YDL – ӨЗІНДІК БЕТ-БЕЙНЕСІ БАР МЕКТЕП
5 мамырға дейін Shakhmardan Yessenov Foundation үлкен деректермен жұмыс істеу дағдыларын меңгеріп, оларды өз мансабында пайдалануды армандайтын білікті және ынталы жас қазақстандықтардан өтінімтер қабылдайды. Yessenov Data Lab 2025 (YDL) – деректер талдаушыларына арналған алтыншы жазғы мектеп алдыңғыларынан несімен ерекшеленеді? Бұл сұраққа бағдарлама менеджері Григорий Ли жауап береді.
Yessenov Data Lab аналитиктерге арналған интенсивті жазғы мектебі алғаш рет 2018 жылы қордың құрылтайшысы, кәсіпкер әрі меценат Ғалымжан Есеновтың бастамасымен өткізілді. Осы уақыт ішінде бұл мектепте 96 жас қазақстандық білім алды.
YDL-де бұрынғы мектептерде болмаған қандай ерекшеліктер болады?
Мектеп 16 маусым мен 11 шілде аралығында өтеді. Бірінші жаңалық – бұл гибридті формат. 4 аптаның 2 аптасы онлайн форматта өтсе, қалған 2 аптасы Алматыда, тұрақты серіктесіміз AlmaU базасында оффлайн түрде өтеді. Екіншіден – бұл оқу бағдарламасы. Ол ерекше мықты болады.
Сөз қызықты тақырыптар жайлы ма, әлде спикерлердің деңгейі туралы ма?
Екеуі де. Биылғы жылы бұл факторлар Yessenov Foundation ұйымдастыратын талдаушылар мектебінің мүлде жаңа деңгейге шыққанын көрсетеді. Сол секілді, YDL лекторлары да өз мансабында жаңа биіктерге көтерілді. Мысалы, информатика ғылымдарының докторы Тимур Бакибаев бүгінде Narxoz университетіндегі Сандық трансформация институтының директоры болып тағайындалды. Бұрын бізбен бірге жұмыс істеген Владислав Ющенко қазіргі уақытта Лондондағы Meta компаниясының машиналық оқыту бойынша аға инженері қызметін атқарады. Биыл алғаш рет мектептің лекторы ретінде Google DeepMind компаниясының зерттеуші инженері Никита Саксена шақырылды. Ол Gemini жүйесін жетілдірумен айналысады, әсіресе мультимодальды түсіну (жасанды интеллекттің мәтін, сурет сияқты әртүрлі деректер түрімен бір уақытта жұмыс істеуі) және генеративті мүмкіндіктерін (жаңа мәтін, бейне, музыка сияқты контентті өздігінен жасау қабілеті) дамыту бағытында еңбек етуде. Никитаның дәрістері ағылшын тілінде өтеді. Сондықтан биылғы жылы бағдарлама жеңімпаздарының ағылшын тілі деңгейі бұрынғыдан да маңызды болмақ. Қатысушылар тек терминологияны ғана емес, лектормен еркін қарым-қатынас жасау үшін тілді толыққанды меңгеруі тиіс.
Оқу бағдарламасы қандай болады?
Математика ғылымдарының докторы, AlmaU университетінің Сандық технологиялар мектебінің деканы Қуаныш Әбишев машиналық оқыту тақырыбында дәріс оқиды. Бір апталық курсы барысында қатысушылар предиктивті талдау (болжам жасау) мен машиналық оқытудың негізгі әдістерін меңгереді. Жоғарыда аталған Тимур Бакибаев YDL аясында деректермен жұмыс істеуге арналған Python бағдарламалау тілінің үздік тәжірибелерін және чат-боттармен жұмыс істеуді үйретеді. Үшінші аптаның тақырыбы – үлкен тілдік модельдермен жұмыс істеудің теориясы мен практикасы. Бұл аптаны YDL лекторлары қатарына алғаш рет қосылған Никита жүргізеді. Ал соңғы аптада Владиславтың дәрістері арқылы қатысушылар компьютерлік көру, терең оқыту әдістері мен нейрондық желілер туралы білім алады.
YDL 2025 бағдарламасынан жасанды интеллекттің өмірімізге енуі тенденциясы қалай көрініс табады?
