YESSENOV FOUNDATION БАҒДАРЛАМАЛАРЫНЫҢ ЖЕҢІМПАЗДАРЫ ОҚУШЫЛАРМЕН КЕЗДЕСТІ
2024 жылдың 7 желтоқсанында Алматы қаласында білім беру көрмесі өтті. Бұл іс-шараны grants.kz порталы ұйымдастырды және оған Yessenov Foundation қатысуға шақырылды. Шараға жүзден астам жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты. Көрме аясында Ш. Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының 7 бағдарламасының жеңімпаздары оқушылар алдында сөз сөйлеп, өз тәжірибелерімен бөлісті. Толығырақ – қор бағдарламаларының менеджері Григорий Лимен сұхбатта.
Бұл қандай іс-шара болды?
Grants.kz – білім беру, академиялық мүмкіндіктер мен медиа туралы ақпаратты әлеуметтік желілер арқылы тарататын портал. Бір бағытта жұмыс істеп, ортақ мақсаттарға ұмтылғандықтан, және қор портфелінде оқушыларға арналған Find Your Way бағдарламасы бар болғандықтан, Grants.kz өз көрмелеріне қатысуды ұсынды, ал біз бұл идеяны қолдадық. Көрменің аудиториясы – өз өмірлік және кәсіби жолын таңдағалы тұрған жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары, сондай-ақ шетелде білім алу мүмкіндіктері туралы ақпарат алу арқылы мансаптарын жоспарлауды көздейтін университеттердің бірінші курс студенттері.
Қор көрмеге қалай қатысты?
Біз өз кезегімізде Grants.kz-ке шараны ұйымдастыруда көмектестік, себебі ортақ мақсатымыз бар. Көрмеге қатысқан әр ұйымның өз стенді болды. Әрине, қордың да стенді орналастырылды. Сонымен қатар, арнайы бөлінген залда Find Your Way бағдарламасы аясында қордың 7 жеңімпазы оқушылармен кездесіп, өз тәжірибелерімен бөлісіп, сұрақтарына жауап берді.
Жеңімпаздарыңыз кімдер болды және олар оқушылармен қандай ақпаратпен бөлісті?
Іс-шарада қордың әртүрлі бағдарламаларының жеңімпаздары – Yessenov шәкіртақысы, ғылыми тағылымдамалар, Yessenov Launch Pad және басқа да жобалардың қатысушылары өз тәжірибелерімен бөлісті. Мысалы, front-end әзірлеуші Аида Қасенғалиева академиялық білім мен курстар арасындағы айырмашылық туралы айтты. Гарвард университетінің жас қазақстандық ғалымдары Асқарбек Орақов пен Назгүл Сәкенова – ғылымдағы және өмірдегі жұп – мансап пен қарым-қатынасты қалай үйлестіруге болатынын әңгімеледі. Гастроэнтеролог-гепатолог, PhD кандидаты Арайлым Майкенова білімді қайдан алуға болатыны емес, қалай алуға болатыны маңызды екенін атап өтті. Ұлттық ғылыми зертхана қызметкері Нариман Қайырбеков Есенов қорының ғылыми тағылымдамалары оның жеке өсуіне қалай көмектескені туралы айтты. Назарбаев Университетінің бакалавриат студенті, ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғылыми қызметкері Даниил Филимонов бакалавриаттың мәнін нақты және түсінікті түрде түсіндірді. Ал ҚазҰУ-дың қолданбалы математика пәнінің PhD кандидаты және аға оқытушысы Юлия Сабирова математик мамандығының мүмкіндіктерін ашып көрсетті.
Нәтижелері қандай болды?
Біріншіден, Grants.kz білім беру көрмесінде қонақтармен бөліскен ақпарат құнарлы топыраққа себілді деп сенеміз. Қатысушылар шабыттанып, олардың көздерінен мотивацияның қайта оянғанын байқадық. Бүгінгі көрмеге қатысқан кейбір оқушыларды ертең Есенов қорының бағдарламаларының қатысушылары қатарынан көруіміз мүмкін деп ойлаймыз.
Екіншіден, бұл біз үшін тек мақсатты аудиториямызға өзімізді таныстыру ғана емес, бағдарламаларымыздың жеңімпаздарымен қайта жүздесіп, қарым-қатынасты нығайту мүмкіндігі болды. Мысалы, спикер ретінде қатысқан Аида Қасенғалиева бізге: «Бүгін мен де оқушылармен бірге спикерлердің сөздерінен және атмосферадан шабыттандым. Мұндай ортаға куә болу керемет екен», – деп жазды. Мұндай кері байланыс біз үшін өте құнды.
Шахмардан Есенов атындағы қордың құрылтайшысы, кәсіпкер және филантроп Ғалымжан Есенов бұл туралы былай деді:
– Біз қор бағдарламаларының жеңімпаздарына ризашылығымызды білдіреміз. Тек осы жолы қатысқандарға ғана емес, жалпы өз тәжірибелерімен оқушылармен және студенттермен бөлісуге дайын барша жеңімпаздарға алғысымыз шексіз. Қандай да бір тәжірибені өзің үшін ғана емес, басқаға да жеткізу, дамуға үлес қосу – маңызды. Қор жеңімпаздарының да осындай қоғамдық белсенділікке құштар болғаны қуантады. Біз мұның бәрін не үшін жасап жатқанымызды жақсы түсінеміз. Бұл тек бір іс-шара немесе бағдарлама ғана емес, Yessenov Foundation-ның Қазақстандағы бүкіл қызметі туралы айтып отырмын.
10.12.24, Жаңалықтар
Көру саны: 35