KU-дегі ағылшын тілі бағдарламасы: жыл қорытындысы
26 мамырда Shakhmardan Yessenov Foundation Петропавл қаласындағы Kozybayev University-дегі ағылшын тілі бағдарламасы аясында бірінші оқу жылын аяқтады. 152 білім алушы тілді меңгерудің келесі деңгейіне өте алды. Бағдарламаның қалай өткені және қандай аралық нәтижелермен аяқталғаны туралы қайырымдылық қордың бағдарлама үйлестірушісі Айгерім Султан толығырақ айтып береді.
Оқыту тіл иелерімен онлайн режимде өтті. Бағдарламаны аяқтаған 152 адам ішінде қандай топ студенттері бар?
Бұл аталған университеттің 88 студенті мен 64 оқытушысы. Бағдарламаның бірінші жылы 2022 жылдың 4 қазанында басталып, 26 мамырда аяқталды.
Бағдарлама қатысушыларының шет тілін меңгеру деңгейі қаншалықты өсті?
Жалпы, олардың барлығы ағылшын тілі бойынша білімдерін кем дегенде бір деңгейге көтерді деп айтуға болады. Мысалы, егер жыл басында студент А2 (Pre-Intermediate) деңгейіне ие болса, онда соңында сапалы дайындық жағдайында В1 (Intermediate) деңгейіне жетіп қалады.
Бағдарламаны күзде бастаған студенттердің барлығы «финишке» жетті ме?
Жоқ, 15 адам әртүрлі себеппен – бағдарламаны меңгере алмаудан (оларға тіл иелерімен қиын болды) бастап жұмыстағы жүктемеге дейін – оқудан шығып кетті. Мәселен, шетелге алмасу бойынша кеткен немесе басқа университетке ауысқан студенттер де болды. Бұл негізінен А1 және С1 (және А2 деңгейіндегі оқытушылар) деңгейіндегі бағдарлама қатысушыларына қатысты. Оқудан шыққан студенттер орнына жаңалары келді. Оқу жылының басында тестілеу нәтижелері бойынша бағдарламадан өтпеген қатысушылардың резервтік тізімін жасадық. Біз оларды оқу жылының ортасына дейін оқудан шығып кеткендермен ауыстырамыз.
Shakhmardan Yessenov Foundation ағылшын тілі бағдарламасының оқытушысы Энтони Дюрант (Antony Durant, оқытушылар тобын басқарды) бірінші жылдың қорытындысына қатысты өз пікірімен бөлісті:
– Бағдарлама қатысушыларының сөздік қоры артып, жазбаша және ауызекі сөйлеу тілі жақсарды. Ал біздің ең озық студенттеріміз IELTS-ке дайындалу кезінде жақсы тәжірибе жинады. Тестілеу және сабаққа қатысу нәтижелері бойынша 5 тамызда туғанына 96 жыл толған Шахмардан Есенов ат. қор грантына IELTS емтиханын тапсыру үшін 25 үздік студентті (13 оқытушы және 12 студент) таңдадық.
Іріктелген студенттер 15 және 16 шілдеде офлайн режимде IELTS тапсырды. Тестілеуді Kozybayev University мекемесінде Британдық Кеңестің (British Council) мамандары өткізді. Емтихан нәтижесі бойынша екеуі 7, 7.5 және 8.0 (барлығы – 6 адам), төртеуі – 6.5 балл алды, ал тоғыз адам тестті 6.0 баллға тапсырды. Бұл баллдар оқу ағылшын тілінде жүргізілетін кез келген шетелдік университеттегі кез келген дерлік мамандық бойынша бакалавриатқа, тіпті магистратура мен докторантураға түсуге құқық береді.
Студенттермен жұмыс істеген Э.Дюрант әріптесі – Нэйтан Махер (Nathan Maher) былай деп қосты:
– Жалпы, бұл керемет тәжірибе болды. Студенттердің көбісі әдепті, шынайы және ақкөңіл болды. Және онлайн пішімдегі шектеулерге қарамастан, әрқайсысының жеке тұлғасы мен мінезіне таң қалдым: олар шынайы, мейірімді және мақсатқа ұмтылған адамдар. Барлығы дерлік тілді меңгерудің жаңа деңгейіне шыға алды. Мақсатымызға қол жеткізілді.
Бағдарлама қатысушыларының бірі «Машина жасау» мамандығының студенті Тимур Сағденов өз нәтижелері жайлы былай айтты:
– Бұл ауызша мен жазбаша ағылшын тілін жақсартудың тамаша тәсілі. Бастысы – бастама білдіру және мүмкіндігінше тілді қолдануға тырысу. Оқытушының мені мұқият тыңдап, сосын түзетіп, ұсыныстар бергені ұнады. Үй тапсырмасын тексеру де солай болды. Оқуда бағаның болмағаны қатты ұнады, сондықтан прессинг те болмады.
ЖОО-дағы екі факультеттің (математика мен жаратылыстану және химия мен химиялық технологиялар) оқытушысы Дарина Малдыбаева Тимур сөзін келесідей толықтырды:
– Маған IELTS пішімі таныс болды, себебі оны 2021 жылы тапсырып, 6.5 алғанмын. Бағдарламаны оқығаннан кейін оны 7.5-ке тапсырдым, мен үшін бұл өте қуанышты болды.
KU студенті Жәнібек Әділбек сөзін былай түйіндеді:
– Бағдарлама қатысушы грамматика мен жазуда білімін жақсарта алмаса да, ол тамаша сөйлеу тәжірибесін алады, бұл қазірдің өзінде тілді түсіну үшін үлкен даму болып табылады. Тіл иелерінің оқытатыны керемет, осылайша тек тілді ғана емес, сондай-ақ басқа халықтың мәдениетін де жақсырақ біліп алуға болады.
Kozybayev University-дегі ағылшын тілі бағдарламасының екінші жылы күзде басталады. Осы қазақстандық ЖОО-ның жаңа студенттері мен оқытушылары Энтони Дюрант және Нэйтан Махермен бірге ағылшын тілінің деңгейін жетілдіруді жалғастырады. 4 қыркүйекте Kozybayev University-де өтінімдерді қабылдау, ал 2 қазанда сабақ басталады. Еске сала кетейік, Kozybayev University – Shakhmardan Yessenov Foundation ағылшын тілі бағдарламасының конкурсында жеңімпаз атанып, оны қор есебінен 2 жыл бойы жүзеге асыру құқығын алған Қазақстанның төртінші өңірлік жоғары оқу орны. Бағдарлама Bonas MacFarlane Education Kazakhstan көмегімен жүзеге асырылады.
3.08.23, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 471