Аналитиктерге арналған алтыншы Yessenov Data Lab жазғы мектебі биыл жасанды интеллекттің оқу бағдарламасына енуі жағынан да өзгеше болады. ChatGPT, Gemini, DeepSeek, Grok сияқты жүйелер енді сиқыр емес – бұл YDL 2025 қатысушылары саналы түрде түсініп, нақты қолдануды үйренетін құралдар. Олар бұл модельдердің ішкі құрылымы мен логикасының қалай жұмыс істейтінін зерттейді: сіз сұраныс жібергенде не болатынын, жауаптың қалай құрылатынын, мұндай модельдерді нақты міндеттерге бейімдеп қайта оқыту жолдарын және олардың тиімділігін үнемі арттыру тәсілдерін меңгереді.
Бағдарламаның басты тақырыптарының бірі – үлкен тілдік модельдерді (LLM) чат-боттар мен сандық шешімдерге интеграциялау. Мұндай шешімдер бизнес пен күнделікті өмірдегі процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Мысалы, электроника дүкенінің чат-боты тек тауар жайлы кеңес беріп қана қоймай, оны брондап, курьер шақырып, клиентке хабарлама жібере алады. Ал сұлулық салонының боты жазбаны қабылдап қана қоймай, шебердің кестесімен синхрондалып, қабылдау тоқтатылған жағдайда балама уақыт ұсынуға және қабылдауды еске салуға қабілетті.
Мектеп қатысушылары жасанды интеллектке негізделген қарапайым «чат-бот» деген сөздің артында көп деңгейлі архитектура, деректермен мұқият жұмыс, модельдерді дұрыс таңдау және инфрақұрылымдық шешімдер жатқанын көре алады. Осындай терең түсінік пайдаланушы мен маманның арасын айқындайды. Ал бұл білімдер бүгінде кез келген салада – электронды коммерциядан бастап денсаулық сақтау саласына дейін – барған сайын сұранысқа ие болуда.
Биыл Есенов қоры ұйымдастыратын талдаушыларға арналған жазғы мектепке іріктеу қалай өтеді?
Бәрі дәстүрлі форматта өтетін болады. 5 мамырда өтінім қабылдау аяқталған соң, үш кезеңнен тұратын байқау басталады. Нәтижесінде, YDL-де оқу үшін грант иеленетін 20 жеңімпаз анықталады. Алдымен өтінімтерді қарап, олардың Бағдарлама ережесінің талаптарына қаншалықты сәйкес келетінін бағалаймыз және негізгі кезеңдерге өтуге лайықты үміткерлерді анықтаймыз. Келесі кезеңге өткендердің тізімі 20 мамырда жарияланады. Одан кейін кәсіби тапсырмаларды орындау форматында негізгі бәсеке басталады. Бұл кезеңде алдымен үміткерлер математика мен логика бойынша тест тапсырады, содан соң деректерді талдау бойынша емтиханнан өтеді. Финал – байқаудың үшінші кезеңі – Yessenov Foundation-ның Сараптамалық кеңесімен онлайн-сұхбат форматында өтеді. Толық ақпарат пен байқау кезеңдерінің қалай өтетіні туралы мәлімет YDL ережесінде көрсетілген. Аталмыш құжат қордың ресми сайтында жарияланған. 6 маусымда Yessenov Data Lab 2025 бағдарламасына қатысатын жеңімпаздардың толық тізімін жариялаймыз.
YDL 2025 өз қатысушыларына ең бастысы – білім мен дағдыдан бөлек не береді?
Жазғы мектептің оффлайн кезеңіне (соңғы 2 апта) келетін барлық аймақтық қатысушыларға біз жол шығындарын (ұшақ немесе пойыз билеттері), Алматыда тұру, тамақтану және қонақүйден оқу орнына дейінгі трансфер қызметін толық қамтамасыз етеміз. Интенсивті курсты сәтті аяқтаған барлық қатысушылар Yessenov Data Lab мектебінің сертификатына ие болады. Сонымен қатар, халықаралық білім беру стандарттарына сәйкес келетін AlmaU университетінің академиялық транскрипті де тапсырылады. Алайда бұл бағдарламаның шын мәніндегі ең құндысы – алынған білім мен тәжірибе. Бір ай ішінде қатысушылар үлкен деректерді талдаудың практикалық дағдыларын меңгеріп, теория мен тәжірибені ұштастыра алатын кәсіби лекторлармен тікелей қарым-қатынас орнатады, көкейлеріндегі сұрақтарға жауап алады. Сонымен қатар, Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған пікірлестерімен танысып, құнды нетворкинг орнатады.
14.04.25, Жаңалықтар
Көру саны: 169