Светлана Колесниченко

Мамандығы: микробиология. Тағылымдама: Густав Русси университеті, Франция.

Невропатолог дәрігер Светлана Колесниченко Шымкент қаласының тумасы, жасы 33-те. Ол Қарағанды мемлекеттік медицина университетін тәмамдаған. Shakhmardan Yessenov Foundation қорының грантын жеңіп алған қазақстандық ғалым 2023 жылдың көктемінде онкологиялық ауруларға маманданған әлемдегі үздік зерттеу орталықтарының бірінде тағылымдамадан өтті.

Микробиология қалай менің мамандығыма айналды?
Медициналық университеттің 3-курсында микробиологияға ғашық болдым және университетіміздің ғылыми-зерттеу орталығына бара бастадым. Сол зертханада алғашқы ғылыми жұмысымды орындадым, кейін мені қызметкер ретінде ірі жобаларға қатысуға шақырды. Осылайша дәрігер әрі ғалым ретінде қалыптасуыма ықпал еткен тамаша ұжымның мүшесі атандым.

Есенов қорының байқауы
Байқау туралы ақпаратты маған ғылыми-зерттеу орталығының директоры жіберді. Үмітім аз болса да, сауаланманы толтырып, құжаттарымды дайындап, жіберіп, біраз уақытқа ұмыттым. Алайда бірінші кезеңнен өттім, содан кейін белсенді жұмыс істей бастадым, тағылымдамаға баруға деген ынтам да артты. Байқау өте қызықты өтті. Несімен? Себебі жеңімпаздарды тек құжаттар бойынша емес, жеке және топтық әңгімелесулер арқылы таңдады. Бізді шағын топтарға бөліп, бірлесе тапсырмаларды шештік. Сол кезде грантқа үміткер өзге де тамаша жастармен таныстым. Қордың ұжымы ерекше есте қалды – іріктеу барысында да, тағылымдамадан кейін де қарым-қатынасымыз жылы болды, өте жақсы әсерде болдым.

Неліктен жеңімпаз атандым және қандай кеңес бере аламын?
Еңбекқор әрі табанды адаммын. Ұйымдастырушылар мұны байқады деп ойлаймын, сондай-ақ ғылыми жұмысымды да назардан тыс қалдырмаған болар. Болашақта байқауға қатысатындарға айтар кеңесім – ештеңеден қорықпаңыздар, туындайтын қиындықтарға төтеп беріп, өз мақсатыңызды үнемі есте сақтаңыздар. Нәтиже барлық қиындықты ақтайды. Ал жеңімпаздарға айтарым – зертханаларға хат жазуды мүмкіндігінше ертерек бастаңыздар, себебі шетелдік университеттерде жазғы тағылымдамаларға іріктеу оқу жылының басында-ақ басталып кетеді.

Зертхананы қалай іздедім?
Бұл ұзақ әрі күрделі жол болды. Әлемнің әр түкпіріне – АҚШ, Канада және Еуропа елдеріндегі зертханаларға барлығы 75 хат жаздым. Тек бес профессор ғана жауап беріп, ортақ қызығушылықтарымыз табылды. Олардың екеуі өз зертханаларына шақырды. Соңында Францияны таңдадым. Визаны кешірек алғандықтан, тағылымдама 2023 жылдың наурыз айында ғана басталды. Алайда зертхана іздеу барысында қор бағдарламаларының жеңімпаздары арасынан жаңа достар таптым. Маған көп қолдау көрсетіп, көмектескен Сұлтан Мұсахан болды.

Тағылымдама қалай өтті?
Тағылымдамам онкологиялық ауруларды емдеумен айналысатын әлемдегі ең танымал орталықтардың бірі – Густав Русси институтында өтті. Мұнда әртүрлі жастағы және аурудың әр сатысындағы пациенттерге онкологиялық дерттердің диагностикасы мен емі жүргізіледі. Госпиталь жанында көптеген бөлімшелерден тұратын зерттеу орталығы ұйымдастырылған. Мен қатерлі ісік жасушаларының метаболизмін зерттеу және жаңа терапевтік тәсілдерді іздеу бағытында жұмыс істейтін топтың құрамында болдым. Алайда бұл топтың жұмысы тек онкологиялық аурулармен шектелмейді – ғалымдар адамның иммун тапшылығы вирусы (ВИЧ) мен психоневрологиялық аурулар кезіндегі иммундық жүйенің тежелу механизмдерін де зерттейді. Жетекшім доктор Егор Васецкий болды.

