Әсел Дмитриева

Қордың грант алушысы Әсел ғылыми машықтанудан 2016 жылдың жазында АҚШ-тың MIT-дегі Intelligent Transportation Systems laboratory зертханасында өтті. Жас ғалым Қазақ-британ техникалық университетінің студенті.

1.    Қыз балалар арасында сирек кездесетін осындай мамандықты таңдағаныңыз қалай болғаны?
Мамындықты таңдағанда мектепте жинақтаған тәжірибеме бет бұрдым. Бес жасымнан бастап әкем екеуміз шахмат ойнай бастадық. Ата-анам менің аналитикалық тапсырмаларды орындауға қызығушылығымды байқаған екен. Бұл үшін, әрине, оларға ризамын. Төрт жыл техникалық лицейде оқыдым, одан соң Республикалық физика-математика мектебіне түстім. Информатикадан олимпиада резервінде бола отырып қызықты мәселелерді шешу үшін бағдарлама жазуды үйрендім. Осы кезде болашақта да осы бағытты ұстану керектігі анық көрінді. Сонымен математикалық және компьютерлік мдельдеуді таңдадым.

2.    Машықтануға түсу үшін өткен байқау туралы айтып кетсеңіз?
Ең қызықтысы бұл «байқауға не үшін қатысамын» деген мақсатымның мәнін түсініп, сөз жүзінде қалыптастыру болды. Бакалавриаттың соңғы курсында оқып жүріп өзіңе әрдайым «студенттік шағымда не туралы үйрендім деген» сауалды қоя бересің. Сондықтан-да студенттік шақты мейлінше пайдалы өткізіп, білім алу ушін кез-келген мүмкіндіктерді реті келіп тұрғанда пайдаланып қалу керек. Қордың бағдарламасы жақсы мүмкіндік екенін уақыт пен тәжірибенің өзі дәлелдеді.

3.    Сіз өткен машықтану туралы айтып кетсеңіз?
Мен MIT-де ғылыми қызметкер болдым. Ал менің жетекшім – зияткерлік тасымалдау жүйесі зертханасының директоры, профессор Моше Бен-Акиваның өзі болды. Мен қызметі бойынша біріктірілген SimMobility атты жол қозғалысы симуляторына арналған беталыс үлгілерін зерттеп, жазумен айналыстым. Қарапайым тілмен айтсам, ауқымды статистикалық ақпарат негізінде трафиктегі көптеген баламаларының таңдауын болжадық. Мысалы, қала сыртына серуендеуге иә лекцияға жеке немесе қоғамдық көлікпен барудың баламасы мен т.с.с.  Осылайша көліктің қандай да бір тріне деген сұранысты, оның оңтайлы бағасы мен басқа да қырларын анықтауға болады. Маңызды ақпарат көзі болатын осындай математикалық модельдер жол жүрісін ұйымдастырудың бір бөлігі болуы керек.

4.    Машықтанудың нәтижесін қалай сипаттай аласыз?
Жұмысымыздың нәтижесінде біз Бостон қаласының көлік жүйесінің болжамалы үлгілерін жасадық. Жақын арада осыларды ретке келтіріп, Transportation Research Journal ғылыми басылымында шығуы керек. Сонымен бірге тағылымдама барысында бірнеше семинарларға қатысып та үлгердім. Мұнда дәрістерді өткізген әртүрлі саланың мамандарынан құнды мәлімет жинадым. Түскі ас кезінде маңдай алды ғалымдармен тіл табыстым. Жалпы қорытынды шығарсам, өткен машықтануда білімімді толықтырып, үлкен зерттеу тобында тиімді жұмыс істеуді үйрендім. Қазір мен осы зартханада қашықтықтан ғылыми қызметкер ретінде жұмысымды жалғастырудамын.  Қатарлас МІТ-ге магистратура оқуына құжаттарымды тапсырған едім; сұхбаттасуға шақыру алдым. Қол жетпейтіндей көрінетін мақсаттардың мүмкін екеніне осылайша көзім жетіп отыр!

29.10.17, Жетістік тарихы

Көру саны: 71