Аружан Ануарбекова
Мамандығы: молекулалық медицина. Тағылымдама: Lab Papathanasiou, Германия.
23 жаста қаржыландыруды ұтып алып, әлемнің үздік зертханаларының бірінде ғылыми тағылымдамадан қалай өтуге болады? Бұл сұраққа жауапты медицина мектебінің магистранты Аружаннан сұхбат барысында аламыз. Аружан Маңғыстау облысының тумасы, және бір жыл бұрын ол ғылыми тағылымдамалар байқауының 142 қатысушысының бірі болды. Аружан жай ғана өтінім беріп қана қоймай, бәсекеге мұқият дайындалып, Yessenov Foundation грантын жеңіп алды. Жас ғалым тағылымдамадан Германияның Майнц қаласындағы зертханада өтті.
Сіз бұл мамандықты қалай және неге таңдадыңыз?
Әрдайым адам биологиясы мен генетикаға қызығушылық танытатынмын, әсіресе бұл біздің ДНҚ-мен қалай байланысты екенін түсінгім келетін. Бірақ дәрігер болғым келмеді, себебі мен өте сезімтал адаммын, науқас адамдардың жанында болу менің психологиялық жағдайыма қалай әсер ететінін білмедім. Осылай зертханалық зерттеулермен айналысу арқылы шешімін таптым, бұл медицинаның бір бөлігі болып табылады. Кейінірек бұл менің дұрыс таңдау жасағанымды дәлелдеді.
Yessenov Foundation грантының иегері болу үшін өткен байқау қалай өтті?
Өте қызықты болды. Молекулалық биология бойынша білімді тексереді деп күткен едім, алайда тапсырмалар мен сұрақтар басқа салалардан болды. Әсіресе психологпен сұхбат есімде қалды – бұл менің өмірімдегі алғашқы осындай тәжірибе еді. Кейінірек мұндай іріктеу тапсырмаларының не үшін қажет екенін түсіндім. Нәтижелерді тағатсыздана күттім, қандай болатынын елестете алмадым.
Биылғы жылы өтінім беретіндерге қандай кеңес бересіз?
Зертхананы іздеуді ертерек бастау керек және де зертхана таңдағанда мүмкіндігінше көп факторларды ескеріңіз. Жарамды нұсқалар қалмайды деп қорықпаңыз – әрдайым өзіңізге сәйкес нұсқаны табуға болады, сіздің мақсатыңыз – ең жақсысын таңдау. Назар аударатын жайттар бар. Зертхананың өзекті зерттеулерге қаржыландыруы бар-жоғын біліңіз. Ғалымдардың соңғы жарияланымдарын қарап шығыңыз – олардың жетістіктерін және қазіргі уақытта не зерттеп жатқанын зерттеңіз. Зертханамен алдын ала не істейтініңізді талқылап алыңыз. Бұл шынайы эксперименттер бола ма, әлде тек күнделікті тапсырмалар ма. Зертханада құжаттарды рәсімдеуде HR-қолдауының қалай ұйымдастырылғанын біліңіз, себебі сізге көмек қажет болуы мүмкін. Осындай критерийлер өте көп. Сұрақтарыңыз болса, менімен байланысыңыз, әрқашан кеңестеріммен бөлісіп, жауап беруге дайынмын.
Тағылымдамаңыз қайда және қалай өтті?
Менің тағылымдамам Германияның Майнц қаласындағы Молекулалық биология институтындағы доктор Стаматис Папатанасиу зертханасында өтті. Бұл заманауи және керемет жабдықталған институт. Жетекшім мен команда өте тамаша болды –жолым болды деп айта аламын. Олар әрқашан қолдау көрсетіп, көмектесіп, позитивті атмосфера жасады. Әріптестерім менің келуім мен кетуіме орай мерекелік кештер ұйымдастырды. Өз идеяларымды іске асыруға және өз бетімше жұмыс істеуге мүмкіндік берілді, тіпті мен жұмыс істеген плазмидтерге де қаржы бөлді. Менің жобамның жетекшісі доктор Руксандра Ламбута болды, ол мені үйретіп, зертханада қалай жұмыс істеу керектігін көрсетті. Менде дербес оқыту болды десем де болады.
Сіздің зерттеуіңіздің мәні неде?
Қарапайым тілмен түсіндіруге тырысамын. Адам ағзасында жасушалардың саны өте көп және олар үнемі бөлініп отырады. Осы процесс барысында кейде қателіктер орын алады. Мысалы, хромосомаларымыздың кейбір бөліктері өздерінің «үйін» салып, жеке ядро құрады, біз оны микроядро деп атаймыз. Бұл хромосомалардағы гендер өз функциясын дұрыс орындай алмайды. Енді маңызды бір ген, мысалы, біздің ағзамызды қатерлі ісіктен қорғайтын негізгі ген p53 осындай микроядрода болса, не болатынын елестетіңіз. Егер p53 өз қызметін орындай алмаса жасуша мен ағзаға не болады? Мен дәл осы сұрақты зерттедім.
Үш айлық тағылымдамада қандай нәтижеге қол жеткіздіңіз?
Көп нәрсені үйрендім және бірнеше маңызды сабақ алдым. Біріншіден, өзіңе және қабілеттеріңе сену маңызды. Шетелде жұмыс істеп, әріптестерімнің мақтауын алған кезде, өзіме деген сенімім артты. Әсіресе зертханадан магистратураны аяқтаған соң сол жерде жұмыс жасауға шақырту алу жағымды жаңалық болды. Лабораториялық дағдылар, әрине, маңызды, бірақ идеяларды талдау және түрлендіру қабілеті одан да маңызды екенін түсіндім. Ғылыми жетекшім айтқандай, зертханалық әдістерді меңгеру қиын емес, бірақ сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерді дамыту – ғылымда жетістікке жетудің кілті. Қиын сәттерден, бәлкім, қаланың өзін айтқан жөн. Германиядағы шағын қалада өмір сүріп, жұмыс істедім, онда демалыс орындары болмады. Тағы бір кеңес: ұзақ уақытқа өмір сүруге орын таңдағанда, қаланың атмосферасы мен демалыс мүмкіндіктерін ескеріңіз. Майнц демалысқа арналған қала емес екен.:)
Қандай жеке қызығушылықтарыңыз бар?
Жақын уақытқа дейін студенттік театр-шығармашылық ұйымы “Kazakh Stage” құрамында болдым. Театр атмосферасын, қойылымдарды жақсы көремін, қойылымдарға қатыстым. Енді өзімді басқа нәрсеге арнауға шешім қабылдадым. Қазіргі таңда ізденістемін. Бос уақытымда кітап оқығанды, жазғанды және корей дорамаларын көргенді ұнатамын – олардан ерекше, жағымды әсер аламын. Спортпен айналыспаймын, бірақ созылумен айналысамын және көбірек жаяу жүруге тырысамын.
Қазір қайдасыз, немен айналысып жатырсыз және болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
Астанада магистратураны аяқтаудамын. Қазіргі уақытта жобам бойынша әдебиетке шолу жазып жатырмын және жақында оның зертханалық бөліміне кірісемін. Генетикалық манипуляциялар арқылы қатерлі ісік жасушаларының химиотерапияға жауап беру мүмкіндіктерін жақсарту жолдарын зерттеймін және жақсы нәтижеге қол жеткізуге үміттенемін. Доктор Марина Кряжевскаямен жұмыс істеймін, ол менің ғылыми жетекшім. Университетті аяқтаған соң оқуды әрі жұмысты жалғастырамын, өз саламда тәжірибе жинақтаймын.
22.11.24, Жетістік тарихы
Көру саны: 90