Тағылымдама кеш басталғанына қарамастан, жобамен – шизофренияның патофизиологиясы тақырыбы бойынша – 2022 жылдың желтоқсан айынан бастап қашықтан жұмыс істей бастадым. Астанада сирек кездесетін генетикалық ауру – ДиДжордж синдромы бар екі пациентті таптым. Олар жобаға қатысуға келісім беріп, өздерінің қан үлгілерін және ауру тарихы жөніндегі деректерін ұсынды.

Қандай нəтижеге қол жеткіздім?
Тағылымдама барысында ми жасушаларындағы белгілі бір гендерді «қосу» немесе «сөндіру» арқылы кейбір психиатриялық аурулар кезінде ағзада жүретін үдерістерді модельдеуге мүмкіндік беретін зертханалық үлгі жасадым. Бұл – күрделі генетикалық ауруларды қауіпсіз зерттеу тәсілі және оларды емдеудің жаңа жолдарын табуға мүмкіндік. Жұмыс барысында жасушалық мәдениеттермен жұмыс істеудің жаңа дағдыларын: клондау, трансформация, трансфекция және вестерн-блот әдістерін меңгердім. Бұл – ұқыптылық пен зор төзімділікті талап ететін жұмыс ж2не де мен үшін үлкен сынақ болды. Тағылымдама кезінде шизофрениядағы хромосомалық аномалиялар тақырыбында әріптестеріммен бірлесіп ғылыми мақала жазуға кірістім. Парижде жүргенімде «Créer du lien» атты аутизм мәселелеріне арналған конференцияға да қатысып үлгердім.

Францияда қандай жаңалықтар аштым?
Тағылымдама мен зертхана туралы жалпы әсерім барынша оң. Барлық қызметкерлер өз ісіне жауапкершілікпен қарап, үйлесімді, ынталы және сапалы жұмыс істеді. Қажетті реагенттер мұнда тез әрі оңай жеткізіледі, ал Қазақстанда бұл – алдын ала ұзақ жоспарлауды талап ететін күрделі процесс. Мені ерекше таңғалдырғаны зерттеу ғимаратының ұтымды және сауатты ұйымдастырылуы, сондай-ақ үлгілерді сақтау үшін үздіксіз сұйық азотпен қамтамасыз етілетін өз криоқоймасының болуы. Жаңа технологиялардың ішінде маған конфокальды микроскоппен жұмыс істеу сәті бұйырды. Бұл құрал жасушаны алдын ала сканерлеп, оның үшөлшемді бейнесін көруге мүмкіндік береді. Тағылымдама тек кәсіби тәжірибе ғана емес, өмірлік үлкен сабақ болды. Ұялмауды, осы сәтте өмір сүруді, өз құқықтарың үшін күресуді және жұмыстан демалудың маңызын түсіндім.

Тағылымдама кезіндегі бос уақыт
Демалыс күндері Парижді, оның көрікті жерлері мен мұражайларын араладым. Португалияның керемет Порту қаласына және Нормандиядағы әсем Этрета қалашығына барып қайттым және ұмытылмас әсер алдым. Портуға баруды көптен армандап жүрген едім: бұл жылы шырайлы, көңілді әрі қонақжай қала. Ал Нормандияға достарыммен бірге сапар шектік. Бағдарламамыз өте мазмұнды болды, жолай тағы бес қаланы аралап, Франция мәдениетіне тереңірек бойладық. Тіпті телеграм-арна ашып, онда тағылымдама мен Париж туралы әсерлеріммен бөлісетін күнделік секілді жазбалар жүргізіп отырдым.

Қазір немен айналысып жүрмін және алда не күтіп тұр?
Қазір Канададамын. Зерттеу саласында жұмыс (соның ішінде докторантура мүмкіндіктерін) іздеумен айналысып, дипломды растауға арналған медициналық емтиханға дайындалып жүрмін. Мұнда мен жұмыс істеуді армандайтын әйгілі ғылыми-зерттеу орталықтар өте көп.

24.11.25, Жетістік тарихы

Көру саны: 638