2027 ЖЫЛЫ ШАХМАРДАН ЕСЕНОВКЕ ЕСКЕРТКІШ ОРНАТЫЛАДЫ

Shakhmardan Yessenov Foundation құрылтайшысы Ғалымжан Есенов қазақстандық ұлы ғалым Шахмардан Есеновтың 100 жылдық мерейтойына орай оған арнап ескерткіш орнату ниетін жариялады. Ескерткіш 2027 жылы Ақтауда бой көтереді. Осы жобаға қатысты келісімге қор мен Yessenov University қол қойды.

– Екі жылдан кейін Қазақстан көрнекті ғалым әрі мемлекет қайраткері, менің атам Шахмардан Есеновтың туғанына 100 жыл толуын кеңінен атап өтеді. Осыған орай біз Yessenov Foundation басшылығымен және көрнекті геологтың туыстарымен бірге оның ескерткішін жасау жобасына ең үздік сәулетшілер мен мүсіншілерді тарту туралы шешім қабылдадық, – деді Ш. Есеновтың ұрпағы Ғалымжан Есенов.

Жобаны жүзеге асырудың дайындық кезеңі басталып кетті.

– Қор ескерткіштің жобасын әзірлеу, оны қаржыландыру және орнату жұмыстарын, сондай-ақ оның айналасында абаттандырылған қоғамдық кеңістік құруды өз мойнына алады. Ескерткішті қай жерге қою орынды болатынын ұзақ талқыладық және оның бабамыздың қызметімен тығыз байланысты өңір – Маңғыстауда, сондай-ақ Ақтаудағы аты берілген университет аумағында орнатылуы керек деген қорытындыға келдік, – деді құжатқа қол қою рәсіміне қатысқан ұлы ғалым әрі көрнекті мемлекет қайраткерінің ұлы Мақсұтбек Есенов.

Ұсынылған жобаға жоғары қызығушылық танытқан Yessenov University Президенті Берік Ахметов құжатқа қол қою рәсімінде университет атынан қатысты.

– Бүгін Yessenov Foundation қорымен бірлесіп, нәтижесінде университет аумағында ескерткіш орнатылатын бірегей жобаның бастамасын қолға алдық. Бұл өнер нысаны болашақ ұрпақ үшін рухани «күш ордасына» айналмақ. Монументтің жанынан өткен сайын біздің студенттер ғылым мен елдің дамуына өмірін арнаған Шахмардан Есеновтың рухы мен жігерін сезінеді деп шын жүректен сенемін. Бұл нысан оларды Қазақстанның дамуына нақты үлес қоса алатын мықты тұлға болуға шабыттандырсын, – деді Берік Ахметов.

Қордың тапсырысы бойынша ескерткіш жобасын елімізде және шетелде беделге ие, өз ісінің шеберлері – Әсел Есжанова мен Чингиз Батырбеков әзірлеуде. Қазіргі таңда олар ескерткіштің соңғы жобалық шешімдерін пысықтап жатыр. Әсел ЕсжановаҰлыбританияның Корольдік архитекторлар институты (RIBA) шығарған “100 Women: Architects In Practice” атты беделді жинаққа енген танымал сәулетші, сондай-ақ Urban Forum Kazakhstan ұйымының теңқұрушысы. Чингиз Батырбеков – Италияда екі магистратура бағдарламасын сәтті аяқтап, елге оралғаннан кейін Алматыдағы DStudio архитектура бюросын басқарып келеді. Ал ескерткіштің идеялық бейнесін дарынды мүсінші Мейрам Баймұхановқа жүзеге асырады.

– Монумент тұжырымдамасының негізінде судың – өмірдің символы саналатын – жолы бейнеленген. Өзен Шахмардан Есеновтің өмір жолын білдіреді. Ол Сырдарияның жағасында дүниеге келген. Қалай өзендер халық тарихында маңызды рөл атқарса, дәл солай көрнекті геолог та Қазақстан тарихында айрықша із қалдырды, – деп атап өтті Әсел Есжанова.

– Біз монументтің пластикалық шешімін жасау барысында Маңғыстаудың табиғи ландшафттарынан шабыт алдық. Сонымен қатар жобада ғалым басқарған экспедициялар мұнай, газ, мыс және өзге де пайдалы қазбалардың кен орындарын ашу үшін пайдаланған бұрғылау құбырларына меңзеу үшін көркем аллюзия қолдандық, – деп толықтырды әріптесін Чингиз Батырбеков.

Есеновке арналған мемориалдық кешен университеттің бас кіреберісінің оң жағында орналастырылмақ. Ол күрделі композициялық шешімімен және келушіні өз кеңістігіне тарту қабілетімен ерекшеленетін қоғамдық орынға айналады. Кешеннің аумағы жай ғана ескерткіш емес, ерекше атмосферасы бар рухани және мәдени орта ретінде қарастырылған. Күтіліп отырғандай, бұл ескерткіш университет аумағындағы ең тартымды орындардың біріне айналып, студенттер мен қонақтар үшін шабыт пен тынығудың сүйікті мекеніне айналмақ.

Шахмардан Есенов – көрнекті қазақстандық геолог, аса ірі ғалым және мемлекет қайраткері. Ол 1927 жылы Қызылорда облысының Шиелі ауылында дүниеге келген. 1949 жылы қазіргі Satbayev University болып табылатын Қазақ тау-кен металлургия институтын бітірген. Есеновтің тікелей қатысуымен еліміздің түрлі өңірлерінде көптеген пайдалы қазба кен орындары ашылды. Олардың қатарында — Оңтүстік және Орталық Қазақстандағы уран кендері, Оңтүстік Қазақстандағы фосфориттер, Орталық Қазақстандағы мыс, қорғасын және мырыш кендері, сондай-ақ Маңғышлақтағы атақты Өзен және Жетібай мұнай мен газ кен орындары бар. 1961 жылы ол Қазақстанның геология министрі болып тағайындалды, ал 1965 жылы республика Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметіне көтерілді. 1967 жылы Шахмардан Есенов Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті әрі Академияның Геология ғылымдары институтының директоры болып сайланды. 1960 жылдардың басында Шахмардан Есенов ғылыми дәлелдерге сүйене отырып, КСРО басшылығына Маңғышлақ түбегін басқа одақтас республикаға беру орынсыз екенін негіздеп дәлелдеп, осылайша түбекті Қазақстан құрамында сақтап қалуға қол жеткізді.

Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми-білім беру қоры 2013 жылы құрылған. Қордың негізін қалаған – қазақстандық кәсіпкер және меценат Ғалымжан Есенов. Қордың басты миссиясы – Қазақстанның зияткерлік әлеуетін дамыту. Бұл мақсат бірқатар гранттық және байқаулық бағдарламалар арқылы жүзеге асырылады. Олардың қатарында – әлемнің жетекші зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар, Есенов стипендиясы, Yessenov Data Lab және басқа да бастамалар бар. Бүгінгі таңда қордың бағдарламаларының бенефициарлары қатарында шамамен 2700 жас ғалым мен түрлі салаларда еңбек етіп жүрген дарынды мамандар бар.

9.10.25, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 1,750

Другие новости