МҮМКІНДІКТЕР ЕСІГІН АШАТЫН ҚОР

Қазақстандық Shakhmardan Yessenov Foundation қоры (құрылтайшысы кәсіпкер әрі филантроп Ғалымжан Есенов) еліміздің зияткерлік әлеуетін дамыту миссиясын 12 жылдан бері табанды түрде жүзеге асырып келеді. Осы уақыт ішінде қордың түрлі бағдарламаларына шамамен 2700 тікелей және 38 мыңнан астам жанама бенефициар қатысты. Тек 2025 жылдың өзінде ғана 226 дарынды жас қазақстандық қор гранттарының иегері атанды. Қор студенттер мен мамандардың тұлғалық және кәсіби тұрғыда дамуына қалай қолдау көрсетті?

Yessenov Foundation портфолиосындағы ең маңызды бастамалардың бірі – 2013 жылы іске қосылған әлемнің жетекші зертханаларында өтетін ғылыми тағылымдамалар бағдарламасы. Жыл сайын бұл бағдарламада жеңіске жеткен 10 бакалавр студенті немесе жас зерттеуші өздері таңдаған үздік зертханалардың бірінде тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болады. Қор үшін зертхананың беделді болуы, жеңімпаздың зерттеу тақырыбына сәйкес келетін бағытта жұмыс жүргізуі, құрамында әлемге танылған профессорлар мен тәжірибелі ғалымдардың болуы аса маңызды. Берілетін гранттар визаны, екі жаққа әуе сапарын, сондай-ақ тағылымдама өтетін елдегі тұру мен тамақтану шығындарын толық қамтиды.

– Біздің студенттердің басым бөлігі мұндай тағылымдамадан кейін тәжірибеге де, ғылыми мақалаларға да, беделге де ие болады. Сондықтан оларды магистратура мен докторантура бағдарламаларына қуана-қуана қабылдайды, көбіне тегін оқуға мүмкіндік те болады, – деп түсіндірді Yessenov Foundation операциялық директоры Ирина Грищенко.

Бағдарлама бенефициарлары биоғылымдар, химия, физика, математика, IT, медицина, робототехника және басқа да салаларға маманданған. 12 жыл ішінде бағдарламаға 1700-ден астам қазақстандық студент өтінім берді, олардың 130-дан астамы АҚШ пен Кореяда, Швейцария мен Жапонияда, Малайзия мен Францияда, Қытай мен Канадада және басқа да елдерде ғылыми тағылымдамадан өтті.

24 жастағы Наиль Бейсекенов – Серікбаев атындағы ШҚТУ түлегі. Ол Жапониядағы Niigata University-де магистратураны тәмамдап, қор бағдарламасының жеңімпазы атанып, биыл жазда АҚШ-тағы Austin Peay University-де тағылымдамадан өтті:

– Мамандығым экология және табиғатты қорғау биологиясы. Тағылымдама барысында тұтас штаттың экологиялық жағдайын талдауға арналған онлайн-порталды Google Earth платформасында әзірледім. Кейін бұл идея жаһандық климаттық өзгерістерді мониторингтеу жүйесіне ұласты. Жұмыс нәтижелері Remote Sensing журналында жарияланды.

Қазіргі таңда Наиль академиялық жолын Техас A&M University докторантурасында жалғастырып жатыр. Ол NASA қаржыландыратын экологиялық жоба аясында ғылыми зерттеулермен айналысады.

Қазақстандық жоо студенттері арасында кем түспес қызығушылық тудыратын тағы бір бағдарлама – Шахмардан Есенов ат. шәкіртақы. Шахмардан Есенов – Қазақстанның көрнекті геологы, ғалымы, мемлекет қайраткері, көптеген пайдалы қазбалар кен орындарын ашқан, Маңғышлақты Қазақстан құрамында сақтап қалуға зор үлес қосқан тұлға. Соңғы өткізілген байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен 500-ден астам өтінім келіп түсті. Қор қызмет еткен жылдар ішінде бұл шәкіртақының иегері атанған жастар саны 196-ға жетті.

– Қатысушыларға қолайлы атмосфера қалыптастырылған байқау арқылы және психолог-тренердің көмегімен біз тек академиялық жетістіктері ғана емес, сондай-ақ өздерінің тұлғалық және кәсіби дамуын жалғастыруға айқын ниеті бар жасөспірімдерді іріктейміз, – деп түсіндірді бағдарлама менеджері Айгерім Султан.

Бағдарлама жыл сайын еліміздің 20 үздік студентін марапаттап, оларға бір жыл бойына Шахмардан Есенов шәкіртақысын тағайындайды.

Орал қаласының 19 жастағы тұрғыны София Смирнова биылғы көктемде аталмыш шәкіртақыны жеңіп алды.

