Рауанна Назарова
Мамандығы: робототехника және мехатроника. Есенов шәкіртақысының иегері.
Қазіргі таңда магистрант, ал 2023 жылы Satbayev University Автоматика және ақпараттық технологиялар институтының үшінші курс студенті Шахмардан Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының байқауында жеңіске жетіп, атақты қазақстандық академиктің шәкіртақысына ие болды. Біз Рауанадан бұл жеңіске қалай қол жеткізгенін және биылғы шәкіртақы үміткерлеріне қандай кеңес беретінін сұрауды шештік.
Өзіңіз туралы айтып беріңізші: қай жақтансыз және балалық шағыңыздан ең есте қалған сәттер қандай?
Астанада туып-өстім. Жасым 21-де. Ең жарқын естеліктерім мектеппен байланысты. Мен РФММ-де білім алдым, сол жылдар емтихандар алдындағы ұйқысыз түндерге, сыныптастарыммен өткізген жарқын күндерге және әрқашан есімде қалатын көңілді сәттерге толы болды.
Неліктен робототехника және мехатроника мамандығын таңдадыңыз?
Бұл мамандықты биомедициналық инженерия бағыты үшін таңдадым. Балалық шағымда жиі жарақат алатынмын, бірақ қызығы, әр ауруханаға барған сайын медицинаға деген қызығушылығым арта түсті. Дәрігер болуды армандадым, бірақ уақыт өте келе өзіме бірдеңе ойлап тауып, қолмен жасап шығару көбірек ұнайтынын түсіндім. Осылайша, екі саланы біртұтас біріктіретін биомедициналық инженерияға келдім. Болашақта осы бағытта жұмысымды жалғастыруды жоспарлап отырмын.
Шәкіртақы байқауы сіз үшін қалай өтті?
Байқау туралы маған анам айтты – ол оқытушы. Байқау мен үшін таңқаларлықтай жеңіл және тез өтті. Ең жарқын сәт – жеңімпаз болғанымды білген кезім болды, мұны мүлдем күтпедім. Ал одан кейінгі есте қалған ерекше сәт – Назарбаев Университетінде қордың барлық бағдарламаларының жеңімпаздарымен кездесу. Сол жерде танысып, әңгімелесіп, өз тәжірибелеріміз бен оқиғаларымызбен бөлістік. Бұл да ұзақ уақыт есімде қалады.
Рауанна, қалай ойлайсыз, сіз неліктен жеңіске жеттіңіз?
Менің ойымша, жеңіске жетуімнің себебі жаңа нәрселерге ашық болдым, өз қызығушылығым мен даму ниетімді шынайы көрсете алдым. Менің кеңесім – өзіңізді шын жүректен қызықтыратын іс тауып алыңыз. Сұрақ қоюдан және жаңа нәрсені байқап көруден қорықпаңыз. Ең бастысы – өзіңіз істеп жатқан іске шын сену және осы салада табысқа жетуге деген құлшынысыңыздың болуы.
Есенов шәкіртақысы сізге көмектесті ме?
Біріншіден, шәкіртақы байқауындағы жеңіс маған өзіме және күш-жігеріме деген сенімділікті берді. Соның арқасында оқуыма толық көңіл бөле алдым. Екіншіден, шәкіртақы өз-өзімді дамытуға – қосымша білім алуға көмектесті. Мен Coursera платформасында “Statistical Learning” және “Data Base Engineer” сияқты өте қызықты курстарды аяқтадым, IELTS емтиханын 7.0 баллға тапсырдым, 2023 жылы үш күндік Makeathon шарасына қатыстым, сонымен қатар алмасу бағдарламасына қатысып, шетелде білім алдым.
Қазір немен айналысып жатырсыз және алдағы 2 жылға қандай жоспарларыңыз бар?
Қазіргі уақытта магистратурада оқып жүрмін, ірі жобада жұмыс істеймін және диссертацияммен айналысудамын. Жоба аясында медициналық операциялар кезінде қолданылатын коллаборативті роботты жасап шығарып жатырмыз. Алдағы екі жылда диссертациямды қорғауды, қатысқан жобаларымның портфолиосын кеңейтуді жоспарлап отырмын. Мысалы, жүрек-қан тамырлары ауруларын инвазивті емес әдістермен диагностикалау жүйелерін әзірлеу жобаларына қатысуды көздеймін. Сондай-ақ, биомедициналық инженерия саласындағы білімімді және дағдыларымды тереңдеткім келеді: сенсорлық технологияларды интеграциялау, медициналық құрылғыларды басқару алгоритмдерін әзірлеу және денсаулық сақтау саласына цифрлық шешімдерді енгізу.
Бос уақытыңызда немен айналысқанды ұнатасыз?
Серуендегенді, спортпен шұғылданғанды, жаттығу залына және йогаға барғанды жақсы көремін. Жиі аудиокітаптар тыңдаймын — жақында Ольга Примаченконың «Өзіңе нәзік қара» және Марк Мэнсонның «Бәріне бірдей бас қатыра бермеудің нәзік өнері» кітаптарын тыңдадым. Сенсорлық технологияларды зерттеуге қызығамын. Ғылыми презентациялар үшін шабыттандыратын иллюстрациялар мен дизайндар жасаумен айналысамын. Сондай-ақ, биомедициналық инженериядағы жаңа технологиялар туралы мақалаларды оқығанды ұнатамын.
20.02.25, Жетістік тарихы
Көру саны: 15