YDL – ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ДЕРЕКТЕРДІ ТАЛДАУ БОЙЫНША ЕҢ ҮЗДІК МЕКТЕП

Алматы қаласында деректерді талдаушыларға арналған Yessenov Data Lab (YDL) білім беру интенсиві жетінші рет өтті. Жазғы мектептің бастамашысы – қазақстандық кәсіпкер әрі меценат Ғалымжан Есенов. Жобаны Shakhmardan Yessenov Foundation ғылыми-білім беру қоры AlmaU университетімен серіктестікте ұйымдастырды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен өтінім берген 159 қатысушының арасынан іріктелген 19 жеңімпаз төрт апта бойы вайб-кодингтің, машиналық оқытудың, үлкен тілдік модельдер (LLM) мен табиғи тілді өңдеудің (NLP) теориясы мен тәжірибесін меңгеріп, сондай-ақ ЖИ-агенттерді әзірлеуді үйренді.

YDL қатысушылары GPT, Claude және Jupyter Notebook сияқты заманауи құралдармен жұмыс істеді. Олар деректерді талдаудың теориясы мен тәжірибесін меңгеріп, нақты деректер негізінде жобалар әзірледі және өздерінің ЖИ-агенттерін жасады. Бағдарламаның алғашқы екі аптасы онлайн форматта өтті. Сабақтарды белгілі қазақстандық профессорлар, ғылым докторлары Қуаныш Абешев пен Тимур Бакибаев жүргізді. Олар сондай-ақ YDL оқу бағдарламасының авторлары. Бағдарламаның соңғы екі аптасында шақырылған сарапшы-лекторлар Карл Иллюстриссимо (АҚШ) мен Саед Хуссейн (Ұлыбритания) AlmaU университетінде офлайн дәрістер оқыды.

Yessenov Foundation бағдарламалар менеджері Григорий Ли қордың дәстүрлі түрде студенттердің жол ақысын, оқуын, тұруы мен тамақтануын толық қаржыландырғанын, сондай-ақ барлық қатысушылар мен оқытушылар үшін Алматы тауларында тимбилдинг ұйымдастырғанын атап өтті.

Shakhmardan Yessenov Foundation қорының құрылтайшысы Ғалымжан Есенов YDL жетінші жазғы мектебінің қорытындысы туралы өз пікірімен бөлісті:
— Бұған дейінгі әрбір түлек ой-өрісінің кеңдігін және тиімді жұмыс істей алатынын дәлелдеді. Биылғы түлектер де олардан еш кем емес. YDL бағдарламасынан өткеннен кейін олар жұмыс іздейтін мамандар емес, керісінше жұмыс берушілер өздері іздейтін мамандарға айналды. Бұл – қорымыз үшін де, олардың өздері үшін де, еліміз үшін де алға жасалған қадам.

Қорытындылар:

  • Деректерді талдау саласындағы 19 жаңа маман бүгінде жалпы саны 130-дан асатын YDL түлектері қауымдастығының қатарына қосылды.
  • Бағдарлама жеңімпаздарының қатарында Қазақстанның әртүрлі қалаларындағы 28 жоғары оқу орнынан 30-дан астам мамандық бойынша білім алып жүрген студенттер мен жас зерттеушілер бар.
  • Биылғы мектеп бағдарламасы қатысушыларға үлкен деректерді талдау, машиналық оқыту және тілдік модельдермен жұмыс істеу дағдыларын меңгеруге, сондай-ақ ЖИ-агенттерді әзірлеуді үйренуге мүмкіндік берді.

 

Ал Yessenov Data Lab студенттері бұл мектеп туралы не дейді?

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің магистранты Ізбасар Орынбасар (мамандығы: бағдарламалық инженерия):
— Мектепте меңгерген технологияларды, әсіресе компьютерлік көру технологияларын өзім жұмыс істейтін SmartCity жобасында қолданатын боламын. Үлкен тілдік модельдерді, RAG жүйелерін және ЖИ-агенттерді әзірлеуді меңгергеннен кейін жұмысымды қазірдің өзінде оңтайландырып, әлдеқайда тиімді ете аламын. YDL менің кәсіби дамуыма берік негіз қалады.

Шарджадағы Америка университетінің бакалавриат студенті Зинат Абдукаримова (экономика):
— Өмірімде бетбұрыс болған деуге болатын бірнеше маңызды оқиға болды, солардың бірі – YDL. Бұл мектеп менің болашаққа деген жоспарларым мен бағытымды түбегейлі өзгертті. Мен мүлде басқа сала – экономикадан келдім. Мұндағы жаңа ақпараттың көптігінен, кейде басым жарылып кететін. Қазір өте ауқымды жобаны қолға алуды жоспарлап жүрмін. Оған машиналық оқытуды енгізгім келеді. Жобаның мәні – спутниктік суреттердің көмегімен Сахараның оңтүстігіндегі Африка өңірлерінің экономикалық дамуын бақылау.

Роза Кенжебекова, Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институтының ғылыми қызметкері:
— Ш. Есенов қоры ұйымдастырған мектеп маған деректер ғылымы, машиналық оқыту және LLM салалары бойынша терең білім берді. Бағдарламада тәжірибе өте көп болды: біз өткен теорияны үнемі практика жүзінде бекітіп отырдық. Күні бойы модельдерді бағдарламалап, нейрондық желілердің жұмысын тереңірек зерделедік. Мен – биологпын, енді машиналық оқыту модельдерін биологиялық деректерді талдау үшін пайдалана аламын. Бұл академиялық мансабымның дамуына үлкен серпін береді деп ойлаймын.

Осылайша, Yessenov Foundation қоры 2018 жылдан бері ұйымдастырып келе жатқан Yessenov Data Lab (YDL) биыл тағы 19 деректерді талдау маманын даярлап, Қазақстандағы Data Science пен машиналық оқыту саласындағы жетекші білім беру алаңдарының бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді.

14.07.26, Жаңалықтар, Жаңалықтар

Көру саны: 6

Другие новости