YESSENOV FOUNDATION АЗ ҚАМТЫЛҒАН ТАЛАПКЕРЛЕРГЕ 10 ГРАНТ БӨЛДІ

Shakhmardan Yessenov Foundation жоғары білім алғысы келетін, бірақ қаржылық жағдайы оған мүмкіндік бермейтін мектептердің, балалар үйлерінің, колледждердің түлектеріне арналған жаңа «Өрлеу» бағдарламасының басталғаны туралы хабарлады. Аталмыш бағдарлама аясында қор 20-шы шілдеге дейін байқауға өтінімдер қабылдайды. Есімдері 18 тамызда белгілі болатын  10 жеңімпазға қайырымдылық ұйымы олардың таңдауы бойынша бакалавриатта бір жылдық оқу ақысын төлейді. Бағдарламаның ақпараттық компаниясы қалай жүріп жатыр және де жеңімпаздар қалай таңдалады?

 

– Бағдарлама – аз қамтылған отбасылардан шыққан дарынды балалар үшін үлкен мүмкіндік. Еліміз үшін көп еңбек сіңірген академик Шахмардан Есеновтың туғанына 95 жыл толуына орай, біз мұқтаж жандарға көмек көрсету, олар үшін әлеуметтік саты болу маңызды деп санаймыз. Әрине, бір шартпен, егер олар шынымен де кедейліктің тұйық шеңберін бұзып, өмір сүру сапасын жақсартқысы келсе, – деді қордың атқарушы директоры Айғаным Малишева.

Байқауға мемлекеттік грантқа ие бола алмаған, алайда жоғары білім алуға ұмтылатын мектеп оқушылары, балалар үйлерінің, жасөспірімдер үйлерінің және колледждердің түлектері, жетім балалар, ерекше қажеттіліктері бар балалар қатыса алады. Ең маңызды критерийлер: төмен табыс, жақсы оқу үлгерімі және қатысушының мотивациясы.

– Наурыз айында халықты жаңа мүмкіндік туралы хабардар ету үшін жергілікті билік пен әлеуметтік қамсыздандыру орталықтарынан және балалар үйлерінен көмек сұраған болатынбыз. Өйткені, олардың «Өрлеу» бағдарламасының мақсатты аудиториясына тікелей қолжетімділігі бар. Бағдарламаның барлық қазақстандықтар үшін ашық екенін ескере отырып, әрине, әрбір мектепке, колледжге, қала мен облысқа жеке-жеке бару тиімсіз. 240-тан астам ұйыммен байланысқа шықтық. Олардың ішінде барлық облыстар мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктері – Алматы, Нұрсұлтан, Шымкент, аз қамтылған жасөспірімдермен жұмыс істейтін коммерциялық емес ұйымдар, білім беру ұйымдары (басқармалар, бөлімдер, мектептер) бар, сондай-ақ бағдарлама туралы ақпаратты Қазақстанның 253 колледжіне жібердік. Барлығына көрсетіп жатқан көмектері үшін ризамыз. Күн сайын мектеп директорларынан, әкімдік қызметкерлерінен, ата-аналардан қоңыраулар қабылдаудамыз, және жасөспірімдердің өздеріде жазып, қызығушылық танытып жатады. Біз кез келген сұрақтарға жауап беруге, көмектесуге дайынбыз, – деп «Өрлеу» бағдарламасының үйлестірушісі Айгерім Султан түсіндірді.

Бағдарлама ережесінде мәлімделгендей, қордан жоғары білім алу гранттарын жаратылыстану ғылымдарын, математика мен статистиканы, ақпараттық-коммуникациялық технологияларды, инженерлік, өңдеу және құрылыс немесе денсаулық сақтау салаларын таңдаған жастар иелене алады. Грант тек бір академиялық жылға бөлінгенімен, жыл сайын грант иегері байқауға қатысып, оқуын жалғастыру үшін оны қайтадан жеңіп ала алады.

– Біз мұны жастарды оқуда жақсы нәтижелерге ынталандыру үшін жасадық. Егерде бірден бакалавриаттың 4 жылын төлесек, бұл мүмкін болмас еді, – деп Ш.Есенов қорының шешімін оның жетекшісі А.Малишева түсіндірді.

Бағдарлама қатысушыларының жақсы оқуы үшін грант берілетін жыл ішінде қор жоо-на семестрлер бойынша төлем жасайтын болады, бұл жеңімпаздар үшін жақсы ынталандыру болып табылады, деп есептейді ұйым өкілдері. 2022-2023 оқу жылына оқу ақысы бойынша шектеусіз 10 грант бөлінеді. Қосымша, Shakhmardan Yessenov Foundation болашақ басқа қаладан келген  студенттерге қажет болған жағдайда тұрғын үй, тамақтану және интернет ақысын төлеуге айына 140 мың теңгеге дейін шәкіртақы төлейтін болады. Жаңа бағдарламаның бастамашылары үшін ең бастысы – білім алу арқылы өмірін жақсартқысы келетін мұқтаж жас қазақстандықтарға көмек көрсету мүмкіндігі.

– «Өрлеуге» өтінімдер қабылдау 20 шілде күні астана уақыты бойынша сағат 15.00-де аяқталады, ал жеңімпаздарды тамыз айында, мемлекеттік білім грантын жеңіп алғандар тізімі жарияланғаннан кейін бірнеше күн өткен соң анықтайтын боламыз, – деп толықтырды А.Султан.

«Өрлеу» бағдарламасының байқауы 2 кезеңде өтеді. Бірінші кезеңде қор қызметкерлері үміткерлердің құжаттарын зерделейді  – үлгерімін, уәждемесін, қаржылық жағдайын бағалайды. Екіншісінде жеке және топтық онлайн сұхбаттар өтеді, білімдері мен жеке қасиеттері бағаланады. Ол үшін бұл кезеңде оған кәсіби психолог қатысады.

Барлығы, 2013 жылдан бастап – академик Ш.Есенов атын. ғылыми білім беру қорының құрылған жылы – 1700-ге жуық жас қазақстандықтар қордың тікелей грант иегері атанды.

20.06.22, Жаңалықтар

Көру саны: 196

Другие новости