– «Электрмен жабдықтау» мамандығында оқимын. Есенов шәкіртақысына өтінім беруімнің себебі – бұл байқау үлкен тәжірибе. Аталмыш шәкіртақы маған алдағы жоспарларымды жүзеге асыруға көмектеседі: Қытайда магистратураға түсуді жоспарлап жүрмін, сондықтан оған қаражат жинауым қажет, – деп бөлісті шәкіртақы иегері.

Қордың бір жыл ішіндегі жұмысының тағы бір маңызды нәтижесі – Серікбаев ат. ШҚТУ-да іске асырылып жатқан өңірлік жоо-ларға арналған ағылшын тілі бағдарламасының 161 студентінің жетістігі. 2013 жылы Yessenov Foundation құрылғаннан бері бұл екі жылдық бағдарлама Ақтау, Қызылорда, Қарағанды және Петропавлдағы төрт университетте де жүзеге асырылды. Бағдарлама аясында 1506 студент пен оқытушы өздерінің ағылшын тілін жаңа деңгейге көтере алды. Оларға бұл жолда тәжірибелі, сертификатталған мамандар көмектеседі, соңғы жылдары – бұл Энтони Дюррант пен Кортни Бейли.

Yessenov Data Lab (YDL) деректер талдаушыларына арналған жазғы мектебі аясында 15 студент – оның ішінде 8-і қыз – онлайн және офлайн форматта Алматыда тереңдетілген интенсивті оқытудан өтті. Биыл мектепте бұл саладағы Қазақстан мен әлемнің беделді мамандары дәріс берді: информатика ғылымдарының докторы Тимур Бакибаев, Google DeepMind зерттеу инженері Никита Саксена, математика ғылымдарының докторы Қуаныш Абешев және Meta компаниясының Лондондағы кеңсесінің аға инженері Владислав Ющенко. Бағдарлама іске қосылғаннан бері бұл мектептің тыңдаушылары атанған қазақстандықтардың саны 111-ге жетті.

Гумилёв ат. ЕҰУ магистратурасының түлегі, қазір Италиядағы Генуя университетінде білім алып жүрген Дәурен Қасенғалиев YDL-дегі тәжірибесі туралы былай дейді:

– Шыныменде үлкен әсер алдым. Бағдарлама күткенімнен де қызықты әрі терең болды. Data Science саласында өзіме қажет бағыт-бағдар беретін керемет жүйені меңгердім, енді қай бағытта дамитынымды айқын түсінемін.

Күзде өткен Yessenov Launch Pad байқауында 10 қазақстандық жеңімпаз атанды. Олар кәсіби және тұлғалық дағдыларын жетілдіруге бағытталған қосымша білім алу гарнттарына ие болды.

Биыл қор Шахмардан Есенов ат. оқу аудиториясын ашты. Бұл аудитория заманауи техникалық жабдықты дизайн мен эргономиканың ең өзекті талаптарымен ұштастырған заманауи оқу кеңістігіне айналды. Аудитория көрнекті геолог әрі ғылым ұйымдастырушысы білім алған Satbayev University қабырғасында ашылды. Сонымен қатар, қордың құрылтайшысы Ғалымжан Есенов 2027 жылы танымал қазақстандық ғалымның 100 жылдығына орай Ақтауда оның ескерткіші орнатылып, айналасында қоғамдық кеңістік жасалатынын жариялады. Бұл қор жүзеге асырып жатқан жобалардың тағы бірі.

Қайырымдылық ұйымы бірнеше жыл бойы қазақстандық мектеп оқушыларын Жер туралы ғылымдар бойынша халықаралық олимпиадаға (IESO) дайындық пен қатысуын тұрақты түрде қолдап келеді. Биыл жарыс Қытайдың Цзинин қаласында өтті. Қазақстан командасы ҚХР-нан 7 медаль, соның ішінде бір алтын медальмен оралды.

– 2025 жылды қорытындылай отырып, биыл тағы 226 дарынды әрі жігерлі қазақстандықтың дамуына, зерттеу жүргізуіне, кәсіби тұрғыда өсіп, шыңдалуына қолдау көрсете алғанымызды қуана хабарлаймыз. Көптеген жылдар бойы жеңімпаздарымызбен тұрақты байланыстамыз, олардың жетістіктерін бақылап отырамыз. Сол себепті нық сеніммен айта аламын: олардың бірқатары үшін үлкен ғылымға, таңдаған кәсібіне жол ашқан шынайы қор бола білдік, – деді Shakhmardan Yessenov Foundation атқарушы директоры Айғаным Малишева.

9.12.25, Жаңалықтар

Көру саны: 11

Другие новости