YESSENOV FOUNDATION ШАХМАРДАН ЕСЕНОВ АТЫНДАҒЫ АУДИТОРИЯНЫ АШТЫ

25 тамыз күні Алматыда Satbayev University қабырғасында аса көрнекті ғалым, ғылым ұйымдастырушысы және мемлекет қайраткері Шахмардан Есеновтің есімі берілген оқу аудиториясы ашылды. Аудиторияның салтанатты ашылуы академиктің 98 жылдығына арналды. Іс-шараға Shakhmardan Yessenov Foundation негізін қалаушы Ғалымжан Есенов, Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев, ғалымның туыстары мен әріптестері қатысты. Жобаны толықтай қаржыландырып, жүзеге асырған – Yessenov Foundation.

Салтанатты ашылу барысында сөз сөйлеген Ғалымжан Есенов, аудиторияның Қазақстандағы тұңғыш техникалық университетінде ашылуын өзінің отбасы үшін ерекше оқиға деп атап өтті:

– Satbayev University – менің атамның өмірінде шешуші рөл атқарған орын. Дәл осы жерде оның үлкен жолы басталды. Дәл осы оқу орнында академик Қаныш Сәтбаев оның бойынан зор әлеуетті байқап, ұстаздық етті. Мен, бүгінгі студенттер – елдің болашағын айқындайтын кадрлық әлеует екеніне сенемін. Бұл аудитория күш-қуаттың, шабыттың және тоқтаусыз дамудың ордасына айналсын. Мұнда ел тағдырын өзгертетін идеялар дүниеге келсе екен деймін. Осы жерге кірген әрбір жан зерттеушінің, жаңашылдың, елін шын сүйген әрі оның болашағына сенген адамның рухын сезінсін.

Satbayev University ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде Шахмардан Есенов есімінің Қазақ политехінің тарихында айрықша маңызға ие екенін атап өтті. Оның өмірі – Отанға адал қызметтің үлгісі.
– Дәл осы заманауи аудиторияда, ғалымның есімімен байланысты жерде, оның ісін жалғастыратын жаңа буын қалыптасады деген сенімдемін. Бұл аудиторияның ашылуы – ұрпақтар сабақтастығының нышаны әрі университетіміздің Қазақстандағы жаңа ғылыми және инженерлік көшбасшылықты қалыптастыру жолындағы кезекті қадамы, – деді ректор.

Yessenov Foundation жобалар менеджері Григорий Ли атап өткендей, Есенов атындағы аудитория студенттерге жайлы жағдайда білім алуға мүмкіндік береді. Мұнда дәрістер, презентациялар мен бірлескен жобалар үшін заманауи мультимедиялық технологиялар орнатылған. Аудитория эргономикалық жиһазбен жабдықталып, қабырғалардың біріне Шахмардан Есеновтің өмірі мен жетістіктерінің хронологиясы бейнеленген.

Жобаның авторы – Shakhmardan Yessenov Foundation-ның ұзақ жылғы серіктесі, белгілі қазақстандық сәулетші және урбанист Чингиз Батырбеков:
– Бастапқыдан-ақ студенттерге артық нәрседен алшақтап, интеллектуалды ізденістерге шоғырлануға мүмкіндік беретін орта құруды көздедік. Басты мақсатымыз – жайлы әрі ыңғайлы кеңістік жасау болды. Нәтижесінде аудитория жарық, минималистік үлгіде жасалды. Мұнда артық ештеңе жоқ. Жарықтандыру жүйесі сапалы, түс беру коэффициенті жоғары және көзге зиянды мерцаниясыз. Материалдарды таңдауда да акустикалық жайлылыққа ерекше мән берілді. Еденге дыбысты жақсы жұтатын ковролин төселді, ал төбедегі фактуралы әрі кеуекті сылақ дыбыс толқындарын дисперсиялап, кеңістікке қолайлы акустика береді. Орындықтар кең, эргономикалық пішінге ие, пластиктен жасалған және ауа айналымы үшін ойықтар қарастырылған. Біз өз алдымызға қойған мақсатқа толық жеттік деп ойлаймын. Бұл аудитория студенттерге ыңғайлы да тиімді білім алуға жағдай жасайды, – деп бөлісті жобаның авторы.

Еске сала кетейік, Шахмардан Есеновтың ғылыми жаңалықтары мен мемлекеттік қызметі Қазақстан экономикасы мен ғылымының дамуына берік негіз қалады. Көрнекті геолог әрі ғылым ұйымдастырушысының еңбегінің арқасында Жезқазған, Жаңаөзен, Қаражанбас, Жетыбай, Қаламқас, Бозащы және басқа да ірі мұнай, газ, мыс кен орындары ашылып, игерілді. Сондай-ақ Маңғышлақ түбегі Қазақстан құрамында қалды. Шахмардан Есенов Қазақ КСР-інің геология министрі, Қазақстан Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары, академик және Қазақстан Ғылым академиясының президенті қызметтерін атқарды. Бүгінде Shakhmardan Yessenov Foundation оның өмірлік ісін жалғастырып, еліміздің зияткерлік әлеуетін арттыруға үлес қосуда. Қор жас қазақстандық дарындарды қолдау үшін түрлі гранттық бағдарламаларды жүзеге асырып келеді.

27.08.25, Жаңалықтар

Көру саны: 1,470

Другие новости