Дамиля Садуахас
Мамандығы: математика. Yessenov Data Lab бағдарламасының жеңімпазы.
Алматыда жақында ғана Қазақстанның жас ғалымдарына арналған Yessenov Data Lab (YDL) бесінші жазғы деректерді талдау мектебі аяқталды. Биыл ол гибридті режимде өтті: онлайн және офлайн. 2020 жылы Назарбаев Университетінің сол кездегі 4 курс студенті Дамиля Садуахас YDL-де оқыған кезде мектеп онлайн режимінде өткен. Бойжеткен 70-тен астам үміткердің қатысуымен өткен күрделі байқауда жеңіске жетіп, Есенов қорының деректер талдау бағдарламасын оқу грантын иеленді. Қазақстандық бойжеткен мектепте нені үйренді және бұл оның кейінгі мансабына қалай әсер етті? Дамиляның өзінен сұрайық.
Бұл мамандықты қалай және неліктен таңдадыңыз?
Әрдайым математикаға және оның шынайы өмірдегі қолданылуына қызығушылық танытатынмын. Мен терең зерттеп жатқан статистика маған үлкен деректермен жұмыс істеуге және денсаулық сақтаудан бастап экологияға дейінгі әртүрлі салалардағы сұрақтарды дұрыс қоюға және шешуге көмектесетін заңдылықтарды табуға мүмкіндік берді.
Жазғы мектепке түсу байқауы қалай өтті?
2020 жылдың көктемінде бакалавриатты бітіріп жатқанмын және магистратурада оқудың да, жұмысқа тұрудың да нұсқаларын белсенді түрде іздедім. Yessenov Data Lab мектебіне өтінім беру локдаунға дейін басталды және ол кезде, әрине, ешкім жақын арада барлығында және бүкіл әлемде өзгерістер болатынын болжай алмады. Іріктеу процесі шеңберінде онлайн-сұхбат мен үшін жаңалық болды, бірақ сұхбаттың өзінен, оқудан, өзімді іздеуден, айналамда болып жатқан барлық нәрселерден алған күйзеліске қарамастан, мүмкіндікті жіберіп алғым келмеді және YDL іріктеуінен сәтті өттім.
Yessenov Data Lab бағдарламасында жеке өзіңізге не пайдалы болды?
Машиналық оқыту және деректерді талдау сабақтары. Аталмыш мектепте 20-ға жуық студент оқыды. Бағдарламалау бойынша көптеген тәжірибелер болды және деректер талдаушыларына арналған жазғы мектепте болып өткен көптеген дәрістердің ішінде Назым Сатбекованың сөз сөйлегені есімде қалды. Ол кезде ол Kolesa Group компаниясында жұмыс істеді. Оның тәжірибеде, компаниядағы күнделікті жұмысында, дәрістерімізде оқыған түрлі әдістер мен алгоритмдерді іс жүзінде қалай қолданатынын білу қызықты болды.
YDL-ді аяқтағаннан кейін 2 жыл ішінде мансабыңызда бір нәрсе өзгерді ме?
Yessenov Data Lab тәмамдағаннан кейін мен магистратураға, содан кейін Сауд Арабиясындағы KAUST университетінің докторантурасына түстім, онда осы күнге дейін статистика саласындағы зерттеулерімді жалғастырып жатырмын. Мектепте алған білімімді бірден қолдана бастадым, өйткені көптеген модельдер маған университеттің оқу бағдарламасынан таныс болды.
Қазір сіздің кәсіби салаңызда қандай қызық нәрселер болып жатыр, Қазақстандағы және әлемдегі трендтер қандай?
Қазір анағұрлым қуатты есептеу мүмкіндіктері арқасында күрделі есептеулер жүргізуге және үлкен деректерді талдауға болады. Пандемиядан кейін Қазақстанда, сондай-ақ бүкіл әлемде көптеген компаниялар деректерді талдау топтарын белсенді түрде құруда, бұл осы саланың мамандарын одан да сұранысқа ие етеді. Менің ойымша, ChatGPT сияқты үлкен тілдік модельдердің пайда болуымен назар бағдарламалау дағдыларын игеруден бизнес мәселелерін түсіну (яғни талдау) және олардың шешімдерін табу дағдыларын меңгеруге баса аударылды.
Дамиля, алдағы екі жылға қандай жоспарларыңыз бар?
Докторантураны аяқтап, статистика саласындағы зерттеулерімді жалғастыруды жоспарлап отырмын. Олар экологиялық қолданбалары бар кеңістіктік статистикаға бағытталған және мен климат пен Жер жүйелерін түсінуді жақсарту үшін статистикалық модельдерді дамытумен айналысып жатырмын. Сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін кең аудиторияға жеткізіп, мұны әлемдік аренада жасағым келеді.
YDL грантының қатысушылары мен үміткерлеріне қандай кеңес бере аласыз?
Белсенді болуға, сұрақтар қоюға және жаңа нәрселерді көруден қорықпауға кеңес беремін. Егер сіз жеңіске жетіп, YDL-де оқып жатсаңыз, YDL қатысушыларымен және оқытушыларымен (сонымен бірге басқа тұлғалармен) нетворкинг жүргізіңіз – жаңа кәсіби байланыстар орнатыңыз және оларға қолдау көрсетіңіз. Жаңа таныстар арқылы сіз күтпеген перспективалар ашылады.
Кәсіби қызығушылықтарыңыздан басқа қандай қызығушылықтарыңыз бар?
Бос уақытымда спортпен, әсіресе, бадминтонмен шұғылданғанды ұнатамын. Саяхаттауды және жаңа мәдениеттермен танысуды ұнатамын, сондықтан әлемді зерттеу мүмкіндігін жіберіп алмаймын. Қарапайым мысал: биыл мен Сауд Арабиясының барлық провинцияларына баруды мақсат етіп қойдым, қазір 13-тің 7-інде болдым.
18.07.24, Жетістік тарихы
Көру саны: 154