Аида Байбусунова

Мамандығы: медицина. Тағылымдама: Harvard Medical School, АҚШ.

Yessenov Foundation-ның «Әлем зертханаларындағы ғылыми тағылымдамалар» бағдарламасының жеңімпазы Аида Байбусунова Қостанай қаласының тумасы. Қазіргі таңда 24 жастағы жас ғалым «Астана медициналық университетінде» дәрігер-интерн болып қызмет атқарады. Бостонда болсын, Сеулде ме, әлде Рим не Токиода жүрсе де – Аида әрқашан оқуға ұмтылады. Оның ойынша, ең бастысы – ұсақ детальдар. Неге десеңіз? Себебі ғылымдағы үлкен жаңалық көбіне көзге еленбейтіндей ұсақ жайттардың жиынтығынан бастау алады. Жас қазақстандық ғалымның осы тәжірибесі сіз үшін де құнды болары сөзсіз.

Неге медицина?
Ес білгелі бір-ақ нәрсеге сенімді болдым: дәрігер боламын дегенге. Адамның білімі мен қолы өзге біреудің тағдырын өзгерте алатыны маған әрқашан ғажайып көрінетін. Науқастармен жұмыс істеу тәжірибем мен алғашқы зерттеулерім медицина – тек мамандық емес, ғылым мен адамгершілікті ұштастыратын өмір салты екенін дәлелдеді.

Shakhmardan Yessenov Foundation тағылымдамасынан өту байқауы
Өзіңді сынау үдерісі нағыз сұхбат сияқты болды: күтпеген сұрақтарға жылдам жауап беруге, тез бағдар алуға тура келді. Бірақ дәл осы сәттер мені ашып көрсетті. Маған әсіресе ұнағаны – дайын жауапты емес, істеген ісіңді шын мәнінде түсіну мен оған деген ықыласты талап ететін сауалдар қойылды. Бұл байқау мен үшін тек жетістіктерімді ғана емес, ішкі мотивациямды да көрсетудің ерекше мүмкіндігі болды.

Неліктен мен жеңіске жеттім?
Менің ойымша, мұнда шынайылығым рөл атқарды. Себебі «түйіндемеме бір жол қосу» үшін емес, қызықтырған саламның дамуына шын мәнінде үлес қосу мүмкіндігі үшін келдім. Өтінім беріп, байқауға дайындалып жүргендерге айтарым мынау: шынайы болыңыздар, жеке көзқарастарыңызды ашық айтыңыздар, бастамашылдықтан қорықпаңыздар. Дәл осы қасиет сізге тағылымдаманың өзіңізге лайықты орнын табуға көмектеседі.

Ал Yessenov Foundation бағдарламасының жеңімпаздарына айтар кеңесім – конференциялар мен ғылыми семинарларды барынша пайдалану. Өйткені ең құнды байланыстар сол жерде орнатылады. Бірнеше зертханаға қатар жазып, тек өз күшті жақтарыңыз жайлы ғана емес, үйренгіңіз келетін нәрселер туралы да ашық айтуға дайын болыңыздар. Сондай-ақ, жұмысыңыздың адамдар үшін неге маңызды екенін түсіндіре білуіңіз қажет. Есіңізде болсын: ғылым формалдылықтан гөрі шынайылық пен табандылықты жоғары бағалайды.

Зертхана іздеу. Неге Гарвард?
Онкологиямен және ерте диагностикалау әдістерімен айналысқым келді. Осы бағыттағы ғылыми жарияланымдарды оқып, профессорларға хат жаздым, сұхбаттардан өттім. Алты шақыртудың ішінде (оның ішінде Broad Institute, MIT/Harvard) Гарвард медицина мектебіндегі профессор Хак Су Чойдың жетекшілігімен жүзеге асатын BENMD бағдарламасы ерекше көзге түсті. Себебі онда инновациялар мен клиникалық бағыт үйлесімді тоғысқан еді. Жауап бірден келді, мұны өз мүддем мен зертхана мүмкіндіктерінің толық сәйкес келгенінің белгісі ретінде қабылдадым.

Қандай бағытта жұмыс істедім?
Гарвардта сүт безі обырын бейнелеу әдістерін әзірлеу және қолданумен айналыстым. Бұл жұмыс аналитикалық химия, биохимия, радиология және хирургияны біріктірген кешенді зерттеу болды. Негізгі мақсат – хирург үшін ісікті нақты уақыт режимінде «көрінетін» ету және осы тәсілді нейродегенеративті ауруларды диагностикалауға қолдану. Екі гипотезам расталды, бұл мен үшін ерекше шабыт сыйлаған сәт болды. Зертханадағы атмосфера да бірегей еді: кез келген идея дереу тәжірибеде сыналып көрілді. Бүгін ойыңызды айтсаңыз, ертең-ақ оны тексересіз. Осындай қарқынның арқасында мұнда жаңалықтар күн сайын дүниеге келіп жатқандай әсер қалдыратын. Жұмыс нәтижесінде бірнеше жоба жүзеге асырылды, олардың қорытындылары алдағы уақытта Nature Chemistry және Science Translational Medicine секілді беделді ғылыми журналдарда жарияланбақ.

