Нұрбол Жұмаділ

Мамандығы: Business Analytics & Big Data. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.

Бұл оқиғаның кейіпкерінің өмір лентасын кері айналдырып көрейік. Бүгінде Нұрбол ЖұмаділArcana Inc. компаниясының техникалық директоры. Ал алты жыл бұрын, 2018 жылы, ол деректер аналитиктеріне арналған Yessenov Data Lab (YDL) жазғы интенсивінің алғашқы тыңдаушыларының бірі болған. Shakhmardan Yessenov Foundation қоры AlmaU-мен бірлесе жыл сайын өткізетін бұл мектеп сол кезде 8 аптаға созылып, толығымен офлайн форматта өткен еді. Ақпараттық технологиялар саласындағы 31 жастағы маман Жамбыл облысының Қаратау қаласында дүниеге келіп, сонда өсті. Ол бұл жолды қалай жүріп өтті және қандай тәжірибесін бөлісуге дайын?

Мамандық таңдау
Университетке түсуге әкеммен бірге бардым. Құжат тапсырған ең алғашқы оқу орным – ҚБТУ болды (мамандығы – «Мұнай-газ ісі»). Алайда әкем үйге қайтқаннан кейін ҚБТУ-дан құжаттарымды алып, оларды ХАТУ-ға (IITU) «Ақпараттық жүйелер» мамандығына тапсырдым. Ол кезде көпшіліктің IT саласы қызметкерлері туралы түсінігі мүлде басқа еді: картридж толтыру, бағдарлама орнату, интернет қосу – бар болғаны осы. Бірақ екі жыл оқыған соң, ата-анамның табанды өтінішін қабылдап, ҚазҰТЗУ-дың (қазіргі Satbayev University) «Мұнай-газ ісі» мамандығына ауыстым. Оқуды аяқтаған сәтте экономикалық дағдарыс басталып, жұмыс табу мүмкін болмай қалды – барлық жерде қысқарту жүріп жатты. Сөйтіп IT саласына қайта оралып, AlmaU-дың магистратурасына «Business Analytics & Big Data» мамандығы бойынша оқуға түстім.

Байқауға қатысу
YDL бағдарламасы сол кезде мен оқып жүрген AlmaU-да өткендіктен, оқытушылар бізге, студенттерге, алғаш рет жүзеге асырылып жатқан жаңа жоба жайлы айтып берді. Бағдарламада қарастырылған тақырыптар менің болашақ мамандығыммен тікелей байланысты болғандықтан, мұны қысқа мерзім ішінде жетіспей жүрген мол білім мен тәжірибені алуға тамаша мүмкіндік деп қабылдадым. Сөйтіп Yessenov Data Lab мектебіне өтінім беріп, байқаудан өтіп, грант ұтып алып, оқуымды бастадым.

Yessenov Foundation-ның YDL бағдарламасы байқауының қатысушыларына арналған кеңестер
Ең алдымен, YDL түлектерінен өткен жылдардағы іріктеулерде қандай сұрақтар қойылғанын сұрап біліңіз, жақсылап дайындалыңыз және кез келген нәтижеге дайын болыңыз. Әр істің бір қайыры бар. Егер биыл өтпей қалсаңыз, бір жылды босқа өткізбеңіз: біліктілігіңізді арттырыңыз, қосымша курстардан өтіңіз және міндетті түрде тағы бір рет байқап көріңіз. YDL мектебі беретін дағдылар сізге сөзсіз көмектеседі. Ең бастысы – дамуды тоқтатпаңыз, өз-өзіңізді біліммен толықтырумен айналысыңыз. Мектеп беретін білім – болашағыңызды құруға, арман-жобаңызды жүзеге асыруға негіз болар мықты іргетас.

YDL-дың басты артықшылықтары
Біріншіден, Ш. Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының жазғы мектебінде қолданылатын оқыту және case study талдау әдісі. Ол нақты бизнестен алынған мысалдарды егжей-тегжейлі зерттеуге негізделген. Бұл әдіс білімнің қажетті тереңдігін беріп қана қоймай, теорияның өмірде қалай қолданылатынын түсінуге, сондай жағдайларда дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Екіншіден, YDL ұсынатын білім деңгейі мен оқытушылар құрамы. Лекторлар – әлемдік деңгейде мойындалған, тәжірибелі мамандар. Үшіншіден, нетворкинг – байланыс орнату мүмкіндіктері, сіз табатын кәсіби отбасы. Мұнда тек лекторлармен, сарапшылармен, шақырылған спикерлермен ғана емес, сондай-ақ студенттердің, пікірлес адамдардың өзара қарым-қатынасы да маңызды. Мұның бәрі болашақта кәсіби байланыстарды дамытып, мансаптық өсуге жол ашады. Біз әлі күнге дейін бірге оқыған түлектермен араласып тұрамыз. Әрқайсысы өз бағытында дамыған, және кез келгеніне көмек сұрап жүгіне аламыз.

