­

YESSENOV FOUNDATION ЖЕҢІМПАЗДАРЫНЫҢ ЖЫЛ САЙЫНҒЫ КЕЗДЕСУІ

29 наурыз күні Астанадағы Nazarbayev University-де Shakhmardan Yessenov Foundation бағдарламалары жеңімпаздарының жыл сайынғы кездесуі өтті. Оған Қазақстанның түкпір-түкпірінен әртүрлі салаларда маманданған 59 жас талант қазақстандық қатысты. Бұл шара қалай өткенін айтып береміз.

Кездесу қатысушыларының қатарында әлем зертханаларындағы тағылымдамалар, Yessenov Data Lab, Yessenov Launch Pad, «Өрлеу» және «Шахмардан Есенов шәкіртақысы» бағдарламаларының жеңімпаздары болды. Қатысушылардың басым бөлігі – 36 адам – Астанада болғандықтан, іс-шараны елордада өткізу туралы шешім қабылданды. Оларға Алматы мен Қарағанды, Петропавл мен Өскемен, Шымкент пен Ақтаудан келген қор бенефициарлары қосылды. Қысқа танысу-жаттығудан кейін барлық қонақтар ресми ашылу рәсіміне шақырылды.

Қайырымдылық ғылыми білім беру қорының атқарушы директоры Айғаным Малишева былай деді:
– Жалғыз құрылтайшысы Ғалымжан Есенов болып табылатын қор білім беру саласындағы қайырымдылықпен 13 жылдан бері айналысып келеді. Қордың 6 бағдарламасы Қазақстанның дарынды жастарына арналған. Барлығы да біздің ортақ миссиямызға – елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға қызмет етеді. Осы уақыт ішінде 2300-ден астам жас қазақстандық біздің гранттарымызды ғылыми ізденіс, жеке және кәсіби даму үшін пайдаланды. Биыл бұл қатарға тағы шамамен 300 адам қосылады. Шын жүректен жаңа жеңістер тілеймін. Қор атымен аталған геолог, ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, академик Шахмардан Есеновтің өмірі сияқты сіздіңде ізденіс жолыңыз бір ғұмырға жалғасқан сапарға айналсын.

Қор бағдарламаларының жеңімпаздары өз презентацияларымен сөз сөйледі. Молекулалық медицина мамандығы бойынша Назарбаев Университетінің магистранты Аружан Ануарбекова («Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар», 2024 ж.) Германиядағы тағылымдама тәжірибесімен бөлісті. Осы бағдарламаның тағы бір лауреаты, биология ғылымдары саласының өкілі Дарина Мұхамеджанова (2023 ж.) мотивациялық хатты жетілдірудің құпияларын айтып берді. Америкалық компанияда жұмыс істеп жүрген Медет Әуенұр Yessenov Data Lab аналитиктерге арналған жазғы мектебін аяқтағаннан кейінгі соңғы 5 жылдағы мансап жолының қалай қалыптасқанын баяндады. Ғылыми зерттеулер саласында нетворкингті құру мен қолдаудың маңыздылығы мен ерекшеліктері туралы Төлеген Ахметов айтып өтті. Ол Yessenov Launch Pad бағдарламасы аясында (2022 ж.) жеңіп алған гранттың көмегімен робототехникамен айналысып жүрген қазақстандық Жапонияның Токай университетінде компьютерлік көру бойынша тренингтен өтті. Кездесу барысында қатысушылар Есенов шәкіртақысын екі рет иеленген (2019 және 2022 жж.) Саясат Ахмеджановтың қысқа видеосын тамашалады. Ол қазіргі таңда Нанкин телекоммуникация университетінде магистратурада білім алуда, зерттеу бағыты – ғарыш техникасы мен технологиялары.

Назарбаев Университетінің Мансап және кәсіби бағдар беру орталығының бас менеджері Лилия Тлеукенова:
– Біз қормен 10 жылдан астам уақыттан бері бірлесе жұмыс істеп келеміз. Бір кездері оның грант иегерлері негізінен тек біздің студенттеріміз болатын. Ал қазір, қуанышпен атап өткім келетіні, елдің зияткерлік әлеуеті жыл сайын артып келеді, ал қордың грант иегерлері мен серіктес жоғары оқу орындарының географиясы кеңейіп жатыр. Сіздерді жақын болашақта елге танымал ғалымдар ретінде көруге қуанышты боламын, ал қорды келесі жылы дәл осындай кездесуде Назарбаев Университетінде қарсы алуға асыға күтемін.

Презентациялар мен естелік суретке түскеннен кейін қатысушылар тренинг залына өтті. Ол жерде оларды психолог-жаттықтырушы Елена Амреева қарсы алды:
– Жеңімпаздармен жүздесу – әрдайым қуанышты сәт. Олардың өмірінде не өзгергенін білу, көру – ерекше әсерлі. Әсіресе, көпшілігінің өздерінің қасында құндылықтары мен ұмтылыстары ұқсас адамдардың көп екенін байқағандары – өте құнды. Тренинг жеңіл, көңілді әрі нәтижелі өтті!

Елена жүргізген жобаны басқару негіздері жөніндегі қарқынды лекциядан кейін, қор бенефициарлары топтарға бөлініп, ойын форматына құрылған практикалық тапсырманы орындады. Ал қор өкілдері Григорий Ли мен Роман Райфельд қатысушыларға естелік сыйлықтар табыс етті. Кездесу барысында университеттің кулуарларында қор қызметкерлері қатысушылармен сұхбаттар жазып алды. Жақын арада бұл сұхбаттар мен презентациялардағы баяндамалар YouTube желісінде жарияланатын болады.

Академик Ш. Есенов атындағы ғылыми білім беру қоры бағдарламаларының жеңімпаздарына арналған жыл сайынғы іс-шара тиімді әрі қызықты өтті. Ол бағдарламалар жеңімпаздарының нетворкингімен, еркін форматтағы бір-бірімен және қор қызметкерлерімен ашық әңгімелесумен аяқталды.

3.04.25, Жаңалықтар

Көру саны: 45

Другие новости