Сұлтан Мұсахан

Назарбаев Университет студенті, 21 жаста, 2015 жылғы жазғы тағылымдаманы Бостон университетінде, профессор Томас Гилмордың зертханасында өтті.

Дәл осы мамандықты таңдауыңыздың себебі неде?
Биологияны таңдауымның негізгі себептерінің бірі – өмірді және өмірге байланысы бар болып жатқан барлық үдерістерге қызығам.  Өлімнің белгілі бір дәрежеде осы үдерістердің бірі екенін түсінемін.  Биологияға ерте жасымнан ақ ұмтылдым. Мектеп кезінің өзінде олимпиадаларға қатысып, биология жайлы тағы бір кітап оқу үшін көп нәрседен бас тарттым. Ғалым болуды армандадым. Қызығушылығым кейінірек университет кезінде арта түсті – қазіргі таңда конкокальдық микроскопия, қатерлі ісік жасушалары және химиотерапия биологиясы салаларын зерттеумен айналысудамын. Соңғысы – химиотерапияның адам денсаулығына келтіретін зиянын азайтуды қарастырады.  Өзіміздің зерттеулеріміз арқылы осы ықпалды барынша әлсіретуге тырысып жатырмыз. Жобаны Мәскеу мемлекеттік және АҚШ-тың Гарвард университеттерімен бірлесіп жүргізудеміз.

Машықтануға түсу үшін өткен байқау туралы айтып кетсеңіз?
Екінші кезеңнен өткен күн бүгінгі күннің өзінде жадымда бар.  Жағымды әсер қалдыру үшін ажарлы киінуге тырыстым.  Моральдық тұрғыдан ұзақ дайындалдым; кездесудің әрбір сәтін жоспарлап алдым. Біра бәсекелестерімді көріп біраз абыржып қалдым, себебі ғылымды осыншалықты көп адам жақсы көреді деп, грант үшін тартысқа түседі деп күтпеген едім.  Бірақ та байқау қиын болғанымен жылы қарым-қатынаста өтті. Ең бастысы – ойлап сезгеніңді сөйлеу және өз өзіңді шынайы ұстау.  Алайда ғылымға деген сүйіспеншілігім, содан соң өз өмірім туралы, біраз жағымсыз қасиеттерім жайлы әңгіме қозғап, талқылау қиынға түсті. Дегенмен де емтиханнан сәтті өттім. Екінші кезең маған адамдармен шын көңілден араласып, білсең, көп нәрсеге қол жеткізуге болатынын көрсетті. Басқа балалар да айтарлықтай ашық мінезді екен, көбімен достасып, қазіргі таңда араласып тұрамыз.

Машықтанудың жалпы сіз үшін пайдасы, сабақтан тыс қандай қызықты жайттар болды?
Әр апта сайын біздің ұлттық тағамдарды әзірлеп тұрдым. Тіпті мен қазы қосылған нағыз бешбармақ та әзірледім. Американдықтар, дегенмен, біздің бұл асымызды толығымен бағаламағанымен, менің тырысқанымды көріп, қуанды. Бостон —  өзінің жайлы атмосферасымен баулайтын тамаша қала, бірақ ол жерде де мен ұлтшылдық, гомофобия, ксенофобияның бар екенін байқап қалдым.  Жергілікті тұрғындар Қазақстан жайлы біле бермейді.  Бұл тағылымдамамның ең жарқын сәті деп қалада, зертханамда кездестірген, қазір достарым дейтін жаңа адамдар деп санаймын. Олар маған көп көмектесті. Зертханада бұрын соңды жасамаған, маған мүлдем жаңа тапсырмаларды соңына дейін орындай алмағаныма қарамастан, әріптестерімнің жағынан түсінушілік болып, зертханада жұмыс жасағанымды бағалады. Профессорыммен бірлесіп киноға барғанымыз, Чарльз өзені бойымен жібек ағашының жидектерін жинап серуендегеніміз әлі есімде! Ол кісімен спорттың әр түрінде өзара жарысып, мексикалық буритодан дәм тату үшін Гарвардқа барып уақытты көңілді өткізгеніміз де бар. Бостоннан алған сабағым – адамгершілікті ұмытпай, адам болу, басқаларға шыдамдылық көрсету.  Осы тағылымдама, жалпы алған осы тәжірибе менің өмірге деген көзқарасымды өзгерткені сөзсіз.

Машықтанудың нәтижесін қалай сипаттай аласыз?
Университетіме оралғаннан бері көріп-білгеніммен өз әріптестеріммен бөлісудемін. Еліміздің ғылыми держава болып, әлемнің асқан ойшылдарына пана болуын қалаймын.  Демалыстарда химия мен биологиядан жетім балаларға сабақ беремін; мұндағы мақсатым – ғылымды дәріптеу. Содан кейін республикалық мектеп олимпиадасының қазылар алқасының қатарына еніп, қатысушыларға берілетін тапсырмалар мен сұрақтарды құрастырамыз; халықаралық олимпиадаларға іріктеу де жүргіземіз. Сонымен қатар химиотерапия жобасына қатысып жатырмын. Жобаның нәтижелері арқасында қазіргі күнгі рак дертіне қарсы қолданылатын дәрі-дәрмектердің мөлшерлемесін жаңадан қарастыруда ықпалын тигізеді деп сенемін. Ал бұл өз кезегінше көптеген адамдардың өмірін сақтап қалуға көмектеседі деп ойлаймын.  Осы бағытта АҚШ-та алған тәжірибем әрине көмек болады.  Ғылыммен айналысу мен балалар арасында ғылымды дәріптеу мен үшін мұнан былай да бірінші орында қалмақшы.

17.10.17, Жетістік тарихы

Көру саны: 217