Және, төртіншіден, YDL ұйымдастырушылары студенттеріне барынша қамқорлық танытады – тұрғын үйден бастап, тамақтану, жолақы, ноутбук пен оқу орындарына дейін бәрін қамтамасыз етеді. Мектеп аяқталғаннан кейін де қор тарапынан қолдау бар. Бізге үнемі хабарласып, жағдайымызды сұрап, пікірімізді білгісі келеді.

YDL-ден кейінгі жолым қалай өрбіді
Мектепті аяқтаған соң маған Choco компаниясынан жұмыс ұсынылды, сонымен қатар екі басқа компанияда да сұхбаттасудан өтіп жүрдім. Ақырында таңдауым халықаралық JTI компаниясына түсті. Неге? Себебі шетелдік жұмыс тәжірибесін алғым келді және негізінен деректерді өңдеу, заңдылықтарды табу секілді істерден бастауға ниеттендім. Сонымен қатар университетте дәріс оқып, Kaspi Lab-та бағдарламалау курстарын жүргіздім. Пандемия кезінде маған Астанада «ABAI» ақпараттық жүйесін әзірлеуге қатысу ұсынылды. Мен үшін бұл — жаңа кезең, келесі деңгейге көтерілу мүмкіндігі екенін түсіндім. Компанияға python білімімен келіп, Fullstack әзірлеушіге айналдым, бірнеше бағдарламалау тілін меңгердім. Жұмыстағы еңбегімді бағалап, мені әзірлеу секторының жетекшісі етіп тағайындады. Екі жылдан соң қашықтан жұмыс істеу мүмкіндігі беріліп, Алматыға қайта оралдым. Сол уақытта маған Arcana Inc. компаниясында техникалық директор (CTO) болу ұсынылды.

Бүгінім мен ертеңім
Қазір соңғы 5 жыл бойы айналысып келген «ҚазМұнайГаз» үшін «ABAI» ақпараттық жүйесін аяқтап жатырмын. Бұл жоба кен орындарындағы деректермен жұмыс істеуде бірыңғай цифрлық ойлау қалыптастырып, деректерді сақтау, талдау және жасанды интеллектті бір шешімде біріктіреді. Бұл – ауқымды Big Data жобасы. Жобаның басты мақсаты – басқарушылық шешімдер қабылдау уақытын қысқарту және заманауи аналитикалық жүйелерді бизнес-процестерге енгізу арқылы операциялық тиімділікті арттыру. Сондай-ақ ол қосымша бағдарламалық қамтамасыз етусіз-ақ барлау мен өндіру бойынша кез келген деректерді жедел жинауға және визуализациялауға мүмкіндік береді. Осы жұмысқа қоса, соңғы үш жылда Arcana Inc. компаниясында еңбек етіп келемін. Біз Halyk Bank, Jusan, Freedom Bank, ХҚКО, e-Gov үшін тапсырыспен өнімдер әзірледік. Осы уақыт ішінде әрі қарай дамыту қажет өнімдерден тұратын портфолио қалыптасты. Сонымен қатар «Corporoom» деп аталатын жаңа өнім бар, ол қазір ғана іске қосылып, инвестиция тарту кезеңінде тұр. Бұл – менің жаңа мақсатым: командамен бірге және өнімдерімізбен халықаралық нарыққа шығу.

Бос уақыт болғанда…
Белсенді демалысты ұнатамын. Қысты жылы өлкелерде өткіземін. Биыл – Тайландта, Қытайда және Вьетнамда болдым. Маусым сайын аңшылықпен және балық аулаумен айналысамын. Көбіне бұл оңтүстік өңірлерде өтеді, бірақ қазақстандық солтүстіктің жаңа жерлерін де ашқым келеді – ол жақты қатты мақтайды. Үш жылдан бері суық сумен құйынып жүруді әдетке айналдырдым.

 

25.09.25, Жетістік тарихы

Көру саны: 465