Ернар Сәкенов

Мамандығы: ақпараттық технологиялар. Есенов шәкіртақысының иегері.

Ернар Сәкенов 22 жаста. Бүгінде ол Астанада магистратурада оқиды, ал бір кездері Алматыдағы өз ауласында балалармен бірге кеш батқанша асыр салып ойнайтын қарапайым бала болатын. 2023 жылы, ол кезде ХАТУдың  студенті болған отандасымыз Yessenov Foundation ұйымдастырған байқауға өтінім беріп, іріктеуден сәтті өтіп, Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақының иегері атанды. Ол Data Science бағытын қалай таңдағанын, байқау барысында қалай жеңіске жеткенін және алдағы жоспары қандай екенін айтып береді. Сонымен қатар биылғы шәкіртақы байқауына қатысатын үміткерлермен пайдалы лайфхактарымен де бөліседі.

Мамандық таңдау
Ғылымға деген қызығушылығым мектеп қабырғасында-ақ қалыптасты. Физиканы ерекше жақсы көрдім және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларды қоса алғанда, түрлі пәндік жарыстарға жиі қатыстым. Алғашында жаратылыстану ғылымдары бағытында оқуымды жалғастыруды жоспарлап, Ресейдің жетекші университеттеріне, соның ішінде МФТИ мен СПбМУ-ға да оқуға түстім. Алайда ақырында Қазақстанда қалуды жөн көріп, оқуымды осында жалғастырдым. Ғылым мен математикалық модельдермен жұмыс тоғысатын бағытты іздедім де, Data Science саласын таңдадым. Бұл бағыт деректерді талдауды да, қолданбалы зерттеулер жүргізуді де біріктіреді.

Yessenov Foundation шәкіртақы байқауы
Есенов шәкіртақысы туралы ҚазҰУ-дағы таныс оқытушыдан білдім. Ол маған өтінім беруге кеңес берді. Қордың сайтында және әлеуметтік желілеріндегі барлық ақпаратпен мұқият танысып, кейін өтінім тапсырдым. Байқау жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Қор тек академиялық көрсеткіштері жоғары үміткерлерді ғана емес, сонымен қатар бастамашыл, ынтасы жоғары әрі алған білімін тәжірибеде қолдануға ұмтылатын жастарды да қолдайтынын айқын сезіндім.

Неліктен мен жеңіске жеттім
Менің ойымша, жеңіске жетуіме оқу үлгерімім мен сабақтан тыс белсенділігім әсер етті. Университеттегі көптеген жобаларға қатыстым, зерттеу жұмыстарын жүргіздім, сонымен қатар ірі телекоммуникациялық компанияда тағылымдамадан өттім. Яғни мен тек білім алып қана қоймай, оны тәжірибеде де қолдана білдім.

Есенов шәкіртақысына үміткер болашақ қатысушыларға кеңес
Алдымен бағдарламаның ережесін және іріктеу критерийлерін мұқият оқып шығуға кеңес беремін. Жалпы, өтінімді дұрыс дайындап, өзіңіздің мықты тұстарыңызды нақты әрі сауатты көрсету үшін байқауға дайындықты бір ай немесе екі ай бұрын ғана бастау жеткіліксіз. Сұхбат барысында қатысуға деген уәжіңізді анық әрі нақты түсіндіруге дайын

болыңыз. Ал өз жетістіктеріңіз туралы айтқанда, бұл сіздің бастамашылдығыңызды және кәсіби әрі тұлғалық құзыреттеріңізді дамытуға ұмтылысыңызды айқын көрсетуі керек. Өзіңізге сенімді сөйлеңіз, командамен жұмыс істей алатыныңызды және ұсынылған тапсырмаларды шешуде ерекше, тың көзқарасыңыз бар екенін көрсетіңіз. Ең бастысы – шынайы болыңыз: қор сарапшылары мұны міндетті түрде бағалайды.

Шәкіртақыны неге жұмсадым
Шәкіртақы қаражатына ағылшын тілі курстарын төледім, кейін IELTS емтиханына дайындық бойынша 2 айлық интенсивке қатыстым. Шәкіртақы курстардың ақысын және қажетті оқу материалдарының шығынын толық жапты. Сондықтан жеке бюджетіме еш қиындық келтірмеді. Айта кетейін, IELTS маған Nazarbayev University-не түсу үшін қажет болды.

Қазір мен қайдамын
ХАТУ-да бакалавриатты аяқтағаннан кейін Nazarbayev University-ге Data Science бағыты бойынша магистратураға оқуға түстім. Қазір осы жерде білім алып жүрмін. Сонымен қатар еліміздегі жетекші банктердің бірінде деректер талдаушысы (data analyst) болып жұмыс істеймін. Магистратураны тәмамдаған соң шетелде докторантураға түсу жоспарымда бар.

Ал оқудан бөлек
Бос уақытымда мектеп оқушыларына математика мен физикадан сабақ беремін, оларды жоғары оқу орнына түсуге дайындаймын. Біреулерінің алдында — ҰБТ, енді біреулері республикалық және халықаралық олимпиадаларға қатысуға дайындалып жүр. Материалды түсіндіре отырып, олардың логикалық ойлау дағдыларын және аналитикалық тәсілін дамытуға ерекше көңіл бөлемін.

Балалық шағымнан не есімде
Ең жарқын естеліктерім жазғы каникулдармен байланысты. Ол кезде ауламыз тұтас бір әлем сияқты көрінетін, ал ойын қараңғы түскенше жалғасатын. Жүгіретінбіз, құлайтынбыз, шын көңілден күлдік — күлкіміз көшеге жайылып, уақыттың қалай өткенін де байқамай қалатынбыз. Жылы асфальттың иісі, тізедегі жарақат, еш алаңсыз еркіндікті сезіну, достарым — бәрі-бәрі жадымда мәңгі сақталып қалды. Сол секілді күн сайын басымыздан өтетін кішкентай оқиғалар мен қызықтарға толы балалық шақтағы «оқиғалар» да ұмытылмайды.

22.02.26, Жетістік тарихы

Көру саны: 14