Тамирлан Сейдахметов

22 жаста, Тараздық, Nazarbayev University студенті. 2014 жылдың жаз айында Калифорнияның технологиялық California Institute of Technology оқу орнында ғылыми машықтанудан өтті.

1. Неліктен химиялық инженерияны таңдадыңыз?

Мектеп кезінде физикаға өте қатты қызығатынмын.  Алайда ер жете келе қолданбалы ғылыммен айналысамын деп шешім қабылдадым, себебі ондағы теориялық білімді өзекті мәселелерді шешуде қолдануға болады. Қазақстан табиғи қорларға бай екені бәрімізге мәлім, алайда мемлекетімізде осы табиғи қорларды өңдеуге қажетті мамандардың жетіспеушілік мәселесі артып тұр.  Мен кішкене болса да осы тапшылықтың орнын толтыруға қол ұшымды созсам деп едім, сондықтан да химиялық инженерияны таңдадым.

2. Машықтануға түсу үшін өткен байқау туралы айтып кетсеңіз?

Байқау жайлы Назарбаев Университетінің Студенттерді кәсіптік бағдарлау және дамыту орталығынан білдім. Барлық құжаттарды жинастырдым, эссе жаздым және өтінім тапсырдым. Екінші кезең интерактивті түрде өтті – біз топ болып әр түрлі тапсырмаларды шештік, презентация жасадық, әрқайсымыз өз көзқарасымызды, пікірімізді дәлелдедік. Тапсырмалардың барлығы да өте қызықты әрі ерекше болып келді, бірақ кейде тіптен қиын да болды, өйткені мүлдем таныс емес адамдармен бір топта жұмыс жасауға тура келді.

3. Машықтанудың жалпы сіз үшін пайдасы, сонымен қатар қандай қызықты жайттар болды?

Үш айлық машықтану кезеңінде мен нанотехнология жайлы көптеген жаңа мағлұмат алдым, жоғарғы технологиялық құрылғылармен жұмыс жасауды үйрендім.  Ең бастысы әлемнің үздік студенттерімен бәсекелесуге дайын екенімді өз-өзіме дәлелдедім.  Мен жергілікті мектеп мұғалімінің жанұясымен бірге тұрдым; біз әр түрлі тақырыптарда – білім, шет елдегі өмір, спорт, саясат та жайлы әңгімелесетінбіз.  Софтбол ойнауды да үйрендім (бейсболдың бір түрі). Сан-Франциско, Сан-Диего, Вашингтон қалаларында болып, Нью Йоркті де көріп қайттым. АҚШ-тың бейбітшілік күнінде өткен ғаламат отшашу ұнады; бірінші рет сүйікті командам «Миланның» ағылшындық Ливерпулге қарсы ойнаған футбол жарысын тамашаладым. Бұл ұмытылмастай тамаша әсер қалдырды!

4. Машықтанудың нәтижесін қалай сипаттай аласыз?

Маған болашақ ғалым-тәжірибеші ретінде машықтанудан не алғанымды және не үйренгенімді саралап көрсеткенім ыңғайлы болады:

•  Зертханада алған баға жетпес тәжірибе,

•  Нанотехнология саласындағы білім,

•  Пайдалы байланыстар (Қазақстан мен АҚШ-тағы),

•  Өз біліміме және күшіме деген сенімділік,

•  Америка мәдениетімен таныстық.

13.10.17, Жетістік тарихы

Көру саны: 71