Елдан Абдрашим
Мамандығы: математикалық және компьютерлік модельдеу. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.
Алматылық, ХАТУ түлегінің жасы 28-де. 2018 жылдың жазында ол күрделі байқаудан өтіп, Yessenov Data Lab атты талдаушыларға арналған алғашқы жазғы мектептің қатысушысы болды. Оқу 8 аптаға созылды. Оқытушылар арасында EPAM Systems, Yandex Money, AGT International, Kaspi және ALMAU компанияларының әлемдік деңгейдегі сарапшылары болды. Қазір қазақстандық Каталония астанасы Барселонадағы Microsoft корпорациясында инженер-бағдарламашы болып жұмыс істейді. Сұхбатында оның осы жолды қалай өткені және қандай лайфхактармен бөлісе алатыны берілген.
IT саласын қалай және неге таңдадыңыз?
Әңгімені қарапайым №58 орта мектепте оқығанымнан және математикамен айналысқанымнан бастайын. Бос уақытымда компьютерге әуес болдым. Болашақта компьютерлік бағдарламаларды жасағым келетінін ерте бастан түсіндім. Мектепті бітіргеннен кейін ХАТУ-дағы математикалық және компьютерлік модельдеу кафедрасының математика бөліміне түстім. Бағдарламалауда математиканы қолдануға деген қатты ықылас болды. Сонымен университет студенті бола тұра, біртіндеп Data Science және олимпиадалық бағдарламалаумен айналыса бастадым.
Yessenov Foundation байқауында неліктен жеңіске жеттіңіз деп ойлайсыз?
2017 жылы бакалавриатты тәмамдаған соң Data Science саласына белсене араласып, осы бағытта жұмыс істей бастадым. Келесі жылы достарым Yessenov Foundation және деректер ғылымымен айналысқысы келетін немесе осы салада біліктілігін арттырғысы келетін талантты студенттерге арналған байқау туралы айтып берді. Жеңіске жету үшін бойымда керемет дағдылар бар деп сендім. Сонымен бірге қосымша артықшылығым болды, өйткені байқау кезінде мен Data Science мамандығы бойынша жұмыс істеп жүргенмін.
Yessenov Data Lab сізге не берді?
Оқу процесінің өте қарқынды өткені есімде. Аптасына 5 күн оқып, таңертең жаңа тақырыптарды оқудан бастап, содан кейін бірден солар бойынша тәжірибелер жүргіздік. Yessenov Data Lab мектебінде машиналық оқыту туралы жаңа білім алып, оларды өз жұмысымда қолдана бастадым. Yessenov Data Lab маған деректер ғылымы саласында жақсы дағдылар берді. Оларды да бірден іс жүзінде қолдана бастадым. Жалпы қордың жазғы мектебіндегі оқу тәжірибесі біліктілікті айтарлықтай арттыруға жәрдемдесті.
Болашақ IT мамандарымен және осындай байқауларға қатыспайтындармен және өз күшіне сенбейтіндермен қандай лайфхактарды бөлісуге дайынсыз?
Лайфхактар ең қарапайым әрі тиімді:
- Сіздің қажырлы еңбегіңіз бірнеше рет ақталады, бастысы – оқуды жалғастыру;
- Сізге Data Science, Software Engineering немесе басқа IT салаларының ұнайтынын түсіну үшін әрбір саланы сынап көру керек, онсыз сіздікі екенін біле алмайсыз;
- Егер сіз өз кәсібіңізді тапсаңыз, күн сайын дағдыларыңызды жетілдіріңіз және бірнеше жылдан кейін сіз бастаған жерден өте алыс екеніңізді байқамай да қаласыз;
- Дағдыларыңызды үнемі жетілдіруге көмектесетін нәрсені әдетке айналдырыңыз.
Microsoft корпорациясындағы міндеттеріңіз қандай?
Мен Deeplinks тобында Bing Search өнімі бойынша Software Engineer болып жұмыс істеймін. Міндеттеріме келесілер кіреді: Bing іздеуін пайдаланған кезде жауаптарды саралау жүйелерін әзірлеу, машиналық оқыту модельдері үшін осы іздеу жүйесінде pipelines әзірлеу және теңшеу, сондай-ақ Bing іздеуінің бірінші бетіне арналған сілтемелерді машиналық оқытуды пайдалану арқылы жаңарту және жақсарту.
Бірнеше жылдан кейін немен айналысуды жоспарлап отырсыз?
Қазір мен Microsoft компаниясында жұмыс істеп жатырмын және осы компаниямен мерзімсіз шартқа отырғанмын. Сонымен қатар осы күзде бүкіл Қазақстан мен Орталық Азия үшін өз IT платформамды құрдым. Жақын болашақта стартаптармен айналысуды жоспарлағандықтан, менің платформам – осы бағыттағы алғашқы қадам.
Бос уақытыңызды қалай өткізгенді ұнатасыз?
Жұмыстан бос уақытымда IT-nomads атты жобаммен айналысамын. Платформадан басқа отбасыммен уақыт өткіземін, саяхаттаймын және кітап оқығанды жақсы көремін. Аптасына 4-5 рет Барселонада жүгіремін, жүземін және велосипед тебемін, триатлонмен айналысамын деп айтуға болады. Қыста сноуборд тебуді ұнатамын. Сериалдарды/фильмдерді көруге және ойын ойнауға бос уақытым жоқ дерлік.
Сіздің ойыңызша адам бойындағы ең маңызды үш қасиет қандай?
Сұрақты өзгертейін. Жеке маған көмектескен үш маңызды қасиет. Біріншіден, адал болу. Әсіресе, өз-өзіңізге. Бұған қоса, бұл өмірдің кез келген саласына қатысты. Екіншіден, бұл табандылық пен күн сайын үйренуге және өзіңізді жетілдіруге ұмтылу. Және соңғысы: көбірек армандау, сонда сіз қол жеткізе алатын нәрсенің кішкене бөлігі де әсерлі болады.
14.12.23, Жетістік тарихы
Көру саны: 198