында болашақ экономистер мен қаржыгерлер, сондай-ақ инженерия, физика, химия, экология және сәулет өнері бағыттарының студенттері де кездеседі.
– Үміткерлердің бағдарламаның пәнаралық сипатын сезініп, қор гранты есебінен қосымша білім алу олардың алдында жаңа мүмкіндіктер ашатынын түсінгеніне қуаныштымыз. Әсіресе бұл ғылым, технология және бизнес тоғысындағы бағыттарда еңбек етіп жүрген жастарға қатысты, – деп А. Султан статистикалық деректерге пікір білдірді.
Алда не күтіп тұр?
Қазіргі уақытта Yessenov Launch Pad 2025 бағдарламасы өтінімдерді сараптамалық бағалау кезеңінде тұр. Бұл кезең 27 қазанға дейін жалғасады. Бағалау нәтижесінде шамамен 40 финалист анықталып, олар қордың сарапшыларымен және де жаттықтырушы-психологымен сұхбаттан өтеді. Осы үміткерлер он гранттың бірін иелену мүмкіндігіне ие болады. Қорытынды кезең 29 қазан мен 7 қараша аралығында өтеді, ал жеңімпаздардың есімдері 10 қараша күні Yessenov Foundation сайтында ресми түрде жарияланады.
Yessenov Launch Pad бағдарламасы академик Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының портфолиосында 2022 жылдан бері жүзеге асып келеді. Бағдарлама қатысушыларға икемді (жеке даму, soft skills) және/немесе кәсіби (hard skills) дағдыларды дамытуға бағытталған қосымша білім алуға арналған гранттар ұсынады. Биыл қор жалпы 10 грант беруді жоспарлап отыр, әрқайсысының мөлшері 600 мың теңгеге дейін.
20.10.25, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 306
