ШАХМАТ ЖАТТЫҚТЫРУШЫЛАРЫН ОҚЫТУ

Шахмардан Есенов атындағы ғылыми-білім беру қоры өзінің шахматты дамыту бағдарламасының аясында екі қазақстандық жаттықтырушыға Мәскеуде төрт жылдық университеттік кәсіби білім алуға гранттар бөлді.

Шахмат бағытында «дене шынықтыру» мамандығын қазақстандықтар күндізгі оқу бөлімінде Ресей мемлекеттік әлеуметтік университетінде (РМӘУ) оқитын болады. Қазақстандық тараптан берілген бес өтінімнен РМӘУ оқуға екі авторды қабылдау туралы растауды жіберді: Оңтүстік Қазақстан облысынан келген 18 жасар жаттықтырушы Асылжан Ережепов пен оның астаналық әріптесі, спорт шеберлігіне кандидат 17 жастағы Ақжан Шопанов. Асылжан мен Ақжан  – қалалық, облыстық және халықаралық жарыстардың бірнеше мәрте жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Ақжан – колледж студенттерінің республикалық спартакиадасының жеңімпазы, ал Асылжан  – жеңістің 70 жылдығына арналған турнирдің жеңімпазы (сайыс Оңтүстік Қазақстан облысында өткен).

– Мәскеуде олар бакалавриат бағдарламасында оқитын болады. Бұл жоба пилоттық нұсқа, және де бұл шахмат ойынын Қазақстанның бастауыш мектептері бағдарламасына пән ретінде енгізу жолындағы алғашқы қадамдар ғана. Келешекте біз қазақстандық жоғарғы оқу орындарында «шахмат жаттықтырушысы» деген мамандықты енгізуге үміттенеміз, – деп әңгімелейді Академик Ш.Есенов атындағы қордың атқарушы директоры Айғаным Малишева. – Қор екі студентке ай сайын шәкіртақы беріп, барлық оқу жылдары бойы Қазақстан мен Ресей арасындағы ұшақпен ұшу шығындарын төлейді. Бұл ретте шәкіртақы студенттердің академиялық үлгеріміне байланысты болады. 1-ші қыркүйек күні олар оқуға кірісті. Оқуды аяқтағаннан кейін Асылжан мен Ақжан Қазақстанға нағыз шахмат жаттықтырушылары әрі шеберлері болып қайтады. Олардың біздің спортшылардың кәсіби өсуіне көмектесетіндігіне сенімдіміз, –  деп қосты.

Грантқа үміткерлерді таңдау облыстық мәдениет және спорт басқармасы, аға жаттықтырушылары, жергілікті шахмат федерациялар басшыларының ұсыныстарын ескере отырып өткізілді. Қазақстандық студенттерді ресейлік университетке қабылдау «Россотрудничество» – ТМД, шетелде тұратын отандастар істері және халықаралық гуманитарлық ынтымақтатстық жөніндегі ресейлік федералдық агенттіктің ықпал етуінің арқасында мүмкін болды. Агенттік басқа елдерден келіп түсетін өтінімдерді жинақтап, оларды оқу орындарының талаптарына сәйкес келетін студенттерді іріктеу үшін РФ Білім министрлігіне береді. Ресейлік жоғарғы оқу орындарының шетелден келген студенттерді қабылдауы Ресей үкіметінің шетелдік азаматтарға білім беруге квоталар туралы қаулысымен реттеледі.

– Академик Ш.Есенов атындағы қор жаттықтырушылардың оқыту бағдарламасын әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отыр. Үміткерлердің кең ауқымын қамтып, сапалы іріктеу өткізу үшін биылғы жылдың қараша айында конкурс жариялайтын боламыз. Ол туралы толығырақ ақпаратты yessenovfoundation.org  сайтынан алуға болады, – деп түсіндірді қоғаммен байланыстар жөніндегі қор маманы Роман Райфельд.

19.09.16, Жаңалықтар

Көру саны: 203

Другие новости