НИКИТА САКСЕНА: ҚОРЫҚПАҢЫЗ ЖӘНЕ ӘРЕКЕТ ЕТІҢІЗ!

Никита СаксенаGoogle DeepMind компаниясының зерттеуші-инженері. Ол — биылғы Yessenov Data Lab (YDL) жазғы мектебінің төрт лекторының бірі. YDL тарихында алғаш рет биыл сабақтар ағылшын тілінде өтті — бұл бағдарлама іске асырылған жеті жыл ішіндегі алғашқы тәжірибе. Біз жас маманмен кездесіп, IT саласындағы трендтер мен кез келген салада өз кәсіби жолын енді бастағандарға арналған кеңестері туралы әңгімелестік.

Никита, егер өзіңізді бірер сөйлеммен таныстырып, кәсіби деңгейіңіздің жоғары екенін бірден ұғындыру керек болса, не деп айтар едіңіз?
Сан-Францискода тұрамын және Google DeepMind компаниясында жұмыс істеймін. Жасанды интеллект саласындағы зерттеулермен бакалавриат кезінде айналысу бақыты бұйырды — бұл менің бүгінгі жетістігіме негіз болған себептердің бірі. Ғылыми бағытта — физика мен биологияда — ЖИ-мен жұмыс істеу тәжірибем бар. Қазіргі таңда үлкен тілдік модельдермен, нақтырақ айтсақ, кескіндерді түсіну бағытында жұмыс істеймін. Өзімді кәсіби маман деп санайтын басты себеп — әртүрлі салалардағы тәжірибем: тек тілдік модельдермен емес, визуалды тапсырмалар мен ғылыми жобалармен де айналыстым. Екінші маңызды тұс — мен араласқан орта. Өз бетіңше үйрену маңызды, бірақ қасыңдағы адамдардан үйрене білу — одан да құнды. Бұл қасиет маған университетте, тағылымдамадан өту кезінде және, әрине, DeepMind-та көп көмектесті.

Айтпақшы, Google DeepMind-тағы рөліңіз туралы толығырақ айтып беріңізші. Нақты немен айналысасыз?
Мен — инженер-зерттеушімін, қазіргі таңда Gemini жобасында жұмыс істеймін, оның ішінде — кескіндерді түсіну бағытына жауаптымын. Міндетім — эксперименттер жүргізу, модельдің әлі меңгермеген тұстарын анықтау және оны жетілдіру жолдарын табу. Бұл — деректермен, бағалау әдістерімен және оқыту стратегияларымен жұмыс істеу арқылы жүзеге асады.

Gemini сурет жасай алмайды ғой…
Иә, алайда әзірлеушілерге арналған API-нұсқасы бар — ол сурет генерациясын қолдайды, ол үшін тек дұрыс модельді таңдап қосу жеткілікті.

Жалпы, кәсіби жолын енді бастап жатқан, тіпті әлі мектепте оқитын жастарға — тек IT емес, кез келген салада — қандай кеңес немесе лайфхак берер едіңіз?
Ең алдымен, мықты байланыстар құруды үйрену өте маңызды — бұл әрі индустрия, әрі академиялық ортадағы адамдармен қарым-қатынасқа қатысты. Қорықпаңыз, өзіңіз бірінші болып байланысқа шығыңыз, идеяларыңызбен бөлісіңіз, пікір алысыңыз. Үйренудің ең тиімді жолы — идеяларыңызды сынап, оларды шыңдайтын орта табу. Екінші — мотивацияны жоғалтпай, ашық болу. Бүгінгі трендтер жылдам өзгеріп жатыр, сондықтан солардың артынан соқыр түрде ерудің қажеті жоқ. Оның орнына берік іргетас болатындай терең білім алыңыз және оны нақты жобаларда қолданыңыз. Бұл қиын емес: достарыңызды жинап, бір жоба бастаңыз, өз зертханаңыздағы немесе басқа елдегі профессорға жазыңыз. Ең бастысы — қорықпау және әрекет ету.

Бүгінде IT саласындағы ең маңызды трендтер қандай?
Бірінші
— бұл деректердің өзі. Әртүрлі өмір салаларын қамтитын алуан түрлі деректерге қолжетімділік — кез келген модельдің негізі. Екінші — есептеу қуаты. Үлкен көлемдегі деректерді өңдеу үшін тиімді модельдер ғана емес, сонымен қатар сол модельдерді іске қосуға қауқарлы қуатты компьютерлер қажет. Үшінші тренд — аналитикалық ойлау қабілеті. Біз IT жүйелерінің жай ғана тапсырмаларды орындап қоймай, оларды қашан және не үшін орындау керектігін түсінгенін қалаймыз. Төртінші — бенчмарк, яғни эталондар мен бағалау өлшемдерін дамыту. Бұл бізге 2025 жылы не ең үздік болғанын және 2026 жылы қай бағытқа ұмтылу қажет екенін түсінуге жол ашады.

Никита, алдағы бірнеше жылға қандай жоспарларыңыз бар?
Қазіргі жұмыс орным өзіме ұнайды. Қысқаша айтқанда, DeepMind-та дамығым келеді — кәсіби тұрғыдан да, адами тұрғыдан да. Мұнда мені шабыттандыратын адамдар көп, олардан көп нәрсе үйреніп жүрмін. Зерттеуге деген көзқарасы, жобаларды жүзеге асыру тәсілі жағынан үлгі тұтар әріптестерім бар — мен де соларға ұқсағым келеді. Алдағы уақытта этикалық жасанды интеллект саласына ден қойғым келеді. Атап айтқанда — Gemini моделіне адамзатқа пайда әкелетіндей шектеулер мен бақылау механизмдерін енгізу бағытында жұмыс істегім келеді. Бұл — мен үшін маңызды мақсат. Қолымнан келеді деп үміттенемін.

Сіздің ұстанымыңыз — үздіксіз үйрену ме?
Иә, бұл маған шынымен ұнайды.

Никита Саксена 2025 жылғы Yessenov Data Lab жазғы мектебінің оқу бағдарламасы аясында «Үлкен тілдік модельдер (LLM)» тақырыбында дәріс оқыды. Аталмыш мектепті Shakhmardan Yessenov Foundation 2018 жылдан бері AlmaU университетімен бірге серіктестікте тұрақты түрде жыл сайын ұйымдастырып келеді. Осы уақыт ішінде 114 жас қазақстандық бұл мектепте деректерді талдау дағдыларын меңгерді.

5.08.25, Жаңалықтар

Көру саны: 584

Другие новости