Ерқанат Қанафин

Мамандығы : химия бойынша жаратылыстану ғылымдары. Тағылымдама: The Open University, Ұлыбритания.

Степногорскдегі «Ұлттық биотехнология орталығының» 23 жастағы ғылыми қызметкері Ерқанаттың Британияда өткен тағылымдамасы 3 айдан астам уақытқа созылды. Бұл үлкен тәжірибелік жұмыстар өткізу қажеттілігінен туындады. Сонымен Біріккен Корольдікте академик Ш.Есенов атындағы ғылыми білім беру қорының грантында оқу барысында ол қандай жетістікке қол жеткізді ?

Сіздің өміріңізде химия пәніне деген қызығушылық қайдан пайда болды?
Химияға деген қызығушылығымды менің оқытушым – Рабиға Секербайқызы Мухамеди тудырды. Бұл менің өзімнің туған жерім Балқаштағы мектепте оқып жүрген кезім болатын. Тәлімгер ретінде ол барлық мүмкіндікті жасады және оқуды аяқтағаннан кейін Қарағандыдағы бір ғылыми ұйым туралы кеңес берді. Зертханада жұмыс істей жүріп мен ғылымның қаншалықты маңызды екенін түсініп, ғалым болуды шештім.

Ұлыбританияда тағылымдамадан өткен уақытта алған әсеріңіз?
Ұлыбритания — мен болған алғашқы батыс елі. Ол мәдениет және сәулет құрылысы жағынан ТМД елдерінен ерекшеленіп тұрады. Британдықтар маған асықпайтын, еркін адамдар ретінде көрінді. Жұмыстан ерте шығып кетіп, ұзақ әңгімелесіп жүре береді. Бұл мені таңғалдырды. Алайда, бұл олардың нәтижелі жұмыс жасауына кедергі келтірмейді, өйткені олар тиімді жоспарлау жағынан табысқа жеткен. Және сол елдегі жоғары дамыған инфрақұрылымды атап өтуге болады, бұл маған ғылыми жобамды жүзеге асыруда көп көмектесті.

Тағылымдама уақытында неге қол жеткіздіңіз?
Мен химияның материалдар мен катализ саласындағы сарапшысы доктор Саймон Коллинсонның басшылығында жұмыс жасадым. Әлем таныған ғалымның қарамағында жұмыс істеудің қандай маңызды екенін түсіндім. Тағылымдаманың арқасында мен заманауи жабдықтар— спектрометрлер, микроскоптар және хроматографтармен жұмыс істеу бойынша тәжірибемді молайттым. Біз тағам қалдықтарынан биодизель өндіру үшін биокатализатор әзірлеумен айналыстық. Соның нәтижесінде оң нәтижелерге: соңғы өнімді алу реакциясын жылдамдатуға қол жеткіздік, алайда процесс әлі де болса пысықтауды талап етеді. Қалдықтарды кәдеге жарату және жасыл энергетиканы дамыту үшін жобаның тәжірибелік маңызы зор. Тағылымдама уақытында мен орындалған жұмыстар туралы апта сайын ауызша есеп беріп отырдым, ал тағылымданың соңында жалпы жоба бойынша тұсаукесер жасадым. Жұмыс уақытында әр кезеңде көптеген қиындықтарға кездестім, бірақ барлығын мерзімінде аяқтай алдым. Сондықтан тайм-менеджмент саласында ысылдым деп ойлаймын. Және ағылшын тілін меңгеру деңгейім жақсарды. Жұмыстан бос уақытта көптеген қызықты, көрікті орындарды , әрине Лондонды аралауға мүмкіндік болды.

Алдағы мақсатыңыз?
Менің үш қазақстандық зертханада жұмыс тәжірибем бар, британ зертханасында жұмыс істеуге де қол жеткіздім. Тағылымдамадан кейін менің болашағым өзіме айқын болды деп айтуыма болады. Қазақстанға келгеннен кейін «Ұлттық биотехнология орталығындағы» жұмысымды жалғастырдым, қызметім жоғарылап, кен өндіру саласы үшін технология әзірлеу жобасында жұмыс істедім. 2019 жылдың жазынан бастап Қазақстанның астанасында Chemical & Materials Engineering мамандығы бойынша докторантурада білім алудамын. Оқу 4 жылға созылады.

3.07.18, Жетістік тарихы

Көру саны: 72