IESO 2026 ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ОЛИМПИАДАСЫНА ҰЛТТЫҚ ІРІКТЕУ АЯҚТАЛДЫ
1 наурыз күні Астанада Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадаға қатысуға арналған ұлттық іріктеу кезеңі өз мәресіне жетті. Аталмыш олимпиада биыл тамыз айында Италияда өтеді. IESO 2026 додасында Қазақстанның намысын қорғау құқығы үшін еліміздің жалпы білім беретін мектептері, лицейлері мен гимназияларынан келген 9-11 сыныптың 78 оқушысы бақ сынады. Біз бұл іріктеудің қалай өткенін баяндап, жеңімпаздармен таныстырамыз. Қазақстан құрамасының бас демеушісі — Shakhmardan Yessenov Foundation (құрылтайшысы – Ғалымжан Есенов).
Іріктеуге қатысқан барлық оқушылар республикалық және бейіндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері. Турды «Жас геолог» корпоративтік қоры ұйымдастырды. Байқау Nazarbayev University жанындағы Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің қатысуымен өтті. Байқауың екі кезеңі де осы оқу орнының базасында офлайн форматта ұйымдастырылды.
Байқаудың бірінші кезеңі Жер туралы ғылымдардың негізгі бөлімдері бойынша жазбаша тесттен тұрды. Екінші кезең практикалық тапсырмаларды (геологиялық карталармен жұмыс істеу, тау жыныстарын анықтау) және ағылшын тілінде өтетін ауызша сұхбатты қамтыды. Nazarbayev University университетінің үш профессоры қатысушыларға Жер туралы ғылымдардың түрлі бағыттары бойынша сұрақтар қойды. Жоғары сынып оқушылары бұл сұрақтарға еш дайындықсыз, ауызша жауап беруге тиіс болды. Іріктеуге Yessenov Foundation қорының бағдарламалар менеджері Айгерім Султан да қатысты.
Жеңімпаз атанып, IESO 2026 халықаралық олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған төрт оқушы анықталды. Енді Сіздерді солармен таныстырамыз.
Амир Дарынов – 17 жаста, Өскемен қаласындағы «Білім-Инновация» лицейінің оқушысы. Оның қызығушылықтары тек академиялық бағытпен шектелмейді: бос уақытында футбол ойнап, калистеникамен айналысқанды ұнатады. Сонымен қатар ол кіші сынып оқушыларына олимпиадалық географиядан сабақ береді. 2025 жылдың жазында Амир Pioneer Academics бағдарламасы аясында қоршаған ортаны сақтау биологиясы саласындағы ғылыми зерттеулерге қатысқан.
– Жер туралы ғылымдардың ішінде маған ең жақыны – география мен экология. Дәл осы пәндер табиғи үдерістердің өзара байланысын және адамның қоршаған ортаға әсерін тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Іріктеу кезеңі аса қиын болған жоқ. Әртүрлі әдістерді қолданып минералдарды анықтау өте қызықты болды. Менің ойымша, IESO олимпиадасындағы тапсырмалар да тартымды болмақ, өйткені Италиядағы геологиялық үдерістердің тарихы өте бай. Сондай-ақ басқа елдерден келген жас геологтармен танысқым келеді, – деп бөлісті бізбен Амир.
Нүрия Мұханбетәлі – 15 жаста. Қарағанды қаласындағы «Білім-Инновация» білім беру желісіне қарасты лицей-интернаттың 10-сыныбында оқиды. Туған жері – Жезқазған. География пәнін тереңдетіп оқиды және осы пән бойынша республикалық олимпиаданың екі дүркін алтын жүлдегері. Нурия жетіген аспабы бойынша 5 жылдық музыкалық бағдарламаны үздік аяқтаған. Сонымен қатар спортпен айналысады: ағасымен бірге жаттығып, алдағы уақытта таэквондомен шұғылдануды жоспарлап жүр. Экономика мен қор нарығына да ерекше қызығушылық танытады.
– Бірінші кезеңде өзімді сенімді сезіндім, ал екінші кезеңде сәл қобалжыдым: бұрын кездеспеген терминдер болды. Тек тау жыныстары мен минералдардың үлгілерімен жұмыс істеген практикалық бөлім мені сабырға түсірді. Әңгімелесу кезінде, әрине, ағылшын тіліне байланысты уайымдадым, бірақ өзімді жинақтай алдым. Менің ойымша, Туринде өтетін олимпиададағы тапсырмалар айтарлықтай күрделі болады. Сол жерде басқа елдерден келген қатысушылармен достасамын деп үміттенемін. Қазақстанға медальдармен ораламыз деп сенемін, – дейді Нүрия.
«Білім-Инновация» білім беру желісінің тағы бір оқушысы, Астанада оқитын 17 жастағы Сара Мұхтарханова. Ол география пәніне 7-сыныптан бастап қызыға бастады. Нүрия сияқты, Сараны да дәл осы ғылым саласы ерекше тартады. Сараның жетістіктер қоржынында география пәні бойынша республикалық олимпиаданың 9-сыныпта алған қола медалі және 10-сыныпта иеленген күміс медалі бар.
IESO 2026 олимпиадасында Қазақстан құрамасының төртінші мүшесі Павлодар қаласынан. Бұл – Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушысы Мансур Турсунғалиев. Жер туралы ғылымдардың ішінде оған әсіресе метеорология, геология және океанография салалары жақын.
– Бұл ғылымдар планетамызды тереңірек тануға, оның пайда болуын және бірегей ландшафтарды қалыптастыратын үдерістерді түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар Қазақстанның минералдық қорларын зерттеу де маған өте қызық: олардың қалай пайда болатыны және оларды қалай тиімді пайдалануға болатыны туралы білгім келеді, – деп бөлісті әңгіме барысында Мансур.
Дәл осы оқушылар 2026 жылғы 20–27 тамыз аралығында Италияның Турин қаласында өтетін IESO 2026 халықаралық олимпиадасында Қазақстанның намысын қорғайды. Осы уақытқа дейін жоғары сынып оқушылары Nazarbayev University жанындағы Тау-кен ісі мектебінің оқытушылары мен профессорларымен бірге дайындық жұмыстарын жүргізіп, Италияға жан-жақты әзірлікпен бармақ.
Shakhmardan Yessenov Foundation – IESO 2026 олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының бас демеушісі – 2017 жылдан бері осы халықаралық додада еліміздің командасына қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы қазақстандық оқушылар елге 7 медаль алып оралды, олардың қатарында алтын медальдар да бар. Қор ұлттық құраманың ұйымдастыру жарнасын төлеуді, виза рәсімдеуді, жол шығындарын өтеуді қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мәдени іс-шараларға арналған ұлттық киімдер мен IESO-ның ресми шараларына арналған арнайы формаларды дайындауды қаржыландырады. Олимпиада аясында өткізілетін жарыстар Жер туралы ғылымдардың бірнеше бағытын қамтиды: геология, астрономия, океанография, метеорология және экология.
4.03.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар
Көру саны: 69