Америкада нені үйрендім?
Зертханада 5 жобаға қатыстым, 6 ғылыми мақалаға үлес қостым, 3 рет ірі баяндамамен сөз сөйледім, 14 зерттеу протоколын әзірледім және зертхана қызметкерлері мен коллабораторларымен 10 кездесу өткіздім. Сондай-ақ, Гарвард медицина мектебінде өткен иммунология конференциясына қатысып, әртүрлі университет пен ғылыми топтың ғалымдарымен таныстым.

Негізгі жобада маған тұтас бір қосылыстар тобын сипаттау міндеті жүктелді. Ол үшін MATLAB пен Python бағдарламаларын қолдандым, себебі олардың адам ағзасымен нақты өзара әрекеті әлі толық зерттелмеген. Ал басқа жобада физикадан алған біліміме сүйеніп, Фиктің екінші заңын қолдануға тура келді.

Профессорымнан өте көп нәрсені үйрендім. Бұл тек ғылым мен жұмыс жайлы емес, еңбек пен тынығудың үйлесімін сақтауды, күшті тиімді бөлу мен басымдықтарды дұрыс қоюды да қамтиды. Мен қатысқан жобалар онкологиялық ауруларды хирургиялық жолмен емдеуді жетілдіруге айтарлықтай үлес қосады деп сенемін. Ал Альцгеймер ауруына қатысты жоба жаңа терапия түрін ұсынады. Тағылымдаманың басты жетістіктерінің бірі – осы дертпен байланысты бүйректің жедел зақымдануына қатысты гипотезаның расталуы болды.

Жаңа жеңімпаздарға арналған лайфхактар
Біріншіден, тағылымдамадан өтетін орынды және ғылыми жетекшіні іздеу – бұл екіжақты үдеріс екенін ұмытпаңыздар. Барлық «артықшылық» пен «кемшілікті» таразылап, өзіңіз үшін ең қолайлы нұсқаны таңдауға құқылысыздар. Университеттегі таныстарға ғана сеніп қоймай, қызықтырған саладағы профессорларға өз бетіңізше хат жазуға кеңес беремін. Әңгімелесуден қорықпаңыздар. Көптеген тағылымдама жеңімпаздарының жолы қарапайым хаттан басталған: қызығушылығыңыз, идеяларыңыз және тәжірибеңіз жайлы жазыңыздар. Кейде ең маңызды шешім – «жіберу» батырмасын басу ғана.

Екіншіден, күшті дұрыс бөле біліңіздер. Ғылым – спринт емес, марафонға ұқсайды. Бұл өте ұзақ қашықтық, ал егер тоқтаусыз жүре берсеңіз, мәреге жетпей-ақ шаршап қалуыңыз мүмкін. Баланс – ұйқы, дене белсенділігі, шығармашылыққа және жақындарыңызға арнаған уақыт – бұл «шығын емес», жаңа жаңалықтарға жанармай.

Үшіншіден, тек ресми жетекшіні ғана емес, нағыз менторды іздеңіздер. Жетекші тапсырма беріп, нәтижені сұратады, ал ментор ғылым хаосынан өтіп, өзіңізді жоғалтпай жол табуға үйретеді. Әрі ол әрқашан зертхана басшысы бола бермейді.

Бүгін және ертең
Қазір Гарвард зертханасындағы жобаларға және тағылымдама нәтижелері бойынша мақалаларға қашықтан атсалысуды жалғастырып келемін. Гарвардтан кейін Римдегі La Sapienza университетінде білім алуға мүмкіндік туды, бұл мен үшін жаңа академиялық әрі мәдени тәжірибе болды. Жақында Сеул ұлттық университетінен шақырылған зерттеуші ретінде оралып, нанобөлшектерді, соның ішінде терапияға арналған мРНҚ-конструкцияларын зерттеуді жалғастырдым. Осының бәрі маған кәсіби біліммен қатар, қай академиялық мәдениет пен инфрақұрылым менің мүддеме және өмірлік ұстанымдарыма көбірек сәйкес келетінін түсінуге мүмкіндік берді. Қазір 2026 жылы басталатын докторантураға түсу үшін сұхбаттардан өтіп жатырмын.

Ғылымнан тыс
Көп жылдан бері бейнелеу өнерімен және мүсінмен айналысамын, сондықтан өнердің әртүрлі қырлары мен үшін ерекше мәнге ие. Мысалы, жақында корей суретшісі Чун Кён Джа көрмесіне бардым – оның еңбектері түстердің батылдығымен әрі эмоциялардың тереңдігімен қатты әсер қалдырды. Өнер тарихына және сәулетке деген қызығушылығым жұмысқа деген көзқарасыма да ықпал етеді: ол жақта да, ғылымда да композиция мен үйлесім басты орында. Соңғы үш жылда 14 елде болдым. Маған саяхат – жай ғана демалыс емес, шабыттың қайнар көзі. Әр жаңа мәдениеттен жаңа идея табамын: мысалы, Жапонияда мені жапондардың ұсақ-түйекке деген мұқияттылығы таңғалдырды – мейлі ол ғибадатхананың қатаң симметриялы сәулеті болсын, мейлі шай құю рәсімі болсын.

21.10.25, Жетістік тарихы, Жаңалықтар

Көру саны: 577