Алтынай Ельгундинова-Байлина
Мамандығы: биологиялық және сабақтас ғылымдар. Есенов атындағы шәкіртақы иегері.
Сейфуллин ат. агротехникалық зерттеу университеті мен Nazarbayev University түлегі бала кезінен-ақ медицинаға қызығушылық танытқан. Кейін оның жолында үлкенді-кішілі талай жеңіс болды, соның ішінде 2024 жылы иеленген Есенов атындағы шәкіртақы да бар. Бүгінде жас қазақстандық ғалым Гонконгтағы әлемнің үздік медициналық мектептерінің бірінің есігін қағуға жақын. Yessenov Foundation бағдарламасының бенефициары бұл биік белеске қалай жеткені жайлы әңгімелеп береді.
Мамандықты таңдау
Мектепке бармас бұрын бір жылға жуық тубдиспансерде жаттым. Ол кезде небәрі 5 жаста едім. Аурухананың ұзын дәліздерін кезіп жүріп, бірде фармацевттің кабинетіне тап болдым. Ол кісі маған ерекше мейірімділік танытып, науқастарға арналған дәрі-дәрмектердің қалай дайындалатынын бақылауға рұқсат берді. Аскорбин қышқылын үлестірудің өзі маған аса маңызды іс болып көрінетін. Сол күнді ғылыммен алғашқы кездесуім деп есептеймін. Кейін НЗМ қабырғасында биология ғылымына терең бойладым. Бұл мен үшін жаңа бір әлемнің – жасушалық биотехнологиялар әлемінің есігін ашты. Бакалавриатта оқып жүріп АҚШ, Польша және Қазақстандағы зертханаларда тағылымдамадан өттім. Ал магистратураға Nazarbayev University-ге түсіп, қоғамдық денсаулық сақтау (Master of Public Health) мамандығын таңдадым.
Yessenov Foundation шәкіртақы байқауы
Yessenov Foundation туралы алғаш рет 2021 жылы әлеуметтік желілер арқылы білдім. Бірден парақшасына жазылып, ұсынатын мүмкіндіктерін мұқият зерттедім. Сол жылы-ақ Шахмардан Есенов атындағы шәкіртақыға өтінім беріп көрдім, алайда іріктеуден өте алмадым. Осы аралықта менің айналамдағы көптеген жастар Yessenov Data Lab, Yessenov Launch Pad және қордың ғылыми тағылымдамалары сияқты бағдарламаларда жеңіске жетіп жатты. 2024 жылы Жамбыл облысы, Отар елді мекенінде орналасқан Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ұлттық ғылыми-зерттеу институтындағы тағылымдамама қаржылық қолдау іздедім. Сол сәтте Есенов қорының шәкіртақы байқауына қайтадан қатысуға бел будым. Өйткені осы уақыт ішінде түйіндемемді айтарлықтай күшейтіп үлгерген едім. Жеңімпаздар тізімінен өз атымды көрген сәттегі қуанышымды сөзбен жеткізу қиын.
Өтінім қабылдау басталмай тұрып-ақ дайындықты екі ай бұрын қолға алдым. Барлық құжаттарым алдын ала әзір болды, ал ұсыным хатты Краков университетінде оқыған кезімдегі тәжірибемнің арқасында поляк профессоры жазып берді. Эссені бірнеше рет қайта жазуыма тура келді, ойымдағының бәрін бір мәтінге сыйғызу оңай болған жоқ. Ол кезеңде нағыз «жетістік қуған» режимде жүрдім: тағылымдамалар тым көп еді, алған тәжірибемді саралап, тыныс алуға да уақыт тапшы болды. Дәл осы эссе мені бір сәтке тоқтап, өз жолыма ой жүгіртуге мәжбүр етті, ішкі дүниеме үңілуге көмектесті. Сол кезде медицинаны таңдаған бағытым ретінде жалғастырғым келетінін нақты түсіндім.
Ең есте қалған кезең – сұхбат болды. Қатты уайымдап, мазам қашты, тіпті ұйықтай алмадым. Топтық сұхбаттан алғаш рет өтіп жатқандықтан, бір мезетте әрі сұхбат алушы, әрі үміткер боламын деп мүлде күтпедім. Басқа қатысушыларды ашып көрсетуге, оларды тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін сұрақтар қоюға тырыстым, өзімді іріктеу жүргізіп отырғандай сезіндім. Бұл да мен үшін күтпеген әрі өте пайдалы тәжірибе болды.
Yessenov Foundation байқауына қатысушыларға лайфхактар
Байқау ережелерімен алғаш танысқанда, мен сияқты сіз де өтінім беру оңай деп ойлауыңыз мүмкін. Алайда дәл осындай жеңіл көзқарас менің алғашқы талпынысымда жеңіске жетуіме кедергі болды деп есептеймін. Ол кезде түйіндемемде тәжірибе аз еді, ал эсседе тереңдік жетіспеді. Эссе тек сіздің жетістіктеріңіз бен ғылыми қызығушылықтарыңызды тізіп шығумен шектелмеуі керек. Онда ең алдымен өзіңізді ашу маңызды. Қор сарапшылары жазбаша жұмысыңыздың артынан тірі, ойлай алатын тұлғаны көруі тиіс. Сондықтан дайындықты ертерек бастап, өзіңіздің шынайы болмысыңызды көрсетуге тырысыңыз.
Қазіргі белес
Жуырда ғана зертханада тағылымдамамды аяқтадым, онда anti-CRISPR ақуызының синтезін оңтайландырумен айналыстым. Қазіргі таңда іргелі ғылымды дамыту аса маңызды деп сенемін және өз болашағымды дәл осы бағытпен байланыстырғым келеді. Жақында қолымдағы ынтымақтастық туралы ұсыныспен Гонконгқа қоныс аудардым. Қазіргі уақытта ғылыми жетекшімен келіссөздер жүргізіп жатырмын. Әңгіме әлемдегі ең үздік медициналық мектептердің бірі — Hong Kong University Li Ka Shing Faculty of Medicine аясындағы жұмыс, оқу және ғылыми зерттеулер туралы болып отыр. Алдағы уақытта докторантураға түсуді жоспарлаймын. Мені әсіресе иммунология мен жасушалық терапия саласындағы зерттеулер қызықтырады.
Балалық шақтан қалған естеліктер
Мені негізінен әжем мен әпкем тәрбиеледі. Біз күн сайын жаңылтпаш жаттап, қазақ ертегілерін оқитынбыз. Ал кешке сол оқығандарымның бәрін ата-анама қайтадан әңгімелеп беретінмін. Отбасымызбен бірге өткізген сол бір жылы кештерді әрдайым сағынышпен еске аламын: шағын қойылымдар қойып, ән айтып, бір-бірімізге қуаныш сыйлайтынбыз. Ол сәттер менің жадымда ерекше жылулықпен сақталып қалды.
Бос уақыттағы өмірім
Блог жүргіземін. Уақытым болған сайын жас қыз-келіншектермен пайдалы академиялық мүмкіндіктермен бөлісемін. Қазір ғылымда әйелдер саны артып келеді, бірақ бұрын олардың үлесі өте аз болатын. Сол себепті ғылымда биік мақсаттарға ұмтылатын, көпке қол жеткізгісі келетін қазақстандық қыздар үшін үлгі болғым келеді. Сондай-ақ крав-магамен айналысамын, бұл өз-өзіңе деген сенімді арттырып, қауіпсіздік сезімін береді. Жалпы спорт — бұл тәртіп. Ол ойды жинақтауға көмектесіп, төзімділікті арттырады. Өйткені кейде зертханада бір қалыпта сағаттап жұмыс істеуге тура келеді. Менде өзін-өзі қорғау бойынша жаттықтырушы сертификаты бар, осы уақытқа дейін бірнеше жүздеген қызға өзін-өзі қорғау тәсілдерін үйреттім.
20.01.26, Жетістік тарихы, Жаңалықтар
Көру саны